Қоғам тыныштығы үшін қызмет ететіндерге құрмет көрсетілді
- author «Ақ жол»
- 28 маусым, 2025
- 277

Жалпы, Қазақстан полициясының құрылғанына биыл 33 жыл жыл толып отыр. Айтулы датаны жамбылдық полицейлер де тарапынан Тараз қаласындағы «Баласағұн» облыстық концерт залында жоғары деңгейде атап өтті. Оған Тараз қаласы мен аудандардан полиция қызметкерлері мен ардагерлері қатысты. Мерекелік жиын облыстық полиция департаменті туының көтерілуімен салтанатты жағдайда ашылды. Мемлекеттік Әнұран орындалды. Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөз облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке берілді.
– Бүгінгі күні әлемде түрлі сын қатерлер туындап жатқан кезеңде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – өте маңызды міндет. Жалпы, ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда өңірде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны – 18,2, көшедегі қылмыстар саны – 17,2, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар саны – 26, мас күйде жасалған қылмыстар саны – 4,6, кәмелетке толмағандар қатысқан қылмыстар саны – 42,1, топпен жасалған қылмыстар саны – 23,5 пайызға азайған. Өңірімізде қылмыстың азаюына үлес қосқан оң бастамалардың бірі – алкогольді сусындардан бас тартқан 23 ауылдың үлгілі тәжірибесі. Бұл – ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері мен полиция қызметкерлерінің бірлесе атқарған жүйелі жұмысының нақты нәтижесі. Аталған қадам – тек құқықбұзушылықтың алдын алу емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың тәрбиесіне де үлкен әсер ететін маңызды жоба. Мұндай игі бастамалар өзге ауылдар үшін де үлгі болып, салауатты өмір салтын насихаттауға серпін беретініне сенімдімін, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
Мұнан соң аймақ басшысы полиция саласында елеулі көзге түскен азаматтарды құрметтеп, марапаттады. Осындай құрметке ие болғандардың қатарында Шу ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаев және полиция имиджін қалыптастырып жүрген Зайнулиндер отбасы бар. Атап өтерлігі, бұл әулеттің үш буыны – ата, әке және немере – барлығы да ішкі істер саласында еңбек етіп, өз мамандығына деген адалдығын дәлелдеп келеді.
«Осындай отбасылық дәстүрмен қалыптасқан династиялар – саланың абыройын көтеріп, жас қызметкерлерге үлгі бола алады. Сондықтан мұндай әулеттердің тәжірибесін кеңінен насихаттау маңызды деп есептеймін», – деп атап өтті аймақ басшысы марапаттау сәтінде.
Сонымен қатар жиында қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан қызметкерлердің жанқиярлық ерлігі де ескерілді. Бұдан кейін салтанатты жиында облыс әкімі 10 қызметтік автокөліктің кілтін тапсырды. Содан соң полиция қызметкерлерін облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев және облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер ұйымының төрағасы Тұрдалы Шералин құттықтап марапаттар тапсырды.
Шара барысында Ішкі істер министрінің бұйрығымен 35 полиция қызметкері ведомстволық марапаттарға ие болса, облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен 500-ден астам қызметкерге шен, медаль, төсбелгі, грамота мен алғыс хат табысталды. Сондай-ақ жиын барысында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің аналары мен жұбайларына құрмет көрсетіліп, оларға алғыс ретінде бағалы сыйлықтар табысталды.
Жиын соңы қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама мен түйінделді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Қайтарылған қаражат есебінен 711 жобаға несие берілді
- 22 шілде, 2025
Ақтоғайда жаңа демалыс орны ашылды
- 22 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді