
– Журналистика – халыққа ақпарат жеткізуші құрал ғана емес, асқан жауапкершілікті, шеберлікті, терең мәдениеттілік пен білімділікті талап ететін мамандық. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбегі өте күрделі және қоғамды алға жетелеуші күш десем артық айтпағаным болар. Ел Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне әрқашан қолдау көрсетіп, зор сенім артып келеді. Мемлекет басшысы «Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары қоғам санасын жаңғыртып, ұлт тұтастығын нығайту жолында айрықша рөл атқарады», – деп журналистердің қоғамдағы орнын айшықтап берді.
Расында, Сіздер еліміздің рухани дамуына, адамгершілік құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келесіздер. Бүгінгі өңіріміздің ақпарат саласында ағабуын қалыптастырған сабақтастықты жас журналистер лайықты жалғастырып келеді. Біз осындай үрдісті барынша сақтауымыз қажет. Ағымдағы жылы облыстық «Арай» газетінің 20 жылдығы, ауданның саяси айнасы әрі рухани шамшырағы «Шу өңірі» газетінің 90 жылдығы, «Құлан таңы» газетінің 85 жылдығы аталып өтілуде. Өңірімізден шыққан қазақ журналистикасының қара нарлары Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Бақытяр Әбілдаев, Мұса Рахманбердиев, Баттал Жаңабайұлы ағаларымыздың есімдері тарихта алтын әріппен жазылады. Оларды біз әрқашанда құрметпен еске аламыз, – деген Ербол Шырақпайұлы бірқатар журналистерге мерекелік марапаттарды табыстады.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы «Құрмет» орденімен, «JAMBYL» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ардагер журналист Әбділда Сәрсенбиев пен «Шу өңірі» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайған «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен наградталды.
Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен «Jambyl-Taraz» газеті Бас директорының экономика жөніндегі орынбасары Индира Тайлыбаева, аталмыш министрліктің Алғыс хатымен «Turaninfo. kz» ақпараттық агенттігінің директоры Исламбек Дастан мен «Тaraz 24» телеарнасының дизайнері Мейіржан Ерболатов марапатталды.
Ал «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі «JAMBYL» телеарнасының аға режиссері Ұлдана Смаилова, «Талас тынысы» газетінің бас редакторы Дүйсенәлі Молдақұлов, «Шу өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Руслан Искаков пен «Құлан таңы» газетінің оператор дизайнері Фаризат Кабираеваға табысталды.
Бұдан бөлек өзге де сала мамандарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, этносаралық келісімнің нығаюына қосқан үлесі үшін «Қазақстан Халқы Ассамблеясына – 30 жыл» мерекелік медалі берілді. Сонымен қатар аймақ басшысы күні кеше ғана БАҚ мерекесіне орай өткен Ш.Мұртаза атындағы облыстық спартакиаданың жеңімпаздарына қаржылай сыйақыларын табыстады. Еске сала кетейік, спорттық додада жалпы командалық есеп бойынша үшінші орынды «Taraz Press» командасы иеленсе, екінші орынға «Салық тәртібі» құрамасы тұрақтаған болатын. Ал өңірлік полиция департаменті баспасөз қызметінің командасы бірінші орынды иеленіп, жеңіс биігінен көрінді. Мерекелік жиында облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев те қалам иелерін айшықты мерекемен құттықтады.
– Бүгінде еліміздің саяси-экономикалық және рухани жаңғыру жолындағы жетістіктері мен түйткілді мәселелері де сіздердің сарабдал көзқарастарыңыз, орынды сыныңыз және обьективті ақпарат беру қабілеттеріңіз арқылы халыққа жетіп отыр. Жамбыл облысы дамуының өзекті мәселелері мен оң өзгерістері де аймақтық және республикалық БАҚ назарынан тыс қалған емес. Бұл – өз ісіне адал, кәсіби шебер журналистердің тынымсыз еңбегінің айғағы. Қоғам дамуының ажырамас бөлігіне айналған ақпарат құралдары бүгінгі күні демократиялық принциптердің, ашықтық пен жариялылықтың негізгі тетігіне айналды. Осы орайда сіздердің еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға, жастар тәрбиесіне, қоғамдық пікір қалыптастыруға қосып отырған үлестеріңіз орасан, – деді Абдалы Тоқбергенұлы. Алдағы уақытта да өзара әріптестік байланысқа ашықтығын жеткізген өкілетті органның төрағасы журналистерге облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын табыс етті. Аталмыш марапатты «JAMBYL TV» телеарнасының шеф-редакторы Наимбек Багбанов, аталған телеарна директорының орынбасары Айбол Қарашев пен облыстық «Ar-Ai» газетінің жауапты хатшысы Шолпан Бөгенбаева, «Салық тәртібі» газетінің бас дизайнері Әсел Бөлекбаева мен «Taraz 24» телеарнасының дизайнер-монтажері Нұрбол Қыстаубеков, «Қазинформ» ақпараттық агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі Галина Скрипник пен республикалық «Литер» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Шухрат Хашимов, әріптестеріміз – «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт пен осы газеттің дизайнер беттеушісі Оразкүл Әбдікерімова иеленді.
Бұдан кейін сөз алған Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов жанкешті кәсіп иелерін қолдаудағы бастамаларға ризашылығын білдірді. Филиал төрағасының қолынан Журналистер Одағының мүшесі Сағындық Ордабеков «Алтын медальмен» марапатталса, «Құрметті журналист» атағын ардагер журналист Құрманбек Әлімжан иеленді. Ал «Жамбыл облысының үздік журналисі» атағын «JAMBYL TV» телеарнасының редакторы Жансая Дүйсенқұл мен әріптесіміз «Aq Jol» газетінің аға тілшісі Есен Өтеулі алды.
Сонымен қатар Журналистер одағының Құрмет грамотасымен «Aulieata-media» серіктестігі цифрлық контент орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Рақымбай, «Знамя труда» газетінің жауапты хатшысы Валентина Прокофьева, «JAMBYL TV» телеарнасының редакторы Келбет Шәмші, Журналистер Одағының дипломымен «Qaz auto» журналының бас редакторы Олег Зотов марапатталды. Осы күні әріптестеріміз – «Aq jol» газетінің аға тілшісі – Қамар Қарасаева мен компьютер орталығының меңгерушісі Динара Балаеваға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, аға тілші Есет Досалыға аймақ басшының Алғыс хаты берілді. Салтанатты жиын соңы әуенді-сазды кешке ұласты.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Қайтарылған қаражат есебінен 711 жобаға несие берілді
- 22 шілде, 2025
Ақтоғайда жаңа демалыс орны ашылды
- 22 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді