МӘМС: Табысы төмен және жұмыссыз азаматтардың жарнасын әкімдік төлейді
- author «Ақ жол»
- 19 шілде, 2025
- 167

– Ғайни Төленқызы, Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістердің маңызы қандай және олар халық үшін қандай мүмкіндіктер береді?
– Иә, бұл өте өзекті әрі уақытылы қабылданған өзгерістер. МӘМС жүйесі іске қосылған сәттен бастап елімізде медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Алайда, бүгінде Қазақстан халқының 83 пайызы ғана сақтандырылған. Жамбыл облысы бойынша бұл көрсеткіш – 80,8 пайыз, яғни 948 мың адам. Дегенмен, облысымызда әлі де болса 225 мыңнан аса адам жүйеден тыс қалып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықты толық қамту үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Енді жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін жарналар төленеді. Бұл – өте маңызды қадам.
– Яғни, бұл халықты МӘМС жүйесіне қамту артады деген сөз ғой...
– Әрине. Жаңа қабылданған шаралардың нәтижесінде 2026 жылы Қазақстан бойынша шамамен 1 миллион адам қосымша түрде МӘМС жүйесіне қосылады. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады. Оның ішінде ресми тіркелген жұмыссыздар да бар. Бұл өз кезегінде әкімдіктердің жұмыспен қамтуға қатысты белсенді әрекет етуіне жол ашады. Олар жұмыс орындарын құруға, кедейлікті азайтуға барынша мүдделі болады. Бүгінде облыс бойынша (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар саны 70 мыңның шамасында. Енді жергілікті атқарушы билікпен бірге бұл мәселені зерделеп, нақты жұмыстар атқаратын боламыз.
– Заңда сақтандыру мәртебесіне қатысты да өзгеріс бар екен. Осы жайында айтып өтсеңіз...
– Заңдағы тағы бір маңызды жаңалық. Егер бұрын азаматтар 3 ай бойы жарна төлемесе, олардың сақтандыру мәртебесі жойылатын еді. Енді кемінде 5 жыл қатарынан тұрақты жарна төлеген азаматтар жарна аударуды уақытша тоқтатқан жағдайда 6 айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтап қалады. Бұл жұмысынан айрылып қалған азаматтарға, яғни өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға үлкен көмек деп айтуға болады.
– Денсаулық сақтау қызметтерін кеңейту бойынша қандай жаңалықтар бар?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» енгізілуде. Бұл пакет 2026 жылдан бастап қолданысқа енеді және онкологиялық скринингтерді тегін қолжетімді етеді. Бұрын бұл тек туберкулез және АИТВ күдігі кезінде ғана тегін болатын, ал енді 8 әлеуметтік мәні бар ауруға күдік туындаған кезде де тегін консультативтік-диагностикалық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, амбулаторлық диализ жән е стационарлық көмек сияқты қызметтер де сақтандыру пакетіне қосылады. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін барынша арттырады.
– Ғайни Төленқызы, енді жарна көлемі мен қаржыландыру мәселесіне тоқталып өтсеңіз.
– МӘМС жүйесінің басты шарты – қаржылық тұрақтылық. Осыған байланысты, 2026 жылдан бастап табыс көлемінің жоғарғы шегі жаңартылады. Жұмыс берушілер үшін бұл шек 40 ЕТЖ болса, қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ болады. Бұл шешім салық жүктемесін тежеп, бірақ жүйені жеткілікті қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекет өз тарапынан жеңілдігі бар азаматтар үшін жарна мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыруды жоспарлап отыр. Мысалы, қазіргі 2 пайыз көрсеткіш 2027 жылы – 2,2 пайызға, ал 2037 жылға дейін 4,7 пайызға дейін өседі. Бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін ешқандай өзгеріс болмайды.
– Қорытындылай келе, бұл өзгерістер тұрғындар үшін қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?
– Өзгерістер ең алдымен халықтың денсаулығын жақсартуға, медициналық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар азаматтардың мәртебесін сақтау, жарна төлеудегі жеңілдіктер мен кеңейтілген қызмет пакеті – жүйені одан әрі жетілдіруге үлкен серпін береді. Бұл – әлеуметтік әділеттілікке, қамқорлыққа және денсаулық сақтау сапасын арттыруға жасалған нақты қадам.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Қамар ҚАРАСАЕВА.
Ұқсас жаңалықтар
Ауылға бос ұран емес, нақты іс керек
- 24 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді