
Аталмыш кітапта Бәукең дүние есігін ашқан кезде атасы Имаш ақсақал немересіне:
Алатаудың қыраны мол еді,
Қырағы болсын, құлыным.
Қойнауы суға мол еді,
Бұлағы болсын, құлыным.
Елінің тілегі зор еді,
Шырағы болсын, құлыным.
Ата тілегі оң еді,
Ғұмырлы болсын, құлыным.
Бұл жер батырлар төрі еді
Сыңары болсын, құлыным, – деп батасын берген екен.
Нәресте Бауыржанның жарық дүниеге келгеніне екі-үш ай болғанда Имаш атасы немересінің қолына жас бұтақ ұстатып:
Құрық деп берсем, құл болма,
Шыбық деп берсем, шіл болма.
Бәрінен де шырағым,
Баяны жоқ ұл болма, – деген аталы сөзін арнайды.
Имаштан туған Момыналы (Момыш) да өлең сөзден құралақан болмаған. Ол кісі ауыл арасындағы той-томалақтарда өрнекті сөзбен елді аузына қарата білген екен. Бәукең ел аузынан естіген әкесінің сауықсайраншыл бойдақ өмірін былай суреттейді: Бірде көрші ауылда үлкен той өтіпті. Той ойын-сауықсыз болған ба? Үлкен киіз үйдің ішінде жігіттер мен қыздар айтысып жатса керек. Той дегенде қу бас та домалайды. Кемпірсампырлармен ілесіп, менің Қызтумас әжем де келген екен. Кәрі құлағы елең етіп, киіз үйден шыққан айтыс әнін естіп қалады.
Біздің ауыл Мыңбұлақ басын ала,
Басындағы орамал жасыл-ала.
Көңілің бізде болса, а, құдаша,
Біразырақ отыршы қасыңа ала
Қыздың даусы жайдары естілсе де, жалтара жауап қатып отыр екен. Кәдімгі бас қосқан жердегі бастама өлеңнен ұзай қоймапты. Дегенмен сөз арасында «жақсы жігіт» дегенді жиілете берсе керек. Қызтумас әжем оны да сезіпті.
Қарашаға, ендеше, қарашаға,
Кисе киім жарасар аласаға.
Бас қосыппыз бұл тойда, жақсы жігіт,
Өлең айтсақ болмай ма тамашаға.
Бірақ жігіт жағы алғашқы екпінінен танбай, ынтық көңілін ұсына беріпті:
Мыңбұлақтың сулары сылдырайды,
Сұлу қыздың бұрымы бұлдырайды.
Құдаша деп сыртыңнан құмартушы ем,
Ескергейсің ендігі біздің жайды.
«Құдашасына сонша өзеуреп отырған кім екен» деп әжем есіктен сығалап қараса:
Қара батыр, құдаша қара батыр,
Жау қайырар жасқанбай дара батыр.
Тәңір айдап өзіңмен бас қосыппыз,
Осы кесе сіз жаққа бара жатыр, – деп, өлеңмен бір бойжеткен қара қызға аяқты бұрып тұрған өз Момышы екен
Міне, Бәукеңнің қанында бар қасиет кейіннен қағаз беттеріне қара өлең болып өріліп, өнегелі өмір дастанының бір бөлігіне айналды. Өлең деген нар тұлғаның жан сырын, ішкі толқыныстарын қағаз бетіне түсіру тәсілі ғана емес, қазақ арасындағы түйткілді мәселелерді жүректен жүрекке жеткізудің құралы ретінде де қызмет атқарды десе болады. Бәукең ел арасында естіген өлең-жырлар мен әндердің бірсыпырасын қағаз бетіне түсіріп, кейінгі ұрпаққа мұра қылып қалдырған.
Әлиман әпкесінен естіген «Той бастар» әні, «Жақай», «Қарағұл», «Тыналы», «Тойда» сол кездегі ауыл айтқыштарымен бірге кетпей, Бәукеңнің қаламымен қағазға түсіп, бүгінгі күнге жеткен. Сондай-ақ, бұл күндері танымал халық әндері «Қарлығаш», «Назқоңыр» әндерінің ел аузындағы нұсқаларын да хатқа жазып қалдырған. Туған топырағындағы өлең-жырлармен сусындап өскен Бәукең ес біліп, үлкен өмірдің қазанында қайнаған шағында Абай, Мағжан, Міржақып, Сұлтанмахмұт сынды қазақ ақындарының поэзиясымен жете танысып, олардың ой-толғамдарын санасына сіңіріп, өз ұстанымдарына тірек қыла түсті.
Бәукең өзі парасат-пайымы жоғары деп таныған ақындарға еліктеді. Еліктей отырып, олардың өлеңдерін көзсіз көшіріп алып айтып жүрмеді, өз бетінше өрелі сөздер арқылы өлең өріп, өскелең ұрпаққа өсиет болатындай өнеге қалдырды. Бәукеңнің 1944 жылдың қыркүйегінде Архангельск қаласында жүргенде Мағжан ақынның «Толқын» деген өлеңінің мәнерінде жазылған «Өмір мен өлім туралы» өлеңі де батыр шығармашылығындағы өзіндік орны бар шығарма.
Өлімнен өмір туады,
Өмірді өлім қуады.
Өмір мен өлім күресіп,
Өлім мен өмір тіресіп,
Өмірден өлім туады.
Өлімді өмір қуады.
Өмір мен өлім бірлесіп,
Біріне бірі ілесіп,
Жалғанды қызық қылады.
Өмір мен өлім алысып,
Тартыста жүріп танысып,
Күресті қажет қылады.
Әлсірейді сандалып,
Сандалған сайын жанданып,
Алқымын қатты сығады.
Өмір мен өлім іздесіп,
Өлімге өмір кездесіп,
Арпалысу туады.
Өлім мен өмір атысып,
Жекпе-жек иін тіресіп,
Паналап бұта бұғады.
Өлім мен өмір аңдысып,
Көз айырмай бағысып,
Аңқауын жемтік қылады.
Өлім мен өмір жарысып,
Жағаласып қарысып,
Жұлқылап ерден жұлады.
Өлім мен өмір күресіп,
Күресте жан берісіп,
Қан ішіп қана тынады.
Өлім мен өмір таласып,
Таласа жүріп адасып,
Сүрінеді, таяды.
Сыбырласып, сырласып,
Құшағын жайып мұңдасып,
Ішінен шері шығады.
Өлімді өмір туады,
Өмірді өлім қуады.
Өмірден өлім туады,
Өлімді өмір қуады.
Өлім керек өмірге,
Өмір керек өлімге.
Тірліктен үміт үзбесе,
Күрестен пенде безбесе,
Өлімді өмір жығады,
Өлімді көрге тығады.
Дене өлгенмен жан тірі,
Мәңгілік жүрек соғады.
Жерде қалмас жылтырап,
Заты асыл меруерт.
Батырдың намы шығады.
Бәукеңнің осы өлеңдегі өмір мен өлімнің арпалысын суреттеуі сол кездегі отқа оранған соғыс майданындағы әсерлерден туса керек.
Батыр тұлға өлеңді ермек үшін емес, ұлт, тіл мәселесі төңірегіндегі өзекті ойларын жеткізу мақсатында да жазғанын аңғаруға болады.
Қан майданда жүрсе де қазақтың тілінің қадірі кетіп бара жатқанына күйініп, 1944 жылдың ақпанында мынадай өлең жолдарын жазады:
Көшеде бояу ерін сылқылдаған,
Былдырап, орысшалап жырқылдаған.
Ұмытып ана тілін, салт-санасын,
Не қалды тілімізде жыртылмаған.
Отбасы түсініксіз жатқан былдыр,
Газетте қазақ сөзі аз шылдыр-мылдыр.
Оқысаң алып кітап – шым-шытырық,
Апырым-ау, сандырақ па, бұл не былжыр.
Ержеткендер сөйлейді орысшалап,
Кім отыр сөз құрылысын қынап-сынап.
«Мамасы» мен «папасы» шүршіт болып,
Күйдірді-ау, шүршітшілеп бала жылап.
Бәукең осы өлең жолдарын сол уақыттағы қазақ елінің тұтқасын ұстаған азаматтарға, оның ішінде Қазақ КСР Халықтық комиссарлар кеңесін басқарған Н. Оңдасыновқа, М.Әбдіқалықовқа ұлттық салт-сана, тіл, руханият саласындағы өзекті мәселелерді жан-жақты қозғаған көлемді хаттарындағы ойларына тұздық ретінде көрсетеді. Сол кездің өзінде қазақ тілінің қағажу көріп, ұлттық болмысымыздың бордай тозып бара жатқанын дәлел-дәйектермен жоғарыға жеткізу арқылы, осынау ұлт тамырына балта шабатын қатердің алдын алу, ұлттық қасиеттерімізді ұлықтап, ұрпаққа жеткізу жолдарын ұсынады.
Бұл ойлары мен өлең жолдарын Бәукең мамыражай кезеңдегі жылы кабинетте немесе шаңырағының бір жайлы бұрышында отырып жазған жоқ, соғыс майданының нағыз қызған шағында, оқ пен оттың ортасындағы окопта қару мен қаламды қатар алып жүріп жеткізген жанайқайы болатын.
Міне, ХХ-ғасырдың орта шегінде-ақ Бәукең суреттеген келеңсіз құбылыс, өкініше қарай бұл күндері де қазақ қоғамында орын алып отырған өзекті мәселе. Батыр Бауыржанның лирикалық сарындағы өлеңдері де оның ақынжанды адамға тән сезімталдығынан хабар береді. Мысалы, төмендегідей шумақпен басталатын «...Ға» өлеңінен (1939 жылдың ақпан айы) ғашықтық сезімнен туған өкініш сарынын аңғаруға болады:
Ғашық болдым он сегізде өзіңе,
Сонда дағы мән бермедім сөзіңе.
Жеңілдік пен балалыққа ұрынып,
Күлімсіреп қарамадым көзіңе...
1940 жылы Житомирде жазған мына өлеңімен сағыныш сезімін білдіреді:
Мен келгенде бақ ішінде болмадың,
Сөз бердің де, уәдеңде тұрмадың.
«Келмеймін» деп бір-екі жол хат жазбай,
Мен сорлыны неге сонша қорладың.
«Туған жер» өлеңінен кіндік қаны тамған жеріне деген сүйіспеншілігін байқауға болады:
Туған жерім Мыңбұлақ, арналы Ақсай,
Ішсем суы татиды шекер-балдай.
Қызғалдақ, қалың егіс, көк жоңышқа,
Сенен артық жер, шіркін, өтер қандай?!..
Бәукең зиялы қауыммен аралас-құралас бола жүріп, өрелі сөзбен өнегелі жазбалар мен өлең жолдарын өміріне серік етсе де, өзін ешқашан ақын-жазушылардың қатарына қоспаған. Мұның бір айғағы төмендегі өлеңінен де көрініс табады:
Найзадан қол босаса, қалам алдым,
Толғанып оқиғаны көп ойландым.
Тырмысып әл келгенше көргенімді,
Именбей, жалтақтамай, ашық жаздым..
Отырсам көп ойланып күнім жақын,
Әр адам біле бермес сөздің парқын.
Ұрпаққа арнап істелген адал еңбек,
Ақ ниетпен ұсындым саған, халқым.
Жазушы болмаған соң менің затым,
Көркемді жұмыс емес жазған хатым.
Салмақтайтын саналы ер табылса,
Атаусыз неге қалсын менің атым?
Бәукең ілгерірек замандағы қазақ ақынжырауларының ізімен соңында жыр, терме, толғаулар қалдырғанын да көп жұрт біле бермейді. Батырдың кітап бетіне түскен «Достыма!», «Толғау» атты өлеңдері нақыл сөздерге толы. Соның бір мысалы:
Ер жігіттен не пайда,
Ел күйзеліп, жер күйіп,
Отанға дұшпан тигенде,
Айғыр мініп, ат ерттеп,
Жауға қарсы бармаса?!
Жүйрік аттан не пайда,
Таңдап мінген саяқтан Сылап, сипап баққанда,
Суытып жабдық таққанда,
Белдерден аса шапқанда
Қуғанда жауды сүрінсе?!
Шешендіктен не пайда,
Құрышын құлақ қандырып,
Жан жүйемді жандырып,
Көңіліме орынды,
Жүрегіме қонымды Тиімді сөз айтпаса?!
Шеберліктен не пайда,
Топ алдына барарда,
Әр сынға елді саларда,
Ерлеріне еңіреген,
Елім үшін «мен» деген,
Әшекей шапан тікпесе,
Ер-тұрманын түзетіп,
Сағымдап жылтыр етпесе?!
Бұл ұзақ толғауда Бәукең сонымен қатар кемеңгерлік пен батырлықтың, ақындық мен жазушылықтың, басшылықтың, ағайындық пен туыстықтың пайдасы турасында да ой толғайды. Махамбеттің сарыны сай-сүйекті сырқырата есіп тұрған «Қайран сегіз» туындысындағы отқа оранған соғыс кезіндегі батырлар арпалысы ертедегі батырлар жырындағы дастандар дәстүрімен жазылған. Мысалы:
Көбін қолға түсіріп,
Аяқ-қолын үсіріп,
Он бес мыңын өлтіріп,
Жауды қырған біз едік.
Екі жүз отыз шақырым,
Жорықта болып соғысып,
Тоқайласып, тоғысып,
Екі жүз қыстақ,
Қырық мың ел,
Миллиондай шаршы жер,
Тоғай, орман, жол, өзен,
Табанынан дұшпанның,
Құлдық пенен күңдіктен
Босатқан ерлер біз едік...
Қан майдандағы қаһармандар ерлігін суреттей келе, Бәукең былай дейді:
Баяндалған істерді
Мен істедім демеймін.
Мен істедім дегенше,
Мың істеді дегеймін.
Мың істеді дегенше,
Ер істеді дегеймін.
Ер істеді дегенше,
Ел істеді дегеймін.
Мен мыңдікі болмасам,
Ер елдікі болмаса,
Кім істеді дер едім?
Бұдан өзге атаусыз жазылып қалдырылған осы іспеттес өлең шумақтары да біршама. Бәукеңнің ел арасында жүріп берген нақыл мен өнегеге толы бәтуалы баталарының, мақалмәтелдерінің біршамасы қағаз бетіне қатталып жазылса, енді біразы көзін көргендердің айтуымен жұрт аузында жүр. Ондай өлеңдердің арасында қоғамдағы кемшіліктерді, дос-жаран мен зиялы қауымның, қолына билік біткен азаматтардың ағат әрекеттерін мірдің оғындай өткір сөздерімен түйреген қысқа да нұсқа шумақтары өз алдына бір төбе.
Жалпы, Бауыржанның бай мұрасы әсерлі әңгімелермен, мақал-мәтелдермен шектелмейтіні, сөз сарасы өлең сөзден де кенде емес екені батыр атамыздың сегіз қырлы, бір сырлы азамат болғанын аңғартады. Замананың заңғары Бәукең өмірден озса да, Алатаудың асқар шыңынан аққан бұлақтай өлеңдерінің, Жуалының жұмыр тасындай түйдек-түйдек сөздерінің өнеге, ғибрат ретінде қазақтың жасына да, жасамысына да берері мол. Соны ізденіп, оқымаққа, санасына түймекке ынтаықыластың болуы қазақ қоғамының рухани дамуына өзіндік бір сеп болар еді.
Жазылбек АЛДАБЕКОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Бас жүлдені 8 команда сарапқа салды
- 7 тамыз, 2025
Байзаққа бардық, не көрдік?
- 7 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді