
Жиында жергілікті автомобиль жолдарының жай-күйі және қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселесі, сондай-ақ облыс әкімінің Жуалы ауданы халқымен кездесуде берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың баяндамасы тыңдалды.
Облыстағы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге биыл 28 миллиард теңге қарастырылған. Бөлінген қаржыға барлығы 181 жоба іске асырылып, 470,3 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту, орта жөндеумен қамтылады деп күтілуде. Атап айтқанда, Тараз қаласы «Барысхан», «Бұрыл А, Б, В» алқаптарына 17,7 шақырым жол салынады. 8 шақырым жол қайта жаңғыртылады. 444,6 шақырым жол (62,1 шақырым – облыстық маңызы бар, 50 шақырым – аудандық маңызы бар автожол, 332,5 шақырым – елді мекен көшелері) орта жөндеуден өтеді.
Бұдан бөлек 8 көпір мен 2 жол өткелін салу көзделген. Жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында бөлінген қаржының 4 миллиард теңгесі жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына бағытталады. Бүгінде 81 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы 24 нысан бойынша 42 инспекциялық тексеру жүргізіп, 149 сынама іріктеді. Оның ішінде 31 сынама талаптарға сай деп танылды, 52 сынама бойынша сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал 66 сынамада сәйкессіздіктер анықталды. Өңірде битум тапшылығы жоқ. 2025 жылы жүзеге асырылатын жол жөндеу жобаларына 30 мың тонна битум қажет. Қазіргі таңда сыйымдылығы 34,1 мың тоннаны құрайтын жеті битум сақтау қоймасында 7,4 мың тонна қор жинақталған.
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99,5 пайызға (2024 ж. – 99 пайыз), елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 89 пайызға (2024 ж. – 87 пайыз) жеткізу межеленіп отыр. Басқарма басшысы өз баяндамасында қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселесіне де тоқталды. Басқосуда жергілікті автомобиль жолдарының жай күйіне жүргізілген зерделеу қорытындылары шығарылды. Ербол Қарашөкеев жол сапасына қатысты кемшіліктер жоқ емес екенін алға тартып, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінен есеп алды. Сонымен бірге республикалық маңызы бар «Шу-Қайнар» және «Ескі Күйік асуы» автожолдарын күрделі жөндеу өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтіп, жұмыс қарқынын үдетуді тапсырды.
– Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары, сондай-ақ қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалдау мәселелері үнемі бақылауда болуы тиіс. Жол құрылысы сапасына ерекше назар аудару қажет, себебі бұл – жол қозғалысы қауіпсіздігінің басты кепілі. Қоғам тарапынан жолдардың жағдайы мен қоғамдық көлік қызметіне қатысты сын ескертпелер жиі айтылуда. Осыған байланысты әрбір жағдай бойынша нақты кері байланыс орнатылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты шаралар қабылдануы қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға ауа райының қолайлы болуына байланысты жол жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде толық аяқтау, жолдарды күтіп-ұстауға қатысты қажетті шараларды қабылдау, елді мекендерді қоғамдық көлікпен қамту деңгейін арттыру және автобус парктерін дамыту бойынша жүйелі жұмыстарды іске асыру міндеті жүктелді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ұқсас жаңалықтар
Жұмыс орнын ашу: жоспар 17,7 пайыз орындалды
- 17 шілде, 2025
Бағаны тұрақтандыру – әкімдердің жұмысы
- 17 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді