
Аталған бастама кәсіпкерлер мен кәсіпкерлікке ниетті азаматтарға қаржылай емес негізде кең көлемде қолдау көрсетуді көздейді. Аталған құралды жүзеге асыру міндеті еліміздің облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалалар мен елордада, сондай-ақ аудан орталықтарына барып қызмет көрсететін қаржылай емес қолдау операторына жүктелген.
– «Мен – кәсіпкер» жобасы екі негізгі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – «Кәсіпке бағыт» деп аталады. Бұл бағытта кәсіпкерлік қабілетті жетілдіру мақсатында қатысушыларға құзыреттіліктерді арттыру курстары мен бейіндік оқыту бағдарламалары ұсынылады. Мұнда бизнес жүргізудің негіздері, салықтық және заңдық талаптар, қаржы сауаттылығы мен нарықты талдау дағдылары қамтылады. Бұл бағытқа еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, яғни бизнес жүргізіп жүрген немесе енді бастағалы отырған кәсіпкерлер қатыса алады. Екінші бағыт әйелдер кәсіпкерлігіне арналған. Олардың кәсібін дамыту орталықтары бизнес бастағысы келетін немесе кәсібін дамытып жүрген нәзікжандыларға арналған кешенді қолдау көрсетеді. Нақты айтқанда, аталған орталық аясында кең ауқымды консультациялар, кәсіби және бизнес саласындағы оқыту курстары, соның ішінде дәстүрлі қолөнерге баулу, менторлық қызметтер көрсетіледі. Сондай-ақ кәсіпкер әйелдерге краудинвестинг, инвестиция тарту, грант немесе лизинг негізінде қаржыландыру көздерін іздестіру мен игеру бойынша арнайы оқыту ұйымдастырылады. Аталған қызметтер 18 жастан асқан әйел азаматтарға, сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысатын немесе өз ісін бастауға ниетті әйелдерге бағытталған. Әйелдердің кәсібін дамыту орталықтары нәзікжандыларға қажетті ақпарат пен кеңес бере отырып, оларды нақты нәтиже мен табысқа жетелейді, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев.
Облыстық кәсіпкерлер палатасымен жыл басынан бері кәсіпкерлерге заңдық, қаржылық, техникалық бағыттарда көптеген консультация беріліп, құжаттарды рәсімдеу, рұқсат алу, мемлекеттік сатып алуға қатысу, бизнес-жоспар әзірлеу секілді мәселелер бойынша іс жүзінде тиісті көмек көрсетілген. Әсіресе ауылдық жерлерде грант пен микрокредитке өтінім беру кезінде туындайтын техникалық және құжаттық кедергілер шешімін тауып келеді.
Дегенмен кейбір аудандағы кәсіпкерлер әлі де болса мемлекеттік сатып алуға қатысу механизмдеріне толыққанды қол жеткізе алмай отырғаны жасырын емес. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін облыстық палата алдағы уақытта оқыту курстарын көбейту, құқықтық сүйемелдеу қызметтерін күшейту және шалғай ауылдарға мобильді сервистік қолдау көрсету тетіктерін енгізуді қолға алған.
Айта кету керек, бүгінде облыста барлығы 106 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Кәсіпкерліктің дамуы нәтижесінде өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 1,5 триллион теңгенің өнімі өндірілген. Осылайша шағын және орта бизнес үлесі 25,9 пайызды, ал жалпы қосылған құн көлемі 837 миллион теңгені құраған.
Нұрболат АМАНБЕК.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді