
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономикадағы қазіргі ахуал туралы, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов фискалдық және ақша-несие саясатын іске асыру, Қаржы министрі Мәди Тәкиев республикалық бюджеттің атқарылуы жайлы баяндама жасады.
Сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік, сауда және интеграция, энергетика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің және бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Алдын ала мәліметтер бойынша 2025 жылғы қаңтар-маусым айларында жалпы ішкі өнім көрсеткіші – 6,2 пайызға жетіп, өсу қарқынының артуы құрылыс, сауда, өнеркәсіп және байланыс салаларында тіркелген. Премьер-министр Президенттің экономиканы әртараптандыру және оның ұзақмерзімді әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету жөніндегі міндетіне назар аударып, осыған байланысты іскерлік белсенділікті ынталандыру, инфрақұрылымды дамыту және цифрлық технологияларды енгізу үшін қажетті Үкімет қабылдаған кешенді қадамдардың маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысының экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет тарапынан жүйелі шаралар қабылданып, іске асырылып жатыр. Негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика бар. Инвестицияларды белсенді түрде тарту түрлі салаларда аса маңызды бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды бастауға ықпал етті. Мемлекет басшысы өңіріміздегі тұңғыш суперкомпьютер кластерін іске қосты. Оны қолдану кең ауқымды цифрландыру мен ашықтықты арттырып, көптеген экономикалық мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді», – деген Олжас Бектенов экономиканы әртараптандыру арқылы ұзақмерзімді әрі орнықты өсімді қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Негізгі капиталға салынатын инвестициялар мен тікелей шетелдік инвестициялар бойынша нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету керектігін атап өтті. Өңдеу өнеркәсібінің тұрақты өсуі үшін ұзақмерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ете отырып, отандық кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін арттыру тапсырылды.
Сонымен қатар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда тиісті инженерлік сондай-ақ көлік инфрақұрылымын құру жұмыстарын жеделдету қажет. Үкімет отырысында халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын белсенді тартудың маңыздылығы айтылып, еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі кеңейту үшін көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру шараларын жеделдету міндеті қойылды.
Бұған қоса Премьер-министр егін орағы мен жылыту маусымына дер кезінде дайындалу үшін ішкі тасымал көлемін ұлғайтуды, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткілікті әрі сапалы қорын қалыптастыру үшін тиімді логистиканы қамтамасыз етіп, өнімді сақтау және сату тетіктерін әзірлеуді, мүдделі мемлекеттік органдарға сауда саласының одан әрі дамуын және отандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін арнайы аграрлық азық-түлік маркетплейсін құру бойынша ұсыныстар енгізуді, сонымен қатар газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын іске асыруды жеделдетуді, инфляцияны бақылау мен төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен әкімдіктер жұмысының маңызды басымдығы. Өңірлер ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету және делдалдық схемаларды анықтау жұмыстарын күшейтуге тиіс. Бұл орайда тұрақтандыру қорлары, форвардтық келісімдер, субсидиялау және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету сияқты тиімді құралдар бар. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту керек. Барлық бағыттар мен салалар бойынша кең ауқымды шараларды жүзеге асыру – тұрақты экономикалық өсімнің берік негізі, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министр журналистердің Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай экономиканы әртараптандыру арқылы 450 миллиард долларға дейін қол жеткізу және елді толық газдандыру туралы тапсырмаларына, бизнестің салық міндеттемелерін әділ көлемде орындауына, әлеуметтік саладағы шығындарға қатысты сауалдарына жауап берді. Мәселен еліміздегі ірі құрылыс компанияларының салық төлеу мәселесі сөз болды.
Брифингте «Елімізде коммуналдық кызметтердің бұған дейін болжанған тарифтері қайта қаралып, төмендетілді», – деген Олжас Бектенов Үкіметте ТКШ тарифтерін қайта қарау себебін түсіндіріп, тарифтердің өсу қарқынын тежеу алдын ала жоспарлаған түзетулердің бір бөлігін кейінге қалдыру, ұзақмерзімді қаржыландыруды тарту, монополистердің операциялық шығындарын қайта қарау сынды бірқатар шаралар есебінен мүмкін болғанын айтты.
Қабылданған шаралар нәтижесінде тарифтердің өсу қарқынын айтарлықтай баяулату жоспарланып отыр.
Aq jol-Aqparat
Ұқсас жаңалықтар
Облыстық мәслихат депутаттарының назарына
- Бүгін, 02:07
Мәдениет ошағы – ауылдың рухани айнасы
- Бүгін, 02:03
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді