
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабына 2021 жылғы 29 желтоқсанда өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұған дейін көрнекі ақпаратқа қойылатын талап бір ғана нормамен айқындалды, орналасу тәртібіне ғана талап қойылды. Тіл туралы заңнамада көрнекі ақпараттың мәтіндерінде кездесетін орфографиялық, грамматикалық және стилистикалық қателіктерге жол бермеу және тіл нормасына сәйкес жазу мәселесі қаралмаған еді.
Орфография нормалары сақталмай ресімделген көрнекі ақпарат проблемасы оны заңдық тұрғыдан шешуді қажет етті. Осы проблеманы реттеу мақсатында Тіл туралы заңға көрнекі ақпарат мәселелері бойынша атап айтсақ, деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндерін орфография нормалары және мәтіннің тең түпнұсқалы аудармасын сақтай отырып жазу талабы енгізілді. (2021 жылғы 29 желтоқсан №94 VII ҚРЗ).
Осы орайда облыс аумағында кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талаптарының орындалуы бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп, басқарма тарапынан да апта сайын зерделеу жұмыстарын ұйымдастырып келеміз. Сондай ауқымды әрі мәні терең іс-шаралардың бірі – «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық!» атты облыстық айлық. Биыл облыс көлемінде сәуір айында өткен айлық аясында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, біраз кемшіліктер анықталды.
Жалпы, облыс аумағында 1-30 сәуір аралығында 168 көше қамтылып, жалпы 3400-ге жуық көрнекі ақпараттар мен жарнаманың тіл туралы заңнамаға сәйкестігі зерделенді. Оның ішінде 213 кемшіліктер анықталып, 5-еуі алынып тасталды, 208-іне түзетуге мерзім берілді. 113-тен астамы «Тіл туралы» Заңның 21-бабының талаптарын сақтамаған және әріптері түсіп қалған, мәтіндері жаңартылмаған 31 көрнекі ақпараттар анықталды. Ол үшін арнайы топ құрылды. Топ құрамында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері, «Ойталқы» спикерлер клубының мүшелері, тіл жанашырлары мен журналистер бар.
Алғашқы рейд қаланың орталық даңғылы – Абай даңғылының бір бөлігінен басталды. Шыны керек, бұл маңайдағы түрлі нысандардың көпшілігі – тамақтану орындары, дүкендер, тіл оқыту және білім беру курстары, дәріханалар, стоматологиялық кабинеттер, туристік агенттік, ломбард, мемлекеттік тілде ақпарат беруді тек екі тілдегі маңдайшамен шектеген. Ал жұмыс кестесі, түрлі жарнамалар, хабарландырулар, баға туралы ақпараттарға келгенде «баршаға түсінікті» деген бұрынғы ұғымды негізге алып, орыс тілін ғана қолданған. Өз кезегінде, бұл – Тіл туралы Заңның 21-бабына қайшы келетін іс.
Алайда мамандардың, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің түсіндіруінен, яғни, заң талабы алға тартылғаннан кейін кәсіпкерлердің барлығы да сөзге келместен өз қатесін түзеуге уәде берді. 2025 жылдың 13 қаңтарында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.
Осы заңмен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 21-бабында маңдайшаға қатысты толықтырулар енді. (13.01.2025 №157-VIII) Заң күшіне еніп, маңдайшаларды жергілікті атқарушы органдармен келісудің тәртібі әзірленуде. Нәтижесінде, кәсіпкерлердің стилистикалық, орфографиялық, грамматикалық қателіктермен маңдайшаларды өз қалауы бойынша орналастыруына жол берілмейді.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Әкімшілік Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының 729-бабы 2-1) тармақшасына сәйкес, осы «Кодекстің 75-бабында көрсетілген Әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жаза тағайындауға тілдерді дамыту саласындағы қызметті жүзеге асырушы жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесінің басшысы және оның орынбасары құқылы», – деп жергілікті атқарушы органдарға құзыреттілік берілді. (10.01.2025 № 155-VIII).
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасатын болады. Мемлекеттің әрбір азаматы өз Отанына, оның Заңдарына және мемлекеттік тілге деген құрметін өз іс-әрекетімен көрсетуі тиіс. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, ең бастысы мемлекеттік емес ұйымдардағы көрнекі ақпарат құралдарындағы кемшіліктер уақтылы түзетіліп, көрнекі ақпараттар тіл заңдылығына сәйкестендірілгені абзал.
Гүлнұр ӘМІРБЕКОВА,
облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді