
Кейіпкеріміз бала кезінен медицина саласына қызығушылық танытқан. Бұл арманы оны Қарағанды жоғарғы медициналық интерколледжіне жетеледі. Осында фельдшер мамандығын меңгеріп, 2023 жылы оқуын сәтті аяқтады. Толғанай еңбек жолын жедел жәрдем №5 станциясында фельдшер болып бастайды.
Адам өміріне араша түсіп, қиын сәттерде көмек көрсету – бұл мамандықтың басты ерекшелігі. Ал бұл қызметті жүрек қалауымен таңдаған жас маман үшін бұл жұмыс тек міндет емес, өмірлік миссияға айналды. 2023 жылдың қазан айында Толғанай 31775 әскери бөлімінде 1 мотоатқыштар батальонының бөлімше командирі – фельдшер лауазымына тағайындалды.
Бұл – үлкен жауапкершілік пен сенім. Оның әскери қызметтегі жетістіктері тек кәсіби машықпен шектелмейді – ол тәртіптілік, төзімділік, батылдық пен жанқиярлықтың үлгісін көрсетіп келеді. Толғанай еліміздің Қарулы Күштері арасында өткен «Әскер аруы» фотобайқауына қатысып, тек маман ғана емес, тұлға ретінде де жарқырай көрінді. Оның бойындағы мәдениеттілік, жауапкершілік пен қайсарлық қазіргі жастарға үлгі болары сөзсіз. Жуырда ғана онымен аз-кем тілдесудің сәті түскен еді...
– Толғанай, медицина мен әскери саланы қатар алып жүру қиын емес пе?
– Иә, оңай емес. Бірақ мен өз мамандығымды жүрегіммен таңдадым. Әскери медицина – ерекше сала. Мұнда жауапкершілік те, тәртіп те, батылдық та қажет. Кез келген сәтте өзіме емес, өзгеге көмек көрсету – менің басты ұстанымым.
– Сіздіңше, қазіргі жастарға не жетіспейді?
– Меніңше, қазіргі жастардың мүмкіндігі мол. Бірақ кейде сенімсіздік, бірбеткейлік кедергі келтіреді. Өз күшіңе сеніп, табанды болу – басты қағида. Мақсат болса, жол табылады.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– Мен өз білімімді әрі қарай жалғастырып, әскери-медициналық салада білікті маман болғым келеді. Еліміздің денсаулық сақтау мен қауіпсіздігіне үлес қосу – менің өмірлік арманым.
– Нәзік жанды замандастарыңызға айтарыңыз бар ма?
– Қай салада болсын, өз орныңды табуға болады. Ең бастысы, еңбек ет, адал бол, елге қызмет ет! Әйел заты нәзік болғанымен, рухы мықты. Әркім өз болашағын өзі қалыптастыратынын ұмытпауы тиіс.
Әңгімеңізге рақмет!
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
«Мен үшін ғылым – тек зерттеу ғана емес»
- 5 тамыз, 2025
«Спорт – әскеріміздің сапасын арттырады»
- 31 шілде, 2025
Ақпарат
Бас жүлдені 8 команда сарапқа салды
- 7 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді