
– Кітап – үлкен қазына. Бала күнімнен көркем шығарма оқуға құштар болдым. Өмірдің әр түрлі белестері бар. Тек қана демалыс, қалаған ісіңмен айналысудан тұрмайды. Өмірдің түрлі сынақтары мен қиындықтары кездеседі. Бірақ, сол сынақтарды жеңуіңе де оқыған кітабың мен тоқыған білімің көмектеседі. Мен қазақтың классик жазушылары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, беріректе Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртаза, Тынымбай Нұрмағанбетов, жерлестерім Қарауылбек Қазиев, Әлдихан Қалдыбаевтың шығармаларын өте көп оқыдым. Қазақтың басқа да белгілі ақындарының жырларына назар аударып, сусындадық. Ол шығармалардың баршасы маған күш, сенім мен серпіліс берді. Өмірімнің мәнді де мағыналы болуына көмектесті. Сол рухани байлықпен әлі күнге дейін сусындап келемін. Кітап мені жақсы әлемге жетелеп, темірқазықтай адастырмай алып келе жатыр. Осы күнге дейін шамамен 3 мыңға жуық кітап оқыған шығармын, – дейді ақсақал.
Молдахан қарияның бүкіл өмірі тек кітап оқудан тұрмайды. Ақсақал ауыл шаруашылығына қатысты білімін алған соң, кеңшарда ұзақ жылдар түрлі қызметтер атқарған. Кеңшарда есепші, қойма меңгерушісі, құрылыс бригадасының бригадирі, ферма меңгерушісі, шөп қоймасының меңгерушісі болып еңбек еткен. Былай қарап отырсаңыз, қолайлы, жақсы жерлерде жұмыс істеген. Соның барлығы білімнің, ізденістің арқасы екені анық.
Жұбайы Тілеукүл Ақанова екеуі 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріпті. Тілеукүл Мешітбайқызы да кітапқа құмар жан. Көзінің ашықтығы болар, осы 85 жасында өзі автобуспен Алматы қаласында тұратын балаларына барып келе береді екен. Апайдың кітаппен дос екеніне бір таңдансақ, осы қарттық жеңген жасында Алматыға өзі барып келе беретініне екі таңдандық. Ол өзінің отағасы туралы да айтып өтті.
«Молдахан өмірінде бір адам баласына ренжіп, бір адаммен сөзге келген емес. Үнемі сабырлы. Қандай істі болсын сабырмен шешеді. Қандай сәтте де қызбалыққа барып, күйіп-піспейді. Себебі, әр шаруаның ақылмен шешуге болатын жағы бар екенін жақсы біледі. Өмірінде талай кеңшар директорымен жұмыс істеді. Барлығымен сыйласып жүрді. Ұл-қыздарына да жақсы өнеге көрсетіп, өмірден түйген тағылымдарын айтып отырды. Немере-шөберелері де аталарының өсиетін естіп, тәрбиеленуде. Кеңшардың дамуына үлкен үлесін қосқан отағасы отбасымыздың ынтымағы мен бірлігіне де үнемі жақсы атсалысты. Балаларға тәрбие беру мәселесін менімен бірдей көтерді», – деді Тілеукүл Мешітбайқызы.
Бұл күнде абыз жасқа келген қос қарт Балуан Шолақ ауылының ажары. Бұл кісілерді бүкіл ауыл ардақтап, қазынаға балайды. Қолдарына алған баласы Ардақ пен келіні Мадина да алдарынан кесіп өтпей, құрмет тұтады.
«Осы ауылдық округіне әкім болып сайланғаныма үш жылдан асты. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан ауыл. Ақсақалдарымен де, орта және жас буынмен де бірлесіп жұмыс атқарып келеміз. Үш жылдан бері бұл округте бірде бір қылмыс тіркелген жоқ. Оған да осы Молдахан Тұтқабаев секілді абыз ақсақалдардың үлесі үлкен. Молдахан қарияның әлі күнге қолынан түсірмей кітап оқып жүретіні – жастарға үлгі. Жастар осы кісіден үлгі алып, кітапқа деген көзқарастарын арттырып жатыр. Жастардың алдыңғы толқыннан үйренері көп», – дейді Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі Данияр Сандыбаев.
Тоқсан жасында көркем шығармамен байланысын үзбеген Молдахан Тұтқабаев ақсақалдың ісі облыс тұрғындарына да оң әсер ететіні анық. Биыл облыс әкімінің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы жарияланғаны белгілі. Осы жобаның жүзеге асуына біз сипаттаған кейіпкер ақсақалдың үлкен үлес қосатыны жасырын емес.
Есет ДОСАЛЫ
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Кітапхана - өмір бойы білім беретін киелі шаңырақ
- Бүгін, 03:20
Зеңбірегін сүйреп, Берлинге жаяу жеткен жауынгер
- Бүгін, 03:15
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді