
Майдан даласында өткен концерттер туралы жазған естеліктерінде атақты әнші бірде он алты жасар жауынгер, Аманкелді Имановтың немересі Умуртжан Бірмахамбетовты кездестіріп қалғанын айтады. Умуртжан туған ағасы Сұлтанмен бірге Қостанай облысынан майданға аттанып, Сталинград шайқасында бірге соғысып, Беларуссияны азат етуге қатысқан. Содан болар Умуртжанның «Сталинградқа келіп едім, генерал Паулюс армиясымен бірге маған тұтқынға түсті» деп қалжыңдайтыны бар екен. Сонда әртістер «Шүкіршілік саған, қазақ! Кенже ұлын киелі Отанын қорғауға жібергені үшін сенің әкең – Ермағамбетке, сенің анаң – Салилаға шүкіршілік, мың алғыс!» деген екен.
Әйгілі әншінің еске алған тағы бір оқиғасы – ленинградтықтар 1941 жылдың 6-ші қыркүйегінде «Ленинградская правда» газетінен жүз жасқа тақаған Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» («Ленинградцы, дети мои») атты жырын оқып, тіпті, бұл өлең радиодан да оқылып, жауынгерлерге зор күш-қуат, жігер сыйлап, олар ақынға «Ленинградтың құрметті жауынгері» деген атақ та бергенін жазады.
Иә, осылайша К.Байсейітова концерттік бригадалармен майдан даласын аралап, сұрапыл соғыстың шындығын өз көзімен көрген. 1942 жылдың басында Солтүстік Батыс майданына барғанда, барлық ұлттың өкілдері алдыңғы шепте ерлікпен шайқасқандарына куә болады. Осы майдан даласынан алған әсерлері Евгений Брусиловскийдің «Гвардия, алға!» операсында қазақ қаһарман әйелінің, майдан медбикесі Сайраның бейнесін жасауға сеп болады.
1942 жылдың 12 шілдесінде жарық көрген қызыл әскер газетінде мынандай жолдар жазылған: «Біз қазақ халқының әншілерін, оның ішінде атақты әнші, Халық әртісі әрі Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты Күләш Байсейітованың әнін естідік. Күләш Байсейітова Шопен шығармасын шеберлікпен орындап, ұлы поляк композиторының «Қалау» («Желание») әнін қазақша айтты».
Атақты опера әншісіне Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин де жауынгерлер атынан алғыс білдіріп, хат жазған.
М.Ғабдуллин өз хатында мынандай бір оқиғаны жеткізеді: «Солдаттар бос уақытында қазақ халқының атынан сыйға жіберілген патефонды қосып, «Қыз-Жібек» операсындағы «Гәкку» ариясы жазылған пластинканы тыңдады. Кенеттен неміс ұшқыштары шабуыл жасап, жасырынуға мәжбүр болдық. Бірақ ешкім патефонды өшірмеді, төбемізден ажал төніп тұрса да әдемі ән жүрегімізге құйылып, жауынгерлерді жігерлендіре түсті». К.Байсейітова «Өз еліңнің сәлемін қабылда, бауырым!» атты естелігінде «Біз өнер көрсеткен жерлердегі әскерлер тек қазақтар болған жоқ, дегенмен біз әр жерде қазақ бауырларымызды кездестіріп қалып жүрдік», – дейді.
– Ерекше есте қалған күнді ешқашан ұмытпаймын, – деп айтып берді бір бригада жетекшісі, – генерал-лейтенант Романенко басшылығымен өткен бір семинарда отыз төрт қазақ офицерін жолықтырдық. Сол кездегі қуанышты сөзбен жеткізу қиын.
Сол кеште сахнаға көтерілген бір актрисамыз: «Жігіт үшін туған жерінен, отбасы мен тау-орманынан және көлінен артық не қымбат болуы мүмкін? Осының барлығын сен қорғап жүрсің, жігіт. Халқың сені жеңіспен оралуыңды күтіп отыр және ерекше құрметпен қарсы алуға дайын. Өз еліңнің сәлемін қабылда, бауырым!» деп айтқан сөзі бәрімізді толқытты.
...Мен өзім Күләш Байсейітованың сахнадағы өнерін көре алмадым. Өмірімде бір-ақ рет көрдім. Бірінші сыныпты Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының жанындағы мектепте оқыдым. Сол кезде Раушан Байсейітова және Шолпанмен (атақты ағайындыәншілер Абдуллиндердің туысы) бірге оқып, достасып жүретінмін. Сабақ біткеннен кейін үшеуміз Алатау көшесімен (қазір К.Байсейітова атындағы көше) бірге қайтып, тура әншінің көп қабатты үйінің алдында түрлі ойындар ойнап, бір-бірімізді қимай, әрең қоштасатынбыз.
Әрине, ол кезде Раушанның анасы атақты әнші екенін білмейтінмін. Бір күні ата-аналар жиналысы өтіп жатқанда сырттан: «Раушанның мамасы келді, атақты әртіс келді» деген дауыстар естілді. Барлығы дәлізге атып-атып шықты. Атақты әнші енді өтіп бара жатыр екен. Күләш Байсейітованың қандай атақты әнші екенін осыдан кейін білдім. Жарты жылдан кейін басқа мектепке ауыстым, ал, Раушан Мәскеудегі балет училищесінде оқып, белгілі балеринаға айналды, Қазақстанның Халық әртісі деген атаққа ие болды. Алматыда сахнада бірнеше рет көрдім. Бірақ кездеспедік, аралас-құралас болмадық.
1980 жылдың қазан айында Қаратау қаласына Абай атындағы опера және балет театрының балет труппасы арнайы гастрольмен келді. Сол кездегі мәдениет сарайының директоры Михаил Лейба маған өнертанушы ретінде бірнеше спектакльге шақыру билетін берді. Ол кезде күндіз де, кешке де жергілікті Қ.Сәтпаев атындағы политехникалық институттың филиалында сабақ беретінмін. Екі спектакльден кейін маған керемет ұнаған балерина Майра Қадырова (ол кезде сахналық өмірін енді бастаған әртіс болатын, кейін Халық әртісі атанды) мен тағы 2-3 бишілерді түскі тамаққа шақырдым. Олар балетке арналған кітапханамды көріп, тіпті біраз әйгілі балет жұлдыздарын Мәскеу, Ленинград, Новосибирск сахналарында көргенімді естіп таң қалды.
Солардан Раушан Байсейітова мен Рамазан Баповтың бір күнге Қаратауға келетінін, «Дон-Кихот» балетінде билейтінін естідім. Бірақ, өкінішке қарай, мен ол шараға бара алмадым.
Фатима ОРАЗБЕКОВА,
педагог-ардагер,
ҚР журналистер Одағының мүшесі
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Бас жүлдені 8 команда сарапқа салды
- 7 тамыз, 2025
Байзаққа бардық, не көрдік?
- 7 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді