«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таразда егілген талдар неге өнбей қала береді?

Таразда егілген талдар неге өнбей қала береді?
Автор
Тараз – әу бастан жасыл желегімен аты шыққан, көк желекке көмкерілген иранбақтай қала. Бірақ соңғы жылдары қалада өсіп, өніп кеткен тұрған тал-дарақ аз болып тұр. Жас өскіндер егіліп жатыр. Бірақ жерсінбей жатыр ма, әлде жеткізілген ағаштардың сапасы нашар ма? Су тапшы ма?

Жыл сайын дәстүрлі түрде бір айқай болады. Ағаш неге қурады, қураған ағаштың саны қанша? Мұны анықтап жатқан адам жоқ. Жылда ақша бөлінеді. Мәселен, «Жасыл ел – Тараз» мекемесінен сұрастырғанымыздай, биылғы көшеттер бір көзден, тендерсіз сатып алынған. Кепілдігі бір жыл. Бұл ауызша айтылған мәлімет. Кепілдігі бар ма, жоқ па, оны да Құдай біледі.

Таразда жыл сайын түрлі ағаштар егіледі. Оған бюджеттен әжептеуір қаражат бөлінеді. Өңірімізде «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2023 жылы «Қызылабад» шағынауданына 20 мың түп ағаш егілген. 2024 жылы да 20 мың ағаш отырғызылған. 2025 жылға 20 мың ағаш егу жоспарланған. Соның 10 мыңы отырғызылыпты. Енді күз айында қалған он мыңы егілмек. Ал адам саны ең көп шоғырланған «Ұлы дала» шағынауданына қазіргі уақытта 1560 ағаш отырғызылған. Судың да сұрауы бар.

Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері республикалық экобақылау акциясы аясында егілген ағаштардың жай-күйін бақылап, олардың күтімін, суғарылу барысын, қаншауы жерсінгенін тексеріп көрді. Зерделеу тобын облыстық мәслихаттың депутаты, эколог маман Серік Қойбақов бастады. Қоғамдық бақылау барысында тал-дарақтардың күйі зерделеушілердің көңілінен шықпады. Ең бірінші «Ұлы дала» шағынауданындағы Көшек батыр көшесі бойындағы саябаққа бардық. Мұнда 2025 жылдың наурыз айында 150 терек, 200 қарағаш, 75 катальпа, 75 шаған ағаштары егілген екен.

Талдардың барлығы су ішпеген, сусызданып тұр. Қурап кеткені қаншама?! Штаб мүшелерінің ішінде эколог, орманшылар, қаржыгерлер, БАҚ өкілдері болды. Штаб мүшесі, ардагер Құрманбек Есімбеков қолына құрал-саймандарын алып, ағаш түбін, яғни топырақты аршып көрді. Су тимеген, түбі құп-құрғақ. Жауапты «Жасыл ел – Тараз»мекемесінің бас аграномы Жасұлан Молдабаевтың айтуынша, ағаштар бір аптада бір суарылуы тиіс екен.

– Қазіргі күні қала екіге бөлінгендіктен мәліметті солай айтайын. Биылдыққа Жібек жолы ауданы бойынша 13115 ағаш отырғызылған Ал Әулиеата ауданы бойынша 2207 ағаш егілді. 2024 жылы көктем мезгілінде 13121 дана ағаш, күз мезгілінде 13486 тал отырғызылды. Биыл да 20 гектар жерге он мың түп қара ағаш егілген. Егілетін жерлерге тыңайтқыштар себілді, таңбаланды, суарылды, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Атқарылған жұмыстарға бөлінген қаражат көлемі 29 398 079 теңге, – деді ол.

«Жаны ашымастың қасында, басың ауырмасын» деп бекерге айтылмаған екен. №64 мектептің жанында егілген ағаштар түгел қурап кеткен. Мұнда 64 дана сирия розасы, 64 шаған, 64 талшын, 64 сирень талдары егіліпті. Жетім баланың халін кешкен ағаштар үшін жер бедері тегістелмеген. Ирригациялық жүйелер арқылы ағын сумен қамтылмаған. Жүйелі түрде суғарылмаған. Ауру ағаштарды емдеу шаралары дер кезінде ұйымдастырылмаған. Суғаруға қатысты су ұңғымалары жоқ. Көшеттер арасында эстетикалық абаттандырулар жүргізілмеген. Арасын арам шөп басқан. Тексеріс келеді деген соң ба, суғарылыпты. Алайда, ағаштарға шетінен құрт түсіп, ауырып тұр. Күтімі жоқ көшет қайдан өнсін? 2023 жылы Таразда 10 гектарға егілген 12 мың түп ағаш қурап кеткен еді. Оған «Жасыл белдеу» жобасы аясында 9 миллион теңге бөлінген болатын. Осылайша ақша желге ұшқан еді. Бюджет қаражаты биыл да рәсуа болмай ма? Өйткені қалалық қоғамдық кеңестің анықтағанындай, «Ұлы дала» шағынауданына және «Қызылабад» шағынауданына егілген көшеттердің көбі өнбеген, жартысы ауру, тіпті суғарылмаған. Тал егу үшін бірінші сумен жабдықтап, жердің мемлекеттік актісін жөндеп барып ағаш егуші еді. Аттандап құр босқа еге берген. Енді тағы да қаражат далаға кетпекші. Баяғы жартас, сол жартас. 2024 жылы да сәндік экзотикалық ағаштар жерсінбей қурап қалған. 40 жыл осы салада жұмыс істеген ардагер Серік Қойбақов та тексеріс барысының басы қасында жүрді. Егілген ағаш еш уақытта 100 пайыз өніп шықпайды. Тарихта ондай жағдай болған емес. Алайда 80-90 пайызы өніп шығуы қажет. Жауапты мекемеде талдау жоқ. Көктемде егілген ағаштың нешеуі қурады? Қай ағаштар жерсінбей тұр? Күзде осы қателіктерді қайталамау қажет. Қазір сұрасам, мардымды жауап естіп тұрғаным жоқ. Ағаш та – тірі организм. Ол бала секілді. Мәпелеп, түбін қопсытып, әктеп, суғарып, жас балаша қарасаң, екі жылдан соң дес бермей өсіп кетеді. Егілген ағаштардың күтімі жоқ екені бірден көзге түсіп тұр. Тал көшеттерін сатып аларда түбіне қарау керек. Оның түбінде мицелия саңырауқұлағы болғаны абзал. Ол болмаса ағаш өнбейді. Топырағы керемет тыңайтқыш қосылған болса да, ағаш боп өсіп кетпейді. Егудің де қыр-сыры бар. Егіп болған соң аяқпен таптау керек. Міндетті түрде артынша су құю қажет. Екі жыл күтім қажет. Мәселен сексеуілді құдай солай жаратқан. Шөлді жерде сусыз өне береді. Бірақ бастапқыда оған да екі жылдай нәзік тамырларына күтім жасау қажет, – дейді Серік Қойбақов.

Бұдан соң Құмшағал, «Қызылабад» шағынаудандарына егілген ағаштардың жайымен таныстық. Бізді Рәтбек Несіпбай есімді агроном күтіп алып, жол бастап жүрді. Саңқылдап сөйлеп, 2023 жылы бұл салада жұмыс істемегенін, ол жылдарға жауап бере алмайтындығын айтып әлек. Ағаш егілген жерге қарасақ, 2023 жылы егілген ағаштар түгел қурап кеткен. 2024 жылы егілгендердің 80 пайызы жайқалып тұр. Ал биылдыққа егілгендер 20 пайыз өнген.

Шынымды айтсам, осында қона жатып жұмыс істеймін. Мұнда 5 жұмысшы бар. Су – тіршілік көзі, өмірдің нәрі. Кінә бізде емес. Мұнда су жоқ. Жердің мемлекеттік актісі жоқ. «Казсушар» РМК мекемесі жердің мемлекеттік актісі болмаса су бермейді. Онсыз берсе, ол заңсыздық деп танылады. Сосын айыппұл төлеуге мәжбүр боламыз. Мұраппен, сушымен келісіп, әке-көке-жәкелеп су алып отырмыз. Бізді сумен қамтамасыз етсе екен. Әкімшіліктен сұрайтынымыз осы. Неше түрлі акциялар боп жатады. Студенттер, жастар ағаш отырғызып кетіп жатады. Бәрі көзбояушылық. Олар еккенде қорқып қарап тұрамын. Ағашты дұрыс екпейді, олар кеткен соң қайта егеміз. Адамға екі жұмыс. Сондай акциялардың не керегі бар? Менің егілген ағаштарға жаным ашиды. Өз жұмысымды жақсы көремін, – дейді Рәтай Несіпбай.

Мына аптап ыстықта ағаш тұрмақ, адам да қаталап жүр. Жұмысшылар шамасы жеткенше басшылардың айтқан қатаң тапсырмасымен аптасына бір рет суғарып жатса керек. Аптасына бір емес, күн ара суғарылса да жақсы. Өйткені жер кеуіп кетіп жатыр. Енді сұрақ туындайды, қалалық әкімдіктің жауапты басшылары қайда қарап отыр? Әкімдік мұнда су тартылмағанын білмейді ме? Алдын ала неге сумен жабдықталмаған? Жыл сайын неге Таразда ағаштар өле береді?

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 

Ұқсас жаңалықтар