Демалысқа келіп, ауырып қалған студентті дәрігер неге қабылдамайды?
- author «Ақ жол»
- 19 шілде, 2025
- 153

Редакциямызға хабарласқан студент Диана Мадиярбек Алматы қаласында оқиды. Сондықтан оның оқуға түскен қаласындағы студенттер емханасына тіркелгені рас. Жазғы демалыста үйіне келгенде денсаулығына күмәнданады да, Тараз қаласындағы емханаға барады.
– Біздің үй ішімізбен тұрғылықты жеріміз бойынша тіркелген емханамыз Тараз қаласындағы М.Атабаев көшесінде орналасқан «Almaz Medical Group» серіктестігінің емханасы. Оқудан жазғы демалысқа шығып, үйіме, ата-анамның қасына келгенмін. Көзімнің айналасында пайда болған бөртпе бірнеше күн өтсе де өздігінен кете қоймады. Шыны керек, анам екеуіміз бұған қатты алаңдадық, қанша дегенмен адамның денесіне еш себепсіз бөртпе шықпайды ғой. Сол себепті де тұрақты мекенжайымдағы учаскелік дәрігерге бардым. Кезек күтіп отырып, дәрігердің алдына барсам, Алматы қаласындағы студенттер емханасында тіркеулі екенімді айтып, сондағы дәрігерге немесе Тараздағы жекеменшік дәрігерлерге қаралу қажеттігін жеткізді. Демалыстағы студенттер атаанасының үйінде жүргенде ауырып қалса, сол жерде, мемлекет берген мүмкіндікпен тегін ем ала алмайды ма? – дейді студент қыз.
Расында да, демалыстағы студенттер қайда емделеді? Біз осы сұрақты алға тартып, аталған емханаға хабарластық. Біздің сұрағымызды тыңдаған бас дәрігердің орынбасары Жадыра Сахова Денсаулық сақтау министрінің 194-бұйрығында айтылған талаптарды еске салды. Онда тұрғындардың медициналықсанитариялық алғашқы көмекке МСАК қолжетімділігі туралы айтылған.
– Бұл бұйрықта «МСАК көрсететін денсаулық сақтау объектілеріне қадамдық қолжетімділік – халықтың демографиялық өсуін ескере отырып, қалалардың карталарын пайдалана отырып, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары есептейтін, МСАК көрсететін денсаулық сақтау объектілеріне қала халқының 20 минуттық қадамдық қолжетімділігі» деп көрсетілген. 20 минуттық қадам дегеніміз – басқа жерде емес, тұратын жеріндегі емханада тіркеліп, сондағы медициналық мамандардан қызмет ала алады деген сөз. Сол себепті студент Алматыда оқыса, оған біз қызмет көрсете алмаймыз. Сондағы студенттік емхана қызмет көрсету керек. Егер демалыста ата-анасының үйінде тұрса, учаскелік дәрігер тұрғылықты емханаға тіркеп, студенттік емханаға кеткенге дейін қажет кезде қабылдап, ем жүргізуі керек. Біздің дәрігерлер «Алматыға бар» немесе «жеке меншік емханаға қараласың» деп айта алмайды. Бұл жағдайды анықтайын, дәрігер расымен солай айтып, қабылдамаған болса, себебін білейік, ؘ– деді Жадыра Азизханқызы тілдескенімізде.
Біздің де айтпағымыз сол, студенттер емханасы орналасқан қаладан басқа аймақта жүргенде ауырып қалса, қайда емделу керек, неліктен тұрғылықты жеріндегі учаскелік дәрігер алдына келген науқасты қабылдамай қайтарған? Аталған жағдай бойынша учаскелік дәрігерден мәселенің мәнісін біліп, бізге қайта хабарласып, сұрағымызға жауап қатқан бас дәрігердің орынбасары тағы да заңды талапты алға тартты.
– Біздің емхананың дәрігеріне келген студент қыз Алматыдағы студенттер емханасында тіркеуде болғандықтан, қабылдамаған. Басқа мекемеде тіркелген адамды қабылдасақ, бізге айыппұл салынады. Әрине студенттер емханасына оқуы тәмамдалғанша ғана, яғни уақытша тіркеледі. Ал демалыста студент ата-анасының үйінде болған кезде тұрғылықты мекенжайы бойынша сол жердегі емханаға қайта тіркелуі керек, – деген бас дәрігердің орынбасары Жадыра Азизханқызы осы мәселені қозғауымызға себепкер болған студент қызды емделу үшін емес, профилактикалық тексерістен өту үшін келгенін айтты.
– Егер студент емханаға тіркелмесе де, қатты ауырып келсе, дәрігерлер міндетті түрде қабылдайды. Алайда жағдайы аса ауыр емес, тексерілу үшін келсе, ең әуелі тіркеліп, содан соң дәрігерге қаралады, – деп түсіндірді ол.
Анықтауымызша, Диана Мадиярбек көзінің алдына шыққан бөртпенің не себептен шыққанын анықтап, тиісті емін алу үшін тері ауруларын емдейтін маманға жолдама алуға барған екен. Жоғарыда айтқанымыздай, учаскелік дәрігер тіркелмегендіктен қабылдамай, өзін мазалаған бөртпенің неден шыққанын да анықтай алмаған.
Тіпті учаскелік дәрігер тұрғылықты жеріндегі емханаға қайтадан тіркеліп келуін, заң талаптарына сай қабылдайтынын түсіндіріп те айтпаған. Егер ол бөртпе қандайда бір сырқаттың салдарынан пайда болып, дер кезінде себебін анықтап, ем алмағандықтан асқынып кетсе қайтпек? Әрине ондайдың беті аулақ, дегенмен денсаулыққа қатысты титтей белгі болса да бірден маманға қаралу керегін ақ халаттылар үнемі ескертіп жүр емес пе? Ендеше, кәсіби маманның көмегіне жүгініп, алдына барған адамды дәрігер неге қарамай, кері қайтарған? Қандай жағдай болса да, Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жан алдына келген науқасты қабылдамай қайтармауы тиіс қой. Тіпті заңға қайшы келетін болғанда да тиісті жолдарын көрсетіп, қайткенде де науқасқа дауа табуға ұмтылмас па?
Бұл жағдайды көпшіліктің назарына жариялаудағы мақсат – біреуді кінәлау емес. Барлық дәрігерлер ойланса екен, ал студенттер демалыста денсаулығын тексертіп, емделер болса ертерек емханаға тіркелуді ұмытпаса дейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Облыстық мәслихат депутаттарының назарына
- Бүгін, 02:07
Мәдениет ошағы – ауылдың рухани айнасы
- Бүгін, 02:03
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді