
– Криптовалюта дегенді бұрын-соңды естуім жоқ. Әйтеуір жақсы нәрсе екен ғой деп аудар деген 20 мыңды аудардым. Сәл шыдаңыз, 500 мың ұтыс шығады, 70 пайыз сіздікі, 30 пайыз менікі деді. Әп берекелді, нұрың тасығыр, жақсы болды ғой, несиемді жауып тастайтын болдым деп қуандым. Үш күн өтті жоқ. Өз еркіммен салдым ғой. Әр десе аз ғана сумма ғой деп елге айтқанға да ұялдым шыны керек, алданғанымды айтуға да ұят, – дейді 40-тың ар жақ бер жағындағы әйел.
Міне, осындай қаржылық сауатсыздықтың кесірінен қаншама адам тіпті ең сауатты, көкірегі ояу, көзі ашық деген адамның өзі алданып қалып жатыр. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп ойланбайтын заман болды. Тегін дүниенің жоқ екенін түсінетін кез жетті емес пе? Сонымен, журналистік зерттеу жасап әлгі «көмек көрсеткіштерге» шықтық. Парақшаға тіркеліп, мән-жайды сұрадық.
«Адал инвест» серіктестігі атынан деп лицензия жіберіп адал жұмыс істейтіндерін жекеде жазды. Дым білмеген адам құсап ақша салуға дейін бардық. Белгісіз нөмірге 15 мыңды единица етіп салыңыз, сонымен ойынды бастаймыз деді. Өйткені спорттық ойындарға ақша тігіп, осылайша 1 сағаттың ішінде ұтысқа шығып ақшаңызды көбейтіп береміз деп даурықты. Мөрімен мемлекеттік нөмірі бар лицензияны кәдуілгі шынайы деп қаласыз. Елдер осыған сенсе керек. Оның үстіне жоғары жағына «Қазақстан Халық банкі» деп жазып қойған.
Мемлекеттік банктің аты дардай боп тұрған соң халық сенеді ғой. Оның үстіне алаяқтар ақшаны телефон нөмірге бірлік қылып салдыртады немесе QIWI кошелек арқылы Мир картасынан салдырады екен. Бұлай дейтініміз, тағы бір оқырманымыз айына бір түсетін балаларға дейтін жәрдемақысынан айырылғанын айтып жәрдем сұрады.
– Әлеуметтік желінің қайсысы болса да, алаяқтар үшін таптырмас ақша табу құралы болып тұр. Бір күні несиелерін төлей алмай жүргендер «жазыңдар, шынайы көмек» дегенді оқып, жекелеріне жаздым. Бір қыз жауап берді. Дәл сол күні несиемді төлей алмай, қарыздар жан-жақтан қысып қиналып отыр едім. Оның үстіне алты балаға алатын жәрдемақым түсіп не қарыз қайтарарымды не несие жабарымды білмей, балаға деп төлеген мемлекеттің ақшасын қайсысына жаратарымды білмей жыларман халде отырған едім. Буынсыз жерден пышақ ұрғандай мына хабарламаға сендім. Ана қыз айтқандай, орталықта орналасқан үлкен маркетте QIWI кошелек аппарат бар екен. Мир дегенді басып ақша салдым. Енді қайтып орталықтағы халық банкке келіңіз деді. Ақшаны алатын болдым деп қуанып келсем «күтіңіз» деген смс келді. Күтіп отырғаныма екі сағат болды. Бір уақытта «ал енді тауып көр» деп жазып жіберіпті. Алданғанымды ұқтым. Қарғап сіледім. Жыладым. Одан пайда не? Осылайша, интернет алаяқтарына аңқау басым алданып қалдым, – деді Жания Оңласын.
Бұл кейіпкер де азын-аулақ ақшаға бәле іздегендей болмайын деп әрі полицияға жүгінсем машақаты көп, ары-бері сүйрейді деп, қазақшалап «садақа» деп кете барған. Қудаламаған. Халықты жылатып, әрі мазақтап жүрген осындай интернет алаяқтарынан құтылатын күн қашан туар екен?! Республика бойынша «КиберПол» ұлттық жобасы қолға алынып, сең қозғалды. Енді алаяқтардың да тұсалатын кезі болар деп топшылаймыз.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Заң аясында тиісті шешімдер қабылданады
- 29 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді