«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Малдың сырқатын тез анықтауға көмектеседі

Малдың сырқатын тез анықтауға көмектеседі
Ашық дереккөз
Бүгінде цифрландыру жұмыстары барлық салада кең етек жайып келеді. Әсіресе, асыраушы сала саналатын мал шаруашылығы да жаңа технологияларды енгізуді талап етеді. Осы мақсатта мал шаруашылығында ветеринариялық бақылау шараларын іске асыру шеңберінде Премьер-министр Олжас Бектенов кезекті Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы жануарларын, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтар сегментінде вакцинациялаумен толық қамтамасыз етуді тапсырды.

Мал шаруашылығын цифрландыру жануарларға бақылауды күшейтіп, өнімділік пен биоқауіпсіздік деңгейін арттырады. Бұл туралы жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.

– Мал шаруашылығын цифрландыру жəне автоматтандыру сандық технологиялар фермаларды басқару тəсілін өзгертеді. Цифрландыру жұмысының арқасында бақылау күшейіп, өнімділік пен биоқауіпсіздік деңгейі артады. Өткен жылы жануарлардың цифрлық мониторингі нарығы 4,4 миллиард доллар болды. 2030 жылға қарай ол 8,5 миллиард долларға дейін өсуі мүмкін. Фермаларда RFID белгілері мен қозғалыс сенсорлары орнатылып жатыр. Олар жануарларды нақты уақыт режимінде бақылап, малдың сырқатын тез анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар табын мен логистиканы тиімді басқаруға көмектеседі. Бүгінде мұндай жүйе Нидерланды, Дания жəне Канадада жұмыс істеп тұр. Жүйе көбіне 100 бас сиыр бар сүт фермаларында қолданылып жатыр, – деді Жаслан Мәдиев.

Министрдің сөзінше, дрондар мен жайылымдардың спутниктік мониторингі қосымша қолданылмақ. Мұндай технологиялар өнімділікті арттырып, шығындарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

– Мал шаруашылығын цифрландырудың келесі қадамына малды автоматты азықтандыру, сумен жабдықтау жəне климатты бақылау кіреді. Бұл технология өнімділікті 10- 25 пайызға арттырады. Сондай-ақ шығынды 15 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, жасанды интеллекті де қолданылады. Бұл малдың сырқаты мен мінез-құлқын болжауға көмектеседі. Одан бөлек, жайылымды бақылау үшін дрондар мен спутниктер қолданылады, – деп толықтырды Жаслан Мәдиев.

The Business Research Company болжамы бойынша, мал шаруашылығының әлемдік нарығы 2029 жылға қарай орташа жылдық өсімі 9,1 пайыз бен 7,93 миллиард АҚШ долларына жетеді. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінде бұл модель көміртегі ізін азайту және биоқауіпсіздікті арттыру құралы ретінде белсенді қолдау тапты. Қазақстан бұл шешімдерді енгізуді саланың тұрақты дамуының негізгі элементі ретінде қарастырады.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

 

Ұқсас жаңалықтар