«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әрбір еңбек адамы үшін сенімді қорған

Әрбір еңбек адамы үшін сенімді қорған
Ашық дереккөз
Астана қаласында жуырда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезі өтті. Бұл – елдегі кәсіподақ қозғалысының ең жоғары органы. Маңызды жиынға еліміздің барлық өңірінен жиналған делегаттар, салалық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, әлеуметтік әріптестер, халықаралық сарапшылар мен әлемнің қырыққа жуық елінен келген ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары, барлығы 300-ден астам адам қатысты.

Съезд жұмысы Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына арналған арнайы пошта маркасын айналымға енгізу салтанатымен басталды. Бұл марка кәсіподақ көшбасшыларының әлеуметтік қарым-қатынасты дамытуға, еңбек құқықтарын қорғауға қосқан үлесі мен ұрпақтар сабақтастығын бейнелейді.

Жиынды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ашып, бұл сәттің тарихи маңызына тоқталды.

«Бүгінгі іс-шара – өткенге тағзым, кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына үлес қосқан ондаған ұрпақтың өлшеусіз еңбегіне деген құрмет. Біз олардың ерлігіне бас иіп, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Қазақстан кәсіподақтары – әрбір еңбек адамы үшін сенімді қорған. Біз ынтымақ, әділдік пен орнықты дамуға деген берік сеніммен жаңа дәуірге аяқ бастық», – деп атап өтті төраға.

Съезде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице министрі Асқарбек Ертаев кәсіподақтардың азаматтық қоғам мен әлеуметтік әріптестіктің маңызды институты ретінде алатын орнын атап өтті.

«Қазақстан кәсіптік одақтары елдегі әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық өсімді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. 2,5 миллионнан астам жұмыскерді біріктіре отырып, олар еңбек құқықтарын қорғау мен еңбек жағдайын жақсарту жолында Үкіметтің сенімді серіктесіне айналды», – деді вице-министр.

Сонымен қатар Асқарбек Ертаев 2025 жылдың елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялануының маңыздылығына және саладағы әлеуметтік қарым-қатынасты одан әрі дамыту мен еңбек қатынастарын жаңғыртудың маңыздылығына да тоқталған болатын. Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің соңғы бес жылдағы қызметінің есебі.

Есепті Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жасады. Баяндамашы кәсіподақ қозғалысының ел ішіндегі басты жетістіктері, туындаған қиындықтар мен алдағы мақсаттар туралы тарата айтып берді.

«Бастысы – біз сенімді қайтардық. Осы бес жылдың ішінде кәсіподақтар өзгеру мен жаңғыру жолынан өтіп, ел ішінде де, халықаралық аренада да беделін қайта қалпына келтіре алды. Біз өзімізден бастадық: тыңдауды, біріктіруді үйрендік, қателік жасаудан қорықпадық. Бастауыш ұйымнан бастап орталық аппаратқа дейін нақты құрылым қалыптастырдық», – деді ол.

Сондай-ақ Сатыбалды Дәулеталин халықаралық бағыттағы жұмыстар жайында айта келе, бірқатар маңызды жетістіктерге тоқталды.

«Біз Қазақстанды әлемдік кәсіподақтар кеңістігіне қайта алып шықтық – бұл тек мәртебе үшін емес, нақты мүмкіндіктер үшін жасалды. Федерация мен әлеуметтік әріптестердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде Қазақстанда лайықты еңбекке қолдау көрсету жөніндегі Халықаралық Еңбек Ұйымының Жол картасы қабылданды. Бұл – Қазақстанның еңбек саласындағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айғағы. Еліміздің тарихында алғаш рет ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбо елімізге ресми сапармен келді, оның ең алғашқы кездесуі Кәсіподақтар федерациясымен өтті. Бұған қоса, Қазақстан Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына қайта мүше болып кірді. Федерация төрағасы Халықаралық Кәсіподақтар Конфедерациясы Бас кеңесінің мүшесі және Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің вице-президенті болып сайланды. Бұл – әлемдегі миллиондаған еңбек адамына әсер ететін шешімдерге ықпал етудің нақты тетігі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сондай-ақ ҚРКФ төрағасы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі мен Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы аясындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл интеграциялық құрылымдардың алаңдары Қазақстанның халықаралық кәсіподақтар қозғалысындағы беделін арттырып, елді ықпалды әріптес ретінде танытуға жол ашты. Кәсіподақ жұмысының басым бағыттарының бірі–еңбек дауларының алдын алу.

«Біз бұл саладағы жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерттік – реактивті әрекеттен жүйелі алдын алуға көштік. Күн сайынғы ахуалды бақылау жүйесін енгіздік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, еңбек сын тәуекелдері картасын жасадық. 1600-ден астам еңбек консультациялары өткізілді, 40 мыңнан аса адам оқудан өтті. «30 Еңбек елшісі» жобасы дәстүрлі тәсілдер нәтиже бермейтін жағдайларда ортақ шешім табуға көмектесіп жүр. Ең бастысы, кәсіподақтар қатысқан істердің 97 пайызында жұмысшылардың талаптары қабылданды», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Съезд жұмысы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің есебіндегі негізгі бағыттарды талқылаумен жалғасты. Пікірталасқа қатысушылар Федерация жұмысының тиімділігін ресми түрде мойындауды ұсынды. Алдымен «Қорғау» көмір өндірушілер салалық кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев Қарағанды облысындағы көмір саласы қызметкерлерінің атынан сөйлеп, Федерацияның заңнамалық саладағы жетістіктеріне тоқталды. Ал өз сөзінде Жамбыл облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы ұйымының төрағасы Ерлан Мағзымбеков кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету ісінің маңызын атап өтті.

«Кәсіподақтардың заң қызметі еңбеккерлердің құқықтарын қорғауда шешуші рөл атқарады. 2024 жылдың өзінде ғана 9 мыңнан астам құқықтық қызмет көрсетілді, кәсіподақ мүшелеріне 380 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. 2015 жылдан бері заңгерлік жұмыстың жалпы экономикалық тиімділігі 3 миллиард теңгеден асты», – деді ол.

Айта кету керек, аталған съезге Жамбыл облысынан білім, мәдениет, денсаулық сақтау, химия саласы және энергетика салаларынан барлығы 11 делегат сайланған болатын. Сонымен съезд күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі – Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасын сайлау болды.

Ашық дауыс беру нәтижесінде делегаттар бірауыздан Сатыбалды Дәулеталинді тағы бір мерзімге сайлап, еліміздегі ең ірі кәсіподақ ұйымына деген жоғары сенімін білдірді. Съезд жұмысының қорытындысы бойынша делегаттар Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының 2030 жылға дейінгі қызмет стратегиясын – «Өзгерістер дәуіріндегі әділетті еңбек: қорғау, даму, инновациялар» атты құжатты қабылдап, кәсіподақ қозғалысын дамытудың басым бағыттарын айқындаған қорытынды Қарарды бекітті.

Құжатта Қазақстан Республикасының Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформаларға қолдау білдірілді. Съезд аясында жаңартылған Бас кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

 

Бахтияр ҚАРАУЛОВ,

«Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы.

Тараз-Астана

Ұқсас жаңалықтар