«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қордайда кәсіп ашуға ниетті жастар көп

Қордайда кәсіп ашуға ниетті жастар көп
Ашық дереккөз
Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жыл санап жақсарып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда барлық салада оң динамика байқалады. Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың айтуынша, ауданда өткен бес айда өнеркәсіп өнімі 11,3 миллиард теңгені құрап, индекс көлемі 123,1 пайызға орындаған. Ал ауданға тартылған инвестиция 12,3 миллиард теңгеге жетіп отыр.

Бұдан бөлек құрылыс саласында атқарылған жұмыс көлемі 11,5 миллиард теңгені құраса, осы мерзімде пайдалануға берілген тұрғын үйлер 22 мың шаршы метрді құраған. Ауданның негізгі тірегі бұл – ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік сала. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында шығарылған өнім 9,9 миллиард теңгені құрап, индекс көлемі 85,9 пайызға орындалса, бөлшек сауда айналымының көлемі 18 миллиардқа жетіп отыр. Ал қаңтар-мамыр айларының қорытындысымен кірістер 3,1 миллиард теңгені құраса, оның ішінде, меншікті кірістер 2,2 миллиард теңгеге орындалған.

– Бүгінгі күні ауданда атқарылып жатқан жұмыс ауқымы кең. Атап айтсам, биыл Қордай ауылында 144 пәтердің кілті тапсырылды, Үлкен-Сұлутөр ауылында дәрігерлік амбулатория, Сарыбұлақ, Еңбек және Бәйтерек ауылдарында жаңа су құбыры пайдалануға берілді. Аудандағы 41 елді мекеннің 36-ы табиғи газбен қамтылған. Биыл Керу ауылына газ құбырының құрылысы аяқталып, тұрғын үйлер көгілдір отынға қосылды. Ал Бел, Мұзбел, Аңырақай мен Бәйтерек ауылдарының ауылішілік газ құбыры құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, энергетика басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Гвардейск қалашығының инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 6 жоба қолға алынды. Атап айтсақ, жаңа қазандық салу, жылу желілерін ауыстыру, сумен жабдықтау желілерін қайта құру, газбен жабдықтау, теміржол арқылы өтетін көпір салу және кәріз тазарту құрылымдарын қайта жаңғырту. Қазіргі таңда сумен жабдықтау желілерін қайта құру жұмыстарына қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталуы жоспарлануда. Ал аталған 6 жобаның жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін мемлекет тарапынан 242,6 миллион теңге бөлінді, – дейді Дамира Маратқызы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Қазақстанның барлық елді мекендерін 100 пайыз таза ауыз сумен қамту тапсырмасы бойынша аудан әкімдігі тарапынан 8,6 миллиард теңге бөлініп, 10 елді мекенде таза ауыз су желілерінің құрылыстары аяқталған. Бүгінгі күні Ноғайбай, Отар, Қордай, Қайнар, Степное, Қарасу, Еңбек, Сарыбұлақ, Соғанды мен Бәйтерек ауылдарының тұрғындары тіршілік нәрінен тарығып отырған жоқ.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінгі күні 4 елді мекенде атап айтқанда, Шарбақты, Күнбатыс-2, Алға, Гвардейск ауылдарында су құбырының құрылыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 10 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін келісімшарттар жасалған. Ол елді мекендер қатарында Қарасай батыр, Қызылсай, Керу, Көктөбе, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Кенен, Бел, Жаңатұрмыс, Күнбатыс-1 ауылдары бар.

– Мемлекет басшысының бүгінгі күні алдымызға қойып отырған міндетінің бірі – игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Биыл игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтару бойынша жоспар түзіліп, жалпы жыл соңына дейін 11 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Бүгінгі күні мемлекет меншігіне 893,9 гектар жер мемлекеттік жер қорына қайтарылды. 2025 жылға пайдаланбай жатқан 12552 гектар жерге шара қолдану үшін жер испекциясына хат жолданды, – дейді әкім орынбасары.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қордай ауданында ауылдық елді мекендердің даму әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 12 жоба қолға алынған. Жоба аясында Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп, Үлкен Сұлутөр ауылында заманауи спорт кешені бой көтеруде.

Сонымен бірге Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 адамға қызмет көрсететін емхана салынуда. Сондай-ақ жоба шеңберінде жалпы ұзындығы 24,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Аудандағы жұмыссыздарды жұмыспен қамту шаралары да жоспарға сәйкес атқарылуда. Осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша ауданда ресми түрде жұмыссыздар есебінде 1445 адам тіркелген. Жыл басынан орталыққа 2675 азамат қайырылып, әлеуметтік қорғау шараларымен 1744 адам қамтылды. Есепті кезеңде ваканттық бос жұмыс орындарына 749 азамат жолданды. Биыл 100 адамды қысқа мерзімді кәсіби оқумен, 45 азаматты жұмыс орындарына оқумен қамту жоспарланған. Сонымен қатар 285 азаматты онлайн оқу курстарына жолдау жоспарланып, есепті кезеңде 83 азамат оқумен қамтылды. Ал «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 385 азаматты оқыту жоспарланып, бүгінгі күнге аудан көлемінде кәсіпкерлік негіздері бойынша 139 адам оқуға жолданып отыр. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру жұмыстары да жалғасуда. Атап айтсақ, биыл аудан бойынша 150 азаматты қайтарымсыз мемлекеттік грантпен қамту жоспарланса, есепті кезеңде 45 азамат грантпен қамтамасыз етілді. Ал субсидияланған жұмыс орындарымен қамту бағытында төмендегідей жұмыстар атқарылды. Яғни ақылы қоғамдық жұмыстармен 650 адамды қамту жоспарланса, есепті кезеңде 618 азамат ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылды. Жастар тәжірибесімен 220 адамды қамту көзделсе, бүгінгі күні жұмысқа жолданғаны – 51 жас. Алғашқы жұмыс орындарымен 58 адамды қамту межеленсе, 7 азамат қана жұмысқа орналаса алды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 70 адамды орналастыру жоспары болса, бұл міндет 34 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына жолдаумен шектеліп тұр. «Күміс жас» жобасы бойынша 95 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып, есепті кезеңде 63 азамат жұмысқа жолданды. Ал Ұрпақтар келісім шарты аясында 2 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр, – дейді Дамира Маратқызы.

Ауданда осыдан алты жыл бұрын басталып кеткен «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде өз нәтижесін, жемісін беріп отыр. «Ауыл аманаты» жобасы 2019 жылы Қордай ауданының Жамбыл ауылдық округінде қанатқақты жоба ретінде басталып, кейіннен Кенен, Қаракемер, Қарасу, Сарыбұлақ, Қақпатас ауылдық округтерінде жалғасын тапқан. Қазіргі таңда аудан бойынша 3,1 миллиард теңгеге 6016 бас мүйізді ірі қара, 10879 бас қой, 405 бас жылқы сатып алынған. Төрт өндірістік кооператив 25 техника мен ауыл шаруашылығы тіркемелерін алып отыр. Ал осындағы 690 тұрғын жеке кәсібін ашып, жүргізуде.

«Биыл «Ауыл аманаты» жобасының 5-ші бағыты бойынша 1,2 миллиард теңге көлемінде 56 жаңа жоба жинақталып, ауыл шаруашылық басқармасына ұсынылды. Жалпы, Қордайда «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіп ашуға ниетті жастар көп. Тұрғындар тарапынан жобаға қатысып, өз кәсібін ашуға ниет білдіріп отырғандардың қарасы да қалың. Ауданда жоспарланған жұмыстар, жобалар мен бағдарламалар жыл бойы жалғасын тауып, тиісті жұмыстар Мемлекет басшысы тапсырған талаптарға сәйкес атқарылатын болады», – дейді Дамира Маратқызы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар