«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұмыс орнын ашу: жоспар 17,7 пайыз орындалды

Жұмыс орнын ашу: жоспар 17,7 пайыз орындалды
Автор
Халықты тұрақты жұмыспен қамтып, тұрғындардың әлеуетін арттыру қашанда күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін өңірде облыстық еңбек мобильді орталығы құрылып, Тараз қаласы мен аудандарда Мансап орталықтары ашылған. Жұмыспен қамту шараларының межелерін орындау тек аталған орталыққа ғана емес жергілікті жердегі әкімдіктерге де тапсырылып, белсенді шараларын іске асыру міндеті енгізілген.

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов аталған бағыттағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында биылғы жылы жұмысқа орналастырудың жоспары 49041 орын болып белгіленген болатын. Жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру арқылы қазіргі уақытта 22753 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына жоспар 31859 адамды құрап, нақты орналасқаны 8330 адамға жетті, – деді Еркін Егембердіұлы.

Биыл Жұмысшы мамандықтары жылына байланысты министрлік тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» іс-шаралары мамыр айынан бастап жүргізіліп келеді. Өтінімдер қабылдау маусым айынан бастап жүргізілуіне орай саладағы көрсеткіштер төмен қалыптасқан. Басқарма басшының сөзінше, өтінімдегі барлық жұмыс орындары жыл қорытындысымен жұмысшылармен қамтылмақ.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» көрсеткіші бойынша 12534 жұмыс орнын құру жоспары бекітіліп, қазіргі уақытта салық органдарынан алынған жүктемеге сәйкес, 2222 жұмыс орны құрылды. Осылайша, жалпы жоспар 17,7 пайызға орындалды. Бұдан бөлек электронды еңбек биржасында облысымызда биылғы жылы 192 жоба бойынша 2732 жұмыс орынын құру жоспарланған. Есепті кезеңде 98 жоба электронды еңбек биржасына енгізіліп, 442 азамат жұмысқа орналастырылды, – деді Еркін Келесов.

Басқарма басшысының сөзінше, өткен жылмен салыстырғанда өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 8933 адамға қысқарған. Бұл тұрғыда аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев айқындалған бағыттар бойынша жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп, жауаптыларға қаржылай көмектің шын мұқтаж жандарға жеткізілуін қамтамасыз ету қажеттігін тапсырды.

– Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың кезеңкезеңімен азайып келе жатқаны жақсы көрсеткіш. Дегенмен, қаржылай көмек расымен мұқтаж жандарға берілуі керек. Сонымен бірге қайтарымсыз гранттарды үлестіруде ашықтықты қамтамасыз ету – маңызды. Бұл бағытта заңнама талаптарына сай келмейтін азаматтарға қаржылай көмек тағайындау, мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалану болып саналады. Сондықтан аудан әкімдері тиісті басқармамен бірлесе отырып, аталған заңсыздықтың алдын алу бойынша жұмыстарды жүйелі жүргізуі қажет. Бүгінде республика аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүргізіліп жатқаны белгілі. Осы ретте Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы қоғамдық жұмыстарға жұмысшы күштің жетіспеушілігі байқалады. Сол себепті тазалық жұмыстары бағытындағы квота санын арттыру керек, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жиын соңында облыс әкімі Тараз қаласы мен аудан басшыларына күн тәртібінде көтерілген мәселелер аясында кемшіліктердің оңтайлы шешім табуына қолайлы жағдай жасап, жауаптыларға аталған бағыттағы жұмыстарды назарға алуды тапсырды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар