«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақпарат айдынында өшпес із қалдырған

Ақпарат айдынында  өшпес із қалдырған
Ашық дереккөз
Қоғам үшін қашанда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі айрықша мәнге ие. Өткен ғасырдың басынан бастау алатын қазақ журналистикасы әр дәуірде өзіндік дауысын қалыптастырып, әр кезеңде дүбір тудырып жалпыұлттық мәселелердің бел ортасынан табылып отырды. Осы ағыннан өңір журналистикасы да қалыс қалмады. Жамбыл ақпарат айдыны да ғасыр өтінде талай тарланбоздар мен қарымды қаламгерлер қалыптастырды. Солардың қатарында қос бірдей ауданның әлеуметтік саласын алға жетелеген Оспанбек Хатиев те бар еді...

Оспанбек Хатиев еңбек жолын 1952 жылы «Қазақстан коммунисі» журналында әдеби қызметкер болып бастап, қырық жылға жуық өмірін өрелі істерге арнаған журналист. Әсіресе, ол «Ақ жол» («Еңбек туы») газетінде бөлім меңгерушісі болып жүріп, өзекті мәселелерді көтеріп, шығармашылық шабыттың шын иесі ретінде танылды.

Соның арқасында облыстық партия комитетінің Шу өндірістік басқармасындағы «Шу өңірі» газетіне редактор ретінде бекітіліп, аталмыш басылымның алғашқы саны Оспанбек Сауранбайұлының басшылығымен жарық көрді. Т.Рысқұлов ауданы қайта құрылған сәтте де тәжірибесі мол маман ретінде жергілікті газетке басшылық қызметке шақырылып, қоғамдық өмірдің бел ортасында жүріп, ауданның ақпарат айдының алдыңғы қатарында жүрді. Ол кезде газет екі тілде, яғни «Коммунистік еңбек» және «Коммунистический труд» болып жарыққа шықты.

Қазіргідей ғылыми технологияның онша дами қоймаған кезі. Мақалалар қолмен жазылып, терілетін кез. Жазу мәнері кез келген адамды өзіне елітпей қоймайтын Оспанбек Хатиевтің бас редакторлыққа келуі газеттің шығармашылық ұжымының да өрісін кеңейте түсті. Оспанбек Хатиев туралы ардагер журналист, қазақ журналистикасының қайраткері Тұрсынхан Жаманбаев: «Оспанбек Хатиев ағамыз очерк жазудың хас шебері болатын.

«Тілшінің кеңсесі кең дала» деген екен қазақтың қабырғалы қаламгері Әзілхан Нұршайықов. Оспанбек Хатиев кабинетте отырып жазу жазатын адамдардың қатарынан емес еді. Ол ылғи қызметтік көлігіне мініп алып, сол кездегі колхоз-совхоздарды жиі аралайтын. Мақсаты – нағыз еңбек адамдарының өмірінен циклды очерктер жазу болды», – деп пікір білдірген болатын. Оспанбек Хатиевтің тағы бір ерекше қасиеті – журналистік кадр таңдауда да принципшілдігі. «Тамыр-таныстықты жаны қаламайтын», – дейді көзкөргендер. Ол нағыз қолынан жазу келетін азаматтарды ғана редакцияға жұмысқа тартты.

Айталық, Қорағатыдан Кәріпжан Нүсіп пен Қашқынбай Тілеубаевты, Қайыңдыдан Мұрат Ахалиевті, Луговой станциясынан екі тілде, яғни қазақ және орыс тілдерінде еркін жазатын өзбек жігіті Рахмаш Сулеймановты, Құланнан жай ғана қарапайым монтер болып жүрген жерінен таланты мен жазу машығын бағалап Әбдіжақып Туғанбаевты, Көкдөненнен Қыдырәлі Қойтайды, газеттің орыс тіліндегі нұсқасына редактордың орынбасарлығына әскери журналист Константин Михайлович Арбузовты жұмысқа алып келіп, олардың шығармашылық қабілетінің артуына бар жағдайды жасады.

Газет журналистері жақсы біледі. Сол ортада: «Газеттің қадірі оның тиражынан да білінеді» деген сөз бар. Оспанбек Хатиев жұмысқа алған сапалы кадрлардың арқасында газеттің аудандағы беделі де артып, таралым саны 1970 жылдардың басында «Коммунистік еңбек» 9 мың, «Коммунистический труд» 5 мың таралыммен жарық көрді. Оспанбек Хатиевтің осындай бірегей басшылық қабілеті әкеден балаға мирас болып берілген десек те артық айтпағанымыз болар. Қаламгердің әкесі Социалистік Еңбек Ері Хати Сауранбаев та елі үшін еңкейіп еңбек қызған азаматтардың бірі болған.

О.Хатиев әкесі туралы естеліктерінде:

«...Әкей ізгі қасиеттерінің арқасында сол тұстағы талатты басшылардың бірі болды, өз уақытының халқының перзенті болды. Колхоз экономикасын шарықтатып биікке көтерді. Шаруашылықтың барлық көрсеткішін санамалап жатпай ақ, шыққан биігін мына бір мысалмен-ақ көрсетуге болады. 1950 жылы республикамызда екі ұжымшар ғана миллионер дәрежесіне көтерілді. Оның бірі – Талдықорған облысындағы XXII Талдықорған облысындағы «XXII партсъезд» атындағы ұжымшар болса, екіншісі біздің әкей басқарған «Белбасар» ұжымшары еді», – дейді.

Жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен атқарып, Отанға қызметтің озық үлгісін көрсеткені үшін Оспанбек Сауранбайұлы «Құрмет белгісі» ордені және бірқатар медельдің иегері атанды. Енді Журналистер мерекесі қарсаңында қаламгер ұрпақтары журналистің өзі тұрған Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы, Жібек жолы бұрылысына есімі берілсе деген ұсыныс айтады.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар