
Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытовтың айтуынша, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 49 миллиард 421 миллион теңгені құрап, жоспар 101 пайызға орындалған. Ал ауыл шаруашылығы саласында 2 миллиард 820 миллион теңгенің өнімі өндірілсе, өткен бес айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 60 миллиард 21 миллион теңгені құраған.
Бұл былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 495 пайызға жетіп, жоспар 5 есеге артық орындалған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 6 миллиард 657 миллион теңгеге жетсе, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 3148 шаршы метрді құрап отыр. Бөлшек сауда тауар айналымы болса 1 миллиард 589 миллион теңгеге жеткен.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген кеңесте көтерген 8 бағытының бірі – қоғамдық-саяси ахуалға әсер ететін бағаны тұрақтандыру, инфляцияны тежеу шаралары болатын. Осыған сәйкес облыс әкімінің тапсырмасымен тұрғындардың өзін өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету, азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында Сарысуда ауқымды жұмыс атқарылуда. Мәселен, аудандағы жалпы егістік жер көлемі 25324 гектар алқапты құрайды. Биыл 24793 гектар алқапқа егістік алқабы 557 гектарға артып отыр. Бүгінгі таңда 8500 гектарға масақты дақылдар, 3500 гектарға күздік бидай, 1500 гектарға жоңышқа орналастырылды. Ал мақсары – 5 мың, картоп – 16, көкөніс – 115, бақша – 125, дәндік жүгері 250 гектар алқапты алып жатыр. Бұдан бөлек, 5787 гектар көп жылдық шөп алқаптары бар. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 900 тонна дизель отынына өтініш беріліп, литрі 254 теңгеден босатылуда. Операторға бүгінде 494 тонна жеткізіліп, шаруа қожалықтар 367 тонна таратылған. Жанар-жағармаймен қамту жұмыстары жалғасуда. Жалпы шаруашылықтарды жеңілдетілген дизель отынымен қамту бойынша барлық жұмыстар толық жолға қойылған, – дейді аудан әкімі.
Техниканы жаңарту жұмыстары да ауданда жоспарлы жүргізілуде. Жылдың басынан бері жалпы құны 72 миллион теңгені құрайтын 5 трактор шаруалар тарапынан сатып алынған.
Бұдан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 5 трактор және 7 ауыл шаруашылығы тіркемелерін лизингке алу жоспарлануда. Жыл соңына дейін шаруа қожалықтар тарапынан 28 трактор сатып алу көзделген. Сөйтіп биыл ауыл шаруашылығы техникасының жаңару 6,5 пайызды құрағалы отыр.
Жайылым мәселесі толық шешілген
Мал саны да жыл санап артуда. Атап айтсақ, бүгінгі күні аудандағы мүйізді ірі қара саны – 25347 (+2,4%), уақ мал – 241771 (+3%), жылқы – 10145 (+7,9%), түйе – 3122 басқа (+11,4%) жеткен. Мал шаруашылығы саласындағы өнідірілген өнім көлемінің жалпы құны 2 миллиард 820 миллион теңгені құраған. Мал басының артуына мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың да көп көмегі тиюде.
Мәселен, «Кең дала» бағдарламасы аясында «Саудакент несие серіктестігі» ЖШС арқылы 17 шаруа қожалыққа көктемгі егін жұмыстарын жүргізуге 116 миллион теңге несие берілген. Ал «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Саудакент несие серіктестігі» ЖШС 50 бас жылқы сатып алуға ниеттенген 2 жобаны қаржыландырып отыр.
Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы аясында бүгінгі күні жалпы құны 220 миллион теңгені құрайтын 28 жоба несиелендірілген. Алдағы уақытта аудан билігі 54 миллион теңгені құрайтын 7 жобаны қаржыландыруды көздеп отыр. Ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға елеулі көңіл бөлініп келеді. Аудан әкімінің айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландырылған жобалар саны ұлғайған.
Атап айтсақ, «Агро» бағдарламасымен 539 жобаға 475 миллион теңге, «Бизнес» бағдарламасымен 750 жобаға 692 миллион теңге, «Тұтынушылық несиелендіру» бағдарламасымен 126 азаматқа 778 миллион теңгеге несие берілген. Жалпы 1 миллиард 945 миллион теңгені құрайтын жобалар несиелендірілген. Ал игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, өткен жылы аудан бойынша 14080 гектар жайылымдық жер қайтарылса, биыл 13 мың гектар жерді қайтару жоспарланып отыр.
Бүгінгі күнге дейін қайтарылған жайылымдық жер көлемі 4411 гектарды (34%) құраған. Аталған жерлер жайылым мәселесін шешу үшін елдімекендерге бекітілді және басқа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге беріліп, қайта айналымға қосылуда. Бүгінде аудан бойынша жайылымдық жер жетіспеушілігі мәселесі толық шешілген.
Пәтерге мұқтаж бюджет қызметкерлеріне үй беріледі
– Жаңатас қаласында 104 көпқабатты тұрғын үй (6 650 пәтер) бар. Оның ішінде, 28-і коммуналдық меншікте, кондоминиум нысандары ретінде 76 тұрғын үй тіркелген. Жаңатас қаласындағы 2 шағын аудандағы №32 ші 90 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйді қайта қалпына келтіруге қазынадан 554 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Сондай ақ биыл қайта қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау үшін – 113 миллион теңге және аталмыш тұрғын үйге инфрақұрылым нысандарын тарту мен ауласын абаттандыруға 72 миллион теңге қаралып отыр. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға 143 миллион теңге бөлінді. Биыл пәтерге мұқтаж бюджет қызметкерлерінің 90-ына үй беру жоспарланып отыр. Өткен жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан 3,2 миллиард теңгеге – 263 пәтер сатып алынып берілді. «Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы» аясында қаладағы үйлерді жөндеу жұмыстарына бюджеттік кредит ретінде республикалық бюджеттен 410 миллион теңге бөлініп, 12 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта республикалық бюджеттен әлеуметтік осал топтағы тұрғындарды үймен қамту үшін 1,8 миллиард теңге бөлінетін болады. Аталған қаржыға Жаңатас қаласындағы №1 шағын аудандағы 80 пәтерлі №45 көпқабатты тұрғын үй қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі және №6 шағын ауданнан 5 қабатты 60 пәтерлі жаңа үй салынатын болады. Бүгінгі күнде, 6 шағын ауданнан кәсіпкерге 0,8 гектар жер телімі беріліп, жаңа тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталды. Аталған жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді Сәкен Мамытов.
Елдімекендерді газдандыру және таза ауызсумен қамту жұмыстары да ауданда қолға алынған. Бүгінгі күні аудандағы 14 елдімекендегі 39582 адамды (Жаңатас – 25,8 мың адам) табиғи газбен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Газдандыру жобасы бойынша 13 елдімекенге (Жаңатас қаласынан басқа) сыртқы және ішкі құбырлары жүргізілді. Үкімет тарапынан қосымша 5,7 миллиард теңге бөлінсе, биыл аудан тұрғындарының игілігіне газ беріліп, газбен қамту деңгейі елді мекен саны бойынша 76 пайызға, ал халық санымен 94 пайызға жеткізілмек. Ал бүгінгі күні аудандағы елдімекендердің басым бөлігі орталықтандырылған таза ауыз су жүйесімен қамтылған.
Саудакент, Жайылма, Маятас ауылдарын таза ауыз су жүйесімен толық қамту үшін облыстық және республикалық бюджетке жалпы соммасы 2,1 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім берілген. Бұл жобалар қаржыландырылса құрылыс жұмыстарын бастау күтілуде.
Медицина саласында құрал-жабдықтармен қамту деңгейі 98 пайызға жетті
Аудан әкімінің айтуынша, аудандық білім бөліміне қарасты 48 мекеме бар. Оның 27-і мектеп, 9-ы қосымша білім беру ұйымы, 11-і балабақша, 1-еуі психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті. 27 мектептің 17-і типтік, 10-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Жалпы 27 мектепте 13753 бала білім алуда. Мектепте орын тапшылығы жоқ.
Биыл білім беру саласына қатысты бес жоба іске асуда. Оның қатарында Тоғызкент ауылындағы «Жанна» балабақшасы мен Шағалалы орта мектебіне блок-модульді газ жүйесін салу көзделген. Жаңа оқу жылы басталғанша жұмыстарды толық аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ Жаңатас қаласы тұрғындары тарапынан жиі көтерілген «Болашақ» бөбекжай-бақшасының ғимаратының орналасуын нығайту мен күрделі жөндеуден өткізуге тиісті қаражаты қаралып, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталмақ. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Саудакент ауылындағы Байқадам Қашқынбаев және Игілік ауылындағы Шоқай датқа мектептерін күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ондағы құрылыс жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанша аяқтау көзделген. Денсаулық сақтау саласында да атқарылған толайым жұмыстар аз емес.
Мәселен, орталық аурухананың бөлімшелері орналасқан екі ғимаратқа жедел сатылар орнатылып, іске қосылған. Аудандық орталық ауруханасынан тұрғындардың, балалардың денсаулығын жақсарту мақсатында, жаңа реабилитациялық бөлімше ашылды. Тыныс алу жүйесі ауруларын емдеуге, алдын алуға арналған тұз шахтасы және әртүрлі тірек-қимыл жүйесі ауруларын емдейтін құрал-жабдықтар алынып, жабдықталған.
Жалпы денсаулық сақтау саласында құрал жабдықтармен қамтылу деңгейі бүгінгі күні 98 пайызды құрап отыр. Биыл шалғайда орналасқан Жайлаукөл ауылында 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториясы пайдалануға берілді. Алдағы уақытта Саудакент ауылындағы емхана ғимаратының жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 156 миллион теңге бөлінуі тиіс. Жұмыстарды жылыту науқаны басталғанша толық аяқтау жоспарланып отыр. Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары да жоспарлы жүзеге асырылуда.
Атап айтсақ, жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында 1290 адам жұмыспен қамтылған. 150 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. АӘК алушылар саны былтырғы жылға қарағанда – 35 пайызға төмендеген. Жаңа кәсіптік оқыту шараларымен 310 адам қамтылса, биыл қосымша кәсіп бастау үшін 110 адамға 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант тағайындалып отыр.
Бүгінде кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грант тағайындау жұмыстарының бірінші легі аяқталып, 40 адамға 400 АЕК көлемінде, жалпы соммасы 63 миллион теңгені құрайтын грант берілген. «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында жас мамандарға көмек берілген. Жалпы биыл жергілікті бюджет есебінен көтерме жәрдемақы алу үшін 44 маманға – 17,3 миллион теңге және республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу үшін немесе салу үшін бюджеттік несиеге 11 маманға – 86,5 миллион теңге қарастырылған. Осы жылдың маусым айына дейін 20 маманға жергілікті бюджет есебінен – 7,9 миллион теңге көтерме жәрдем ақы төленіп берілген.
Атап айтқанда, білім беру саласы бойынша – 14, денсаулық сақтау бойынша – 1, мәдениетте – 1, спорт саласында – 3, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне – 1 маманға көтерме жәрдемақы берілген. Тұрғын үй сатып алу үшін 11 маманға бюджеттік несиелендіру жұмыстары жыл соңына дейін жалғаспақ.
Жобаның құны 450 миллиард теңге
– Қаржылық мәселелерге тікелей байланысты жобалар да баршылық. Биыл жалпы құны 5 миллиард 495 миллион теңгені құрайтын 19 инвестициялық жоба қолдау тауып отыр. Сондай-ақ ауданда өнеркәсіп саласында 13 ірі кәсіпорын жұмыс істеуде. Аудандағы кәсіпорындардан мемлекеттік бюджетке жыл сайын 7 миллиард теңге салық түсіп отыр. Оның 2,4 миллиард теңгесі аудандық бюджетке, 1,9 миллиард теңгесі облыстық бюджетке және 2,7 миллиард теңгесі республикалық бюджетке тиесілі. Бұл қаржы халықтың тұрмысын арттыруға бағытталуда. Бүгінгі таңда ірі өнеркәсіп орындары 2600-ден аса азаматты жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде 90 пайызы аудан тұрғындары. Осы жылдың ақпан айында «ЕвроХим» компаниясы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп, ауданнан 102 адамды жұмысқа қабылдаса, оның 49-ы аудан тұрғындары. Сондай-ақ мамыр айында «QazaqSoda» компаниясы да бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізген болатын. Онда 208 адамның түйіндемесі жинақталып, 47 адамды жұмысқа қабылдау жоспарланып, өтініш білдірушілердің түйіндемелері бойынша талдау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні ауданда «ЕвроХим» компаниясы минералды тыңайтқыштар өндіріс зауытының құрылысын жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2 кезеңде іске асырылатын болады. І кезең қуаттылығы жылына 800 мың тонна күкірт қышқылы өндірісінің құрылысы, іске асырылу мерзімі 2025 жылдың қараша айы. ІІ кезең минералды тыңайтқыштар және өнеркәсіптік өнімдер өндіру зауытының құрылысы, іске асырылу мерзімі 2026 жылдың ІV тоқсаны. Жобаның жалпы құны 450 миллиард теңге. Зауыт іске қосылу үшін де Үкімет тарапынан газ тарту жұмыстарына 3,9 миллиард теңге бөлініп, мердігер тарапынан кестеге сай газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Зауыт толық іске қосылған соң қосымша 1700 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, «Qazaq Soda» ЖШС тарапынан жылына 500 мың тонна кальциленген сода өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстары жүруде. Жобаның жалпы құны 188 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 500 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Зауыт құрылысын 2027 жылы толық аяқтау жоспарланған. Дегенмен қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде, мүмкіндігінше оны мерзімінен бұрын, яғни 2026 жылдың ІІ жартыжылдығында іске қосу көзделіп отыр. Жалпы ауданда жұмыс істеп жатқан ірі компаниялар тарапынан демеушіліктер көрсетілуде. Сол демеушіліктің арқасында әлеуметтік мәселелер шешіліп, көптеген нысандар ел игілігіне берілуде, – дейді аудан әкімі Сәкен Мамытов.
Сағындық ОРДАБЕКОВ
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Қордайда кәсіп ашуға ниетті жастар көп
- 19 шілде, 2025
Тұрғындар қойған сұрақтарды түртіп алды
- 19 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді