«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халық қаһарманы – халқының жүрегінде

Халық қаһарманы –  халқының жүрегінде
Автор
Дана қазақ «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деп бекер айтпаса керек. «Баталы ұл арамыс» дегендей, ғасырлар бойы атаның ұрпағына шын ықыласпен тілеген тілегі талай сәттілікке жол ашқан. Кешегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің дәуірінде де батаның маңызы жоғары болған. Осы құндылықты дамыту қазіргі қоғамның да басты мәселесіне айналып отыр.

«Анаға тағзым» орталығында 2021 жылы №28349 әскери бөлімінде орын алған жарылыс кезінде қаза тапқан өрт сөндіру бөлімінің командирі, кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың ерлігін ұлықтап, еске алуға арналған «Халық қаһарманы – халқының жүрегінде» атты іс-шара болып өтті. Ел қорғаған ерлердің есімін ұмытпай, ұлықтауды мақсат еткен шара бір минуттық үнсіздіктен басталды.

Кездесуге облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс Республикалық қоғамдық бірлестігінің филиал төрағасы Қасымхан Төлендиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлер қолбасшысы штаб басшысының міндетін атқарушы подполковник Берік Сапарбаев және Бауыржан Талғатұлының әкесі Талғат Даутбаев пен анасы Фатима Агибетова және жары Дильназ Данаева балаларымен қатысты.

Шараны Қасымхан Естемесұлы ашып, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін құрбан болған ерлердің ерлігі – ел жадында мәңгілік екенін атап өтті.

Қаһарманды еске алуға арналған атаулы шарада сөз алған қонақтар ер есімі әрдайым ел есінде екендігін айта келе, жиналған жұртқа қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан Бауыржан Талғатұлының рухына тағзым етіп, мұндай қаһарман ұлдардың өшпес ерлігін ұмытпау – баршамызға парыз екендігін айтты. Ал Бауыржанның әкесі оның бала кезінен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген ерекше тәртіпті бала болғандығын еске алып, «Бауыржан менің ғана емес, бүкіл елдің баласы. Осындай құрмет – жүрекке жылу береді», – деп алғысын білдірді.

Еске алу кездесуінде сөз алған Бауыржанның анасы Фатима Байғожақызының ұлына деген сағынышы әр сөзінен сезіліп, залда отырған көпшіліктің көңілін босатып, көздеріне жас үйірді. Сонымен қатар батырмен қызметтес болған әріптестері оның өз ісіне адал, қарапайым, біртоға жігіт болғандығын айта келе, оның қызмет барысында нағыз сенімді серік болғандығын жеткізіп, жылы естеліктермен бөлісті. Бауыржанның анасы мен жарына гүл шоқтарын ұсынып, құрмет көрсетуді де ұмытпады.

Жиын соңында сөз алған аталмыш шараның ұйымдастырушылары «Жер Ана» ауыл фермерлік қорының құрылтайшысы, қоғам қайраткері Мария Ибраимова мен аталмыш фермерлік қордың төрайымы Роза Мұсаева Бауыржандай батыр ұлды дүниеге әкелген ата анасына алғысын білдіріп, әкесіне шапан, анасының иығына орамал жауып, сый-құрметін көрсетті. Бұл қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған батыр Бауыржанның рухына тағзым етіліп, елінің өзі үшін туған ерлерін ұмытпайтынын дәлелдеген күн болды.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар