«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кәсіподақ дегеніміз не?

Кәсіподақ дегеніміз не?
Ашық дереккөз
Жыл санап елімізде кәсіподақ рөлі артып келеді. Соның ішінде – білім қызметкерлері кәсіподағының алар орны зор. Оны бүгінгі жергілікті салалық кәсіподақ жұмысынан аңғару қиын емес. Мәселен, жақында кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауатын арттыру, саладағы түйткілдерді шешудің құқықтық әдіс-тәсілдерін зерделеу бойынша «Білім мекемелеріндегі кадрлық іс құжаттарды жүргізу тәжірибесі» тақырыбында өткен семинар білім қызметкерлерінің құқықтық білім тәжірибесін арттыра түсті. Атап айтсақ, «Tourist» қонақ үй кешенінің мәжіліс залында ұйымдастырылған семинарға Тараз қаласы мен аудандардағы білім беру мекемелерінің іс-жүргізушілері мен кадр қызметінің мамандары қатысты. Келелі жиынды облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, семинар барысымен таныстырды.

– Кәсіподақтың заңмен және жарғылық құжаттармен көзделген жұмыс бағыттарының бірі – сала өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыру. Бүгінгі семинардың қызықты, тартымды өтуі ең алдымен біздің тараптан қойылған сұрақтарға сіздердің кері байланысқа шығуларыңыз болмақ. Жалпы, осында көтерілген, қойылған сұрақтарға білсем, үйренсем, білуге тырысcам деген сіздердің ынта-ниеттеріңіз болса біз айтуға, бағыт-бағдар беруге әрдайым дайынбыз. Сондықтан да, бүгінгі басқосуымызды еркін форматта өткізсек, – деген ұсыныс тастады.

Сөйтіп, жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков «Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?», – деген тақырып аясында сөз қозғап, ауқымды баяндама жасады. Баяндамашы семинар қатысушыларына «Кәсіподақ дегеніміз не?» деген қарапайым сұрақты қоя отырып, оларды еркін пікір алмасу алаңында ойын жетелей түсті.

Бұл амал көпшіліктің белсенділігін арттырып қана қоймай, өз ой-пікірін еркін жеткізуге алып келді. Кәсіподақтың дербес және тәуелсіз қоғамдық ұйым екенінен бастап барлық сан-салалы бағыты мен бағдары көтеріліп, құқықтық түсінік берілді. Келесі кезекте жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова «Білім мекемелеріндегі кадрлық іс-жүргізуді ұжымдық шарт пен келісімдер негізінде жүргізу тәртібі» туралы барлық білім қызметкерлеріне қойылатын құжаттардың жүргізілу барысын тарқатып айтып өтті.

Баяндамашы өз кезегінде кадрлық іс жүргізу тәртібін, ұжымдық шарттың негіздерін жүргізу бойынша құқықтық түсінік бере отырып, кейбір мәселелерді мысалдармен түсіндірді. Көп жағдайда мекеме басшылары еңбек шартын, ұжымдық шарт нормаларын жақсы білмегендіктен құқық талаптарын өрескел бұзып, заңсыздықтарға жол беретіні айтылды.

Әрбір еңбек адамының өз құқығын қорғауға құқығы барын айтқан баяндамашы еңбек және ұжымдық шартта көзделген нормаларға сүйену қажеттігін тілге тиек етті. Ал Төраға орынбасары Жанболат Орынбеков «Педагог қызметкерлердің жұмыс және демалыс уақытының режимі» туралы баяндады. Баяндамашы ең алдымен жұмыс уақыты ұғымына, лауазымдық міндеттерге, ішкі тәртіп ережесіне, Еңбек заңына тоқталып өтті. Сұрақ-жауап бөлімінде жиын модераторлары семинар барысында жүргізілген сауалнамадағы және залдан қойылған сұрақтарға заң шеңберінде жауап берді.

«Біз бүгінгі семинарда көп мәселенің басын ашып, барынша құқықтық түсінік бердік. Бұл басқосудың басты мақсаты – біз шеше алмай келген мәселенің жолдарын бірге қарастырып, бірге шешімін іздестіру, бағыт-бағдарын бірге қарау. Жалпы бүгінгі семинардан басқаны жадыларыңызға құйып алмасаңыздар да ұжымдық шартты меңгерулеріңіз керек екендігін ұғынған боларсыздар. Жалпы, бұл семинарда жалған мәлімет, тексерілмеген ақпарат таратылған жоқ. Біз сіздерге барынша ашық ақпарат, құқықтық сауаттылыққа бағыт-бағдар бердік», – деп атап өткен Ерұлан Мағзымбеков семинарды қорытындылай келе қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар