Қазақ-жапон ғалымдары Бүйрекбастау-Бұлақта археологиялық зерттеуді жалғастыруда
- author «Ақ жол»
- 15 шілде, 2025
- 336

Ауқымды экспедиция Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Жапонияның Нара ғылыми-зерттеу институтының ғылыми ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылуда. Экспедицияның басты мақсаты – төменгі және орта палеолит дәуіріне жататын мәдени қабаттарды зерттеп, сол кезеңдегі адамның тіршілік ортасы мен еңбек құралдарын ғылыми тұрғыда сараптап, тарихи деректерді анықтау. Үлкен мақсатты көздеген жобаны Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов пен Нара ғылыми-зерттеу институтының профессоры, PhD докторы Садакатсу Кунитаке басқарады.
Экспедиция құрамында PhD докторы Ейки Суга, Васэда университетінің студенті Милена Сугияма және Нью-Йорк университетінің аспиранты Мирас Есмұратұлы бар. Облысымызда зерттеу жұмыстарын жүргізумен еңбектенгеніне 50 жылға жуықтаған экспедиция жетекшісі Жәкен Таймағамбетов 2017 жылы Бүйрекбастау-Бұлақ палеолиттік тұрағына келген. Ол кезде де қасында Нара ғылыми‑зерттеу институтының профессоры Садакатсу Кунитаке болған. Бұлақ басындағы көне жәдігерлер, яғни тас құралдар ғалымдардың көзіне түсіп, ертедегілердің ізін жасырған құпия барын сезіп, осы аймаққа қызығушылық артқан. Алайда ол сәтте терең зерттеу жүргізуге уақыт тығыз болып, бір шаршы метрдей ғана қазған, 50 сантиметр тереңдіктен тас құралдары табылған.
– Алғаш келгеніміздегі қызығушылық басым болғанымен асығып, ұзақ зерттеу жүргізе алмадық. Дегенмен, келесі жылы тағы келеміз деген оймен кеткенбіз. 2018 жылы қайта келіп, 12 шаршы метрдей қазба жасап, көптеген тас құралдарын таптық. Топырақтың қалдығын, табылған ошақтың күлін алып, лабораторияға жібердік. Олар Жапонияның Нара институтында зерттеліп, бұл жәдігерлердің осыдан 16 мың жыл бұрын жасалғаны анықталды. Кейін 2019 жылы тағы келіп, арғы жағынан 20 шаршы метрдей қазып, тағы біраз көнеден қалған заттарға тап болдық. Өкінішке қарай, 2020 жылы пандемияның кесірінен жапон ғалымдары келе алмай, қазба жұмыстарын жалғастыра алмадық. Былтыр Токио университетінде дәріс оқыдым, сонда Нара университетінің басшылығына бірге жұмыс істегендері үшін алғысымды білдіріп, сол істі жалғастыру керегін айтқан едім. Сол кездесуде қазіргі зерттеуімізге қатысып жүрген студенттер де болды. Кездесуге Васэда университетінің студенттері де қатысқан болатын. Сонда қызығушылық білдірген Милена Сугияма қазір бізбен бірге экспедицияда зерттеуге қатысып жүр. Биыл наурыз айынан бері экспедицияда жүрмін. Бастапқыда Қазақ-РесейӘзербайжан экспедициясы Каспий теңізінің жағасында болды. Одан кейін Нью-Йорк университетімен бірге Ақтоғай үңгірін зерттедік. Оларды шығарып салғаннан кейін жапондықтармен бірге міне осы Бүйрекбастауға келіп, аяқсыз қалған зерттеуімізді жалғастырудамыз. 6 шаршы метр қазба жасағанда 2 метр 10 сантиметр тереңдіктен тағы ошақ және оның маңайынан тас құралдары табылып жатыр. Біздің пайымдауымызша, сол ошақтың маңайында адамдар тас өңдеген, табылған жәдігерлерге қарағанда сол жерде зертхана болған. Өкінішке қарай, бұлақ болғандықтан су шығып, терең қаза алмай жатырмыз. Қазғанымыз түнімен тұрып жиналған суды таңертеңгісін шелектеп тасып шығарамыз. Мүмкін су тартыла бастағанда күзде келіп, жалғастырсақ па екен деген де ой бар. Бізді несімен қызықтырды дегенге тоқталсақ, Жамбыл өңірі тарихи ескерткішке бай, тас дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі жәдігерлер кездеседі. Тіпті тастар жер бетінде жатыр. Бұл аймақтар шөл болғандықтан, бос топырақты жел айдап әкетеді. Мысалы Қызылтау деген тұрақ бар, бір шаршы метрде 700-800 тас құралдары кездеседі, бәрі де жердің бетінде жатады. Біз оны Қазақ-Ресей экспедициясымен 1995 жылдан бастап 10 жылдай зерттеп, кітапқа басып, шығарғанбыз. Ал мәдени қабаты бар, топырақ басып қалған тұрақтар сирек кездеседі. Ондайлардың қай жылдан қалғанын анықтау оңайырақ. Себебі әлгінде айтқанымдай, күлдің қалдығы арқылы 16 мың жыл бұрын жасалғанын таптық. Ал күлдің қалдығы 60 мың жылға дейінгіні анықтауға жарайды, ары қарай зерттей алмайды. Сонымен қатар топырақты анализ жасап, миллион жылға дейін анықтауға болатын жаңа тәсіл пайда болды. Енді осы Бүйрекбастаудағы тіршілік біз әзірге тапқан жәдігерлер көрсеткендей, 16 мың жылмен шектелмейді деп ойлаймыз, одан да арғы уақытқа созылуы мүмкін, оны анықтайтын жәдігерлер топырақтың астында әлі көмулі жатуы мүмкін, – дейді Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов.
Профессордың айтуынша, біздің елде топырақ пен күл қалдықтарын зерттеумен уақытты анықтайтын зертхана жоқ. Сол себепті бұл маңайдан алынған топырақ және күл қалдықтары Жапонияға жөнелтіліп, зерттелуде.
– Жапонияның Нара қаласы Қазақстанның Таразы секілді тарихы тереңде жатқан көне шаһар. Сондықтан мені Жамбыл өңіріндегі тарихи жәдігерлер қатты қызықтырады. Бұл жолғы Жамбыл өңіріне келудегі мақсатым – Орта Азияның кіндігі саналатын Қазақстан жерінде ежелгі дәуірде кімдер өмір сүргенін және олардың тұрмыс-салты қандай болғанын зерттеу. Әрине ол көненің көзі болып бүгінге жеткен естеліктермен ғана белгілі болады. Қазір біз үшін тарих туралы ескерткіштер сөйлейді, сан жылдар бойы топырақ астына бүккен құпиядан сыр шертеді. Осындағы қазба жұмыстарымыздың нәтижесінде табылған тас қарулар сол замандардағы тұрмыс салтын ғана емес, елдің экономикасынан, кәсібінен, инфрақұрылымынан да хабар береді, – деді Нара ғылыми‑зерттеу институтының профессоры, PhD докторы Садакатсу Кунитаке.
Жәкен Таймағамбетов Еуропа елдеріне барып, баяндама жасап, дәріс оқығанында Бүйрекбастау-Бұлақтағы тарихи деректерді айтса, Садакатсу Кунитаке өз елінде біздің құнды жәдігерлеріміз туралы жариялап жүр екен. Яғни ғалымдардың еңбектерімен біздің өңірдің тарихы әлем елдеріне танылып жатыр деген сөз.
Қазіргі жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының нәтижесінде ошақ орыны табылды. Сонымен қатар осы жерден 16 мың жыл бұрынғы тас дәуірінде өмір сүрген адамдар қолданған құралдар мен тас қарулар көне жәдіргерлердің қатарын толықтырды. Кездескен күл қалдықтары арнайы зерттеу үшін Жапонияға жөнелтілмек.
Айта кетейік, Қаратау жотасы – қазақ археологиясының алтын діңгегіне айналған аймақ. Мұнда орналасқан Бөріқазған, Тәңірқазған, Шабақты, Қызыләуіт пен Бүйрекбастау сияқты тұрақтар адамзат тарихының 1 миллион жылдан 140 мың жылға дейінгі кезеңін қамтитын бірегей археологиялық кешендер. Олардан табылған қырғыштар, тілікшелер мен шапқылар – алғашқы адамдардың аңшылықпен айналысып, табиғатпен үндестікте өмір сүргенін дәлелдейді.
Аталған ескерткіштер алғаш 1946 жылы академик Әлкей Марғұланның жетекшілігімен табылып, кейін 1950-60 жылдары белгілі археолог Х.Алпысбаевтың бастамасымен терең зерттелді. Қазір бұл нысандар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналды.
Профессор Жәкен Таймағамбетовтің сөзіне сүйенсек, Бүйрекбастау-Бұлақ тұрағынан алғаш рет тас құралдар 2017 жылы табылған. Сол жылы бастау алған археологиялық зерттеу жұмысы биыл қайта жалғасып, тағы көптеген көне ескерткіштерге кезіктіріп отыр. Биылғы зерттеулердің нәтижесі төл тарихымызды кеңейтіп, құнды деректермен байытары анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Алып көпір құрылысының аяқ алысы қалай?
- 31 шілде, 2025
Ақпарат
Бас жүлдені 8 команда сарапқа салды
- 7 тамыз, 2025
Байзаққа бардық, не көрдік?
- 7 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді