«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулиеата туралы жолсапар жазған АЛАШОРДАШЫ ЖУРНАЛИСТ

Әулиеата туралы жолсапар жазған АЛАШОРДАШЫ ЖУРНАЛИСТ
Ашық дереккөз
Киелі Әулиеата жерін екі мыңжылдықта кімдер қоныс етіп, кімдер мекен қылмаған?! Арғысы ғұндар, түргештер мен қарлұқтар, бергісі қараханидтер мен Таным Қазақ хандығына дейінгі қасиетті мекен талай мемлекетке ата қоныс, алтын тұғыр болды. Отаршылдықтан кейін Әулиеата атын иемденген шаһарда әр жылдары Шоқаннан бастап Міржақып, Сәкен, Ілиястар табан тіреп, осында Т.Рысқұлов пен О.Жандосов, С.Аблановтар қызмет қылған. Әулиеата жеріне жолы түскен алашордашылар қатарында Мұхамедсәлім Кәшімов те болған.

Мұхамедсәлім Кәшімов – Қазан төңкерісіне дейін-ақ қазақ даласында аты белгілі болған ақын, жазушы, журналист. Бұрынғы Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Қотыркөл болысында туған. Білімге жастайынан құштар М.Кәшімов алғаш Уфадағы «Ғалия» медресесін, кейін Қазан университетін бітірген. 1907-1909 жылдар аралығында туған халқын өнерге, білімге, мәдениетке шақырған.

«Әдеп», «Үгіт», «Насихат Қазақия», «Ақыл кітабы», «Сұлу қыз» сияқты өлең, қарасөздер жинағымен, 1914 жылы «Мұңлы Мәриям» романымен қазақтың өткен ғасырдың басындағы кәсіби жазба әдебиеті өкілдерінің алғашқы легіне қосылды. Баспадан шыққан кітаптарына «Мұхамед ибн Әлхаж Ғабдолла Рахман Кәшімов» деп, не «Ғабдырахман Кәшімов Көкшетаулық» деп қол қойып отырған қаламгер шығармаларынан оның ескіше де, орысша да оқыған білімді адам екені аңғарылады.

Белгілі қоғам қайраткері Мұхаметжан Сералинмен бірге қызмет атқарған ол Жетісу мен Қырғыз елін аралап, жол жазба, әңгіме ретінде сонда тұратын қазақтардың әдет ғұрпы, тарихы, этнографиясы, шаруашылығы, әдебиеті, мәдениеті туралы тұщымды мақала, очерктер жазып қалдырған. Сондай-ақ ол Қытайдағы қазақтар тағдырын алғаш қағазға түсірген жүрналистердің бірі.

Еліміздің әр аймағына сапар шеккенде Мұхамедсәлім Кәшімов сол кездегі қазақ мектептері мен медреселеріндегі оқу үдерісіне қатты алаңдаушылық білдіреді. Мұны қайраткердің Әулиеата жеріне жасаған сапарынан аңғаруға болады. Осында бір ай мерзім қонақ болып, шаһардың тіршілігімен танысқан журналист сол жылдағы өзі жұмыс істеген «Айқап» журналына Әулиеата ахуалы туралы бірнеше мақалалар жариялап отырған.

Мәселен, «Әулие Ата хабарлары» мақаласында автор өзінің шаһарда көрген білгендерін баяндап, оқу жайына алаңдаушылық білдіреді. Әулиеата халықтарының арасында ғылым мен оқу аз таралғанын, ал Троицк, Қызылжар, Көкшетау қалаларынан мұғалімдердің бұл маңайда болмауын, әлемде болып жатқан ғылым, оқу өнер турасындағы жаңалықтардан аймақтың хабардар болмауын жаза отырып, «Шаһарда тіпті сарттардың қаптап кеткені соншалық, Әулие Ата шаһары надандық шырмаған сарт шаһары болып кетіпті», – дей келе:

«Әулие-Ата шаһарында бір ай тұрғанымда әр жерлерін, әсіресе мешіттерінде намазда болып, аралап көрдім. Мешіттер бек көп болса да мектеп, медресе жоқ. Жалғыз ақ ноғай мешіті жанында мектеп бар екен, онда ноғай балалармен қосылып, қазақ, сарттан барлығы қырықтай бала бар. Ләкин. Сорымызға қарай, жақсы мұғалім де кез келмеген секілді көрінеді», – деп мектептің аздығын, маманның тапшылығын тілге тиек етіп, Әулие-Ата шаһарындағы осынау мәселені алға тартады.

Ендігі бір дерт газет-журналдардың насихатталмауын:

«...Газет-журнал мұсылмандарды аздырады, аулақ жүріңіз деуші де жоқ емес», – дейді.

Осы орайда ағартушы қайраткер Әулиеата қаласында білімге қатысты туындаған мәселеден арылудың жолын жаңаша оқыған оқытушының қажеттілігімен байланыстырады.

«... Сынауыма қарағанда, жақсы оқыған, мінезі оңды шәкірт, мұғалім болса, халқы қарсы тұрмас деп ойлаймын. Өйткені бөтен жерлерде болып жатқан «хадем, жәдит» мәселесі (мұсылмандық оқу жүйесіндегі ескі әдіс) бұл жақта жоқ. Бірақ ұсұл жәдидше (мұсылмандық оқудағы жаңа әдіс) оқытушы бар болса, тез хат танитұғын тәртіп бек хал қабыл ететұғын көрінеді», – дейді.

Шаһарда жүргенінде Мұхамедсәлім Әулиеата бабасының күмбезін көруге де барған. Бұл туралы ол «Айқаптың» 1912 жылы №4 санында жарияланған «Әулиеата бабамның шырақшылары» мақаласында сол кездегі шаһардың дінді құрал ретінде пайдаланған дүмше молдалар жайын қынжыла баяндайды. Дарбазаға кіре берісте бұлардың алдынан дағарадай-дағарадай сәлде ораған, ұзын-ұзын шапан сүйреткен, мұрындарын таңқайтып, мұрттарын тап тақыр етіп қырып тастаған сарт қожалар қарсы алған. Олар ылпың қағып қонақтарды бабасының қызыл кірпіштен салынған, көк бояумен боялған зор күмбезіне ертіп кірген. Бір құжыраға шөктіріп, сәждеге бас қойғызады. Құранды соғып-соғып оқып, ұзақ уақыт бет сипатқан. Сонан соң қос есіктің біріне іліп қойған арбиған мүйізді, қурап қалған қошқар басының қасына ертіп келіп.

– Бұл – қасиетті көк қошқардың басы. Садаға беріп, зиярат қылыңдар! – дейді.

Муриттердің әлі де қалта қағарын білген Мұхамедсәлим:

– Бұл қурап қалған қу баста қандай қасиет бар?! – деп мырс-мырс күлген.

– Әй, надан қазақ, – деп, шырақшылар ашулы шырай танытады.

– Бұл қағба емес, қурап қалған басқа зиярат қылу босқа табыну ғой, надандық ғой, – деп Мұхаң теріс айналады.

Ұзын шапанды сәлделілер:

– Ишанға қол беріп, мүрид болыңыздар! – деп олардың алдын орайды.

– Рақмет, – деп бұлар шыға бастаған сәтте оларды 7-8 қайыршы орап алып, алақан жайып жүргізбейді.

Ақырында Мұхамедсәлімдер садақа беріп, зорға құтылып шыққан. 1911 жылы 7 қараша күні Мұхамедсәлім Таразбен қоштасып, Шымкентке бет алады. Осы сәттегі көңіл-күйін ол былай суреттейді:

«Елде Алатау, Қаратау деп естігенде, жердің шеті ме деп таңқалатын оларды көруіміз һәм Алатау басының аппақ қар бүркеніп жатуы, Қаратаудың мұнарланып, мұңайып көрінуі біздің көңілімізді тағы да жұқарта түссе де, күмістей жалтырап, сарқырап ағып жатқан сулары, шуақ болып, нұр шашып тұрған күннің көзінен жұбаныш тауып, аяңдап келе жаттық».

Айға жуық уақыт аралығында Әулиеатаның әлеуметтік мәселелерін баспасөзге тізген алашордашы шаһардағы алғашқы мектеп интернатына (бүгінгі Керімбай атындағы 12 мектеп-гимназия) да бас сұққан. Оны журналистің «Әулиеата шаһарында Русско-Ассинская школа» атты мақаласынан аңғаруға болады.

Айта кетейік, 1883 жылы жергілікті болыс Керімбай Бұралқыұлы өз қаржысына қазақ балаларына арнап ашқан білім ошағы 1895 жылы Асса орыс-қазақ мектебіне айналады. Дәл осы мектепте 1919 жылы өңірдегі алғашқы ағартушылардың бірі – Ізбасар Абыланов интернат меңгерушісі, 1922 жылы үздік оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар