«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Созаққа ағын суды қалай жеткізуге болады?

Созаққа ағын суды қалай жеткізуге болады?
Автор
Егінге ағын су жеткізу әлі күнге өзекті болып тұр. Бұл мақсатта арнайы қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар да баршылық. Соның бірі – шөлейтті аудандарға ағын суды жеткізу. Жалпы, Шу өзені арнасы арқылы Түркістан облысының Созақ ауданына «Фурманов» каналымен су жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл арнаның табаны тазартылуда.

«Қазсушар» кәсіпорны Жамбыл филиалының директоры Қайрат Аманның айтуынша, Мойынқұм ауданындағы «Фурманов» айналма каналының жалпы ұзындығы – 120 километрді құрайды. Ал оның су өткізу мүмкіндігі секундына 45-50 текшеметр. Ол канал Мойынқұм ауданының Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек елді мекендерінің қасынан өтеді. Бұл аталған ауыл аймақтың гүлденуіне, қайта түлеуіне сеп болмақ.

– Түркістан облысы, Созақ ауданына Тасөткел су қоймасынан Шу өзені арқылы көршілес аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жылына 200 миллион текшеметр ағын суды аудан шекарасынан өткізу көзделген. Бүгінгі таңда топотүсірілім жұмыстары толық аяқталды. Қаржыландыру көзі Ислам Даму Банкі Халықаралық қаржы ұйымына ұсынылу жоспарлануда. Сондай ақ алдағы айларда Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Түркістан облысы әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Фурманов» айналма каналына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп, биыл осы арнамен су босату жоспарлануда, – дейді Қайрат Аманов.

Атап өтерлігі, аталған арнаға 1984 жылдан бері механикалық тазалау жұмыстары жүргізілмеген. Соңғы 40 жыл бойы табаны құрғап қалған арна алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама аясында Тасөткел су қоймасынан Шу өзені арқылы су түсіру жоспарлануда. Бұл бір жағы шөлейтті аймақтағы табиғи экожүйені қалпына келтіруге септеседі деген болжам бар. Жарты ғасырға жуық су түспеген арна табанын тазарту үшін Түркістан облысы тарапынан («Тұран-су» МКМ) бөлінген 2 шынжыр табанды экскаватор, «Қазсушар» кәсіпорны Жамбыл филиалынан жіберілген 1 жүктегіш техника тынымсыз жұмыс істеп, тоғанда тазалау жұмыстарын жүргізуде.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Мойынқұм ауданы

 

 

Ұқсас жаңалықтар