
Пробациялықбақылаудағы86азамат түзеу мекемесіне қайта жөнелтілген
– Сот шешімі негізінде 86 материал қанағаттандырылды. Нәтижесінде, заңды бұзғандар қайтадан түзеу мекемесіне жіберілді. Жалпы, облыс орталығының өзінде 578 азаматқа пробациялық бақылау орнатылған. Шын мәнінде, пробация қызметінің мақсаты – сотталған адамды әлеуметке қосу, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен босатылған адамды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу, – дейді Тараз қалалық №3 пробация қызметі бөлімінің инспекторы, әділет майоры Шолпан Ақзымалиева.
Айта кетейік, пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар арасында қылмыстың алдын алу, ескерту және жолын кесудің бірден-бір жолы – сотталғандарды жұмысқа орналастыру.
Қазіргі таңда пробация есебінде облыс бойынша 1480 адам болса, оның ішінде 1155 азамат «екі қолға бір күрек» тапқан.
– Пробация қызметі–түзеу мекемесінен босап келген және сотпен әкімшілік қадағалау белгіленген тұлғаларға әлеуметтік құқықтық көмек көрсетіп, жұмыспен қамтып, олардың сабырлық пен ұстамдылық қасиеттерін дамытуға, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға, өздерін тәрбиелеуге және қабілеттерін одан ары арттыруға ықпал етеді, – дейді Шолпан Бекжанқызы.
Бұл күнде өңірімізде құқықбұзушылық профилактикасына бағытталған түрлі бағдарламалық құжаттар қабылдануда. Соның бірі – «Сотталғандардың аймақтық криминизациялауға әсерін азайту» жобасы.
Жобаның мақсаты – проблемалық мәселелерді шешу бойынша шаралар мен алгоритмдерді әзірлеу, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін оңтайландыру, сотталғандарды жұмыспен қамту көрсеткіштерін ұлғайту мен қоғамға қайта бейімдеу. Есепті кезеңде жоба аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қайталама құқық бұзушылықтар саны – 18 пайызға төмендеген. Баршаңызға мәлім, бірнеше жылдан бері жазасын шартты түрде өтейтіндерге және бас бостандығы шектелгендерге электронды білезіктер тағыла бастады.
Пробация қызметі талапты орындамайтын сотталғандарды осылайша бақылауға алуда. Естеріңізде болса, өткен жылы сәуірде Жоғарғы Соттың бастамасымен өткізілген ведомствоаралық кеңестен соң, елордада қанатқақты жоба басталған болатын. Оның аясында электронды бақылауды қолдану кеңейді. Ал осы кезеңде тергеу соты тергеу органдарына 26 күдіктіні қамауға алудан бас тартты. Оның орнына оларға қатысты бұлтартпау шарасы – электронды білезіктер тағумен үй қамағына алу таңдалды.
Бүгінде облыс бойынша 98 адамға бақылауға арналған құрылғы тағылған. Белгілі болғандай, 21 азамат заң талабын жиі бұзса, 19 адам темір торға тоғытылған. Ел Президенті айтқандай, заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Мұны әрбір азамат, әсіресе сотты болғандар шын түсінсе құба-құп. Оның үстіне елімізде қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру әрі жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдануда.
Айталық, осыдан үш жыл бұрын жалпыұлттық референдум өтті. Ал биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толады. Осыған орай құқық қорғау құрылымдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтерді. Парламент тиісті заңды қарады, Президент бұл заңға қол қойды. Сөйтіп, осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды.
Десе де, еркін өмірге жолдама алғандар пробациялық бақылауды елемей, баяғы әдетіне салмасына ешкім кепілдік бере алмайтыны ащы шындық.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді