«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халықты таза ауыз сумен қамту биыл толық шешімін таппақ

Халықты таза ауыз сумен қамту  биыл толық шешімін таппақ
Автор
Байзақ ауданының негізгі әлеуметтік экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика байқалады. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының көлемі 133,6, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 107,1, өнеркәсіп өнімінің көлемі 102,2, негізгі капиталға тартылған инвестиция 536,1, ал ауыл шаруашылығы саласында өсім 116,6 пайызды құраған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында аудан әкімі Олжас Баққараев осылай деді.

Оның айтуынша, ауданда бірінші тоқсан қорытындысымен инвестиция көлемі 10,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 5,4 есе ұлғайған. Ал осы жылдың жарты жылдығының қорытындысы бойынша ауданға 17,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе ұлғаяды деп күтілуде.

– Биыл ауданда 38,4 миллиард теңгені құрайтын 122 инвестициялық жоба іске асыру жоспарланған. Оның 17,3 миллиард теңгесі жеке инвестиция үлесіне тиесілі. Бұл жобалар аясында 170 жаңа жұмыс орны құрылады деп көзделген. Ал ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 10,1 миллиард теңгені құрайтын 68 жоба жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге орындалған жобалар саны – 7. Қалған 61 жоба орындалу үстінде, олар жыл аяғына дейін орындалады деп жоспарлануда. Осы жобалардың есебінен 218 адамды жұмыспен қамту көзделген. Сондай-ақ туризм саласы бойынша қолға алынған бір жоба бар. Аудан туризмді дамытуға қолайлы аймақ қатарына жатады. Оған аудан аумағын кесіп өтіп жатқан «Батыс Европа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін қосыңыз. Сонымен қатар ауданымызда Қостөбе және Түймекент қалашығы, Қарасай петроглифтері, Байзақ датқа кесенесі сияқты тарихи орындар бар. Қостөбе ауылдық округі аумағынан «Мухиев Е» жеке кәсіпкерлігі демалыс орталығын ашуды жоспарлап отыр. Ол жобаның құны – 500 миллион теңге болса, демалушыларды қабылдау мүмкіндігі 400 адамды құрайды, – дейді Олжас Елебекұлы.

Жалпы, мұнда шағын және орта бизнес жақсы дамыған. Бүгінгі күні ауданда 9 746-ы кәсіпкерлік нысан тіркелсе, оның 8 933-і жұмыс істеп тұр. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында өткен жылы «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 3,2 миллиард теңгені құрайтын 172 жоба қаржыландырылған. Ауыл шаруашылығы саласында осы жылдың бірінші тоқсанында 9 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, жарты жылдықтың қорытындысымен ол 18,7 миллиард теңгеге жетеді деген болжам бар.

Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 54 441 гектар алқапқа орналастырылған болса, биыл 56 500 гектарға жеткізілген. Ал бірінші тоқсанның қорытындысымен ауданда 7,9 мың тонна ет, 4,7 мың тонна сүт және 1,1 миллион дана жұмыртқа өндіріліпті. Аудан тіркелген ауыл шаруашылығы техникасының саны 1 119-ды құраған.

Мұның көктемгі дала жұмыстарына қатысқаны 858 техника. Оның 514-і трактор, 206-сы соқа, 68-і қопсытқыш, 58-і дән сепкіш, 6-ы тұқым дәрілегіш. Биыл 15 шаруашылық жалпы құны – 658,6 миллион теңгені құрайтын 21 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.

Бұдан бөлек егіс алқаптарына су үнемдеу технологиясын орналастыру қарқынды жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы су үнемдеу технологиясы 7 302 гектарға енгізілсе, биыл 1 230 гектар алқап тамшылатып, 250 гектар жаңбырлатып ылғалдандырылуда. «Кең дала» бағдарламасы аясында 8 шаруашылыққа 669,6 миллион теңге берілген. Сондай-ақ 4 шаруа қожалықтың 226,9 миллион теңгеге берген өтінімдері қаралуда.

– Осы жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін, өткен жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға арттыру жоспарлануда. Мал шаруашылығында ет – 27,8, сүт – 30 тонна, жұмыртқадан – 13,7 миллион дана өнім алу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту деңгейін 6,5 пайызға жеткізу және ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемін 10,1 миллиард теңге жеткізу көзделген. Ауданда тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Жаңа массивтер мен көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысымен барлығы 8,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, оның көлемін бірінші жартыжылдықта 15,5 мың шаршы метр, жыл қорытындысымен 39,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Атап өтсек, 2024 жылы 60 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пайдалануға берілді. Сонымен қатар өткен жылы құны – 1,6 миллиард теңге болатын 2 тұрғын үй сатып алынып, биыл халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарға пайдалануға берілді. Аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 3 343 адам тұр. Жалпы, аудан бойынша 14 880 адам жеке меншік тұрғын үй құрылысына жер телімін алуға кезекте тұр. Биыл Сарыкемер ауылынан әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арнап 40 пәтерден тұратын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 60 пәтерлік 5 қабатты және 60 пәтерлік жеке тұрғын үй құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ кәсіпкерлер есебінен 20 тұрғын үй бой көтеретін болады. 60 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына тиісті құжаттамаларымен бюджеттік өтінім ұсынылды. Бұдан бөлек, 60 пәтерлік 5 көпқабатты тұрғын үйге жоғарғы тұрған бюджеттерден қаржыландырылуы күтілуде, – деді спикер.

Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша ауданда бірқатар шаралар атқарылуда. Нақтылай түссек, 40 елді мекеннің 38-і таза ауыз сумен қамтылған. Биыл 3 елді мекенде атап айтқанда, Төрткөл, Жаңасаз және Қосақ ауылдарындағы М.Мәметова көшесін орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауданда халықты ауыз сумен қамту толық шешімін таппақ. Ал аудан халқы көгілдір отынмен толық қамтылған. Жол мәселесі қашанда өзекті.

Аудандық мәндегі жол ұзындығы 139 шақырымды құрайды. 397,6 шақырымды құрайтын 407 елді мекен көше жолы бар. Аудан бойынша аудандық маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 98, елді мекен көшелері 93 пайызды құрап отыр. «ҚР көлік логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына» сәйкес, Сарыкемер-Мырзатай бағытындағы ұзындығы 8,9 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарына 303,1 миллион теңге қаржы қарастырылып, жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 38,4 шақырымды құрайтын 11 жоба 7 елді мекенді қамтып 45 көшеге орта жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Нәтижесінде, аудан бойынша аудандық маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі – 99 елді мекен көшелері – 95 пайызды құрайтын болады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде жаңа, заманауи білім ошақтары бой көтеруде. «Жайлы мектеп» жобасы аясында Сарыкемер ауылында 600 орындық мектеп құрылысы жүргізіліп өткен жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді. 2024-2025 жылы жаңа екі мектеп құрылысы және Қосақ ауылындағы мектепке қосымша құрылыс жүргізіліп, пайдалануға беріледі. Ауданда үш ауысымдағы мектеп жоқ. Аудан бойынша 44 емдеу мекемелері аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Аудандық емхана 250 тұрғынды қабылдауға арналған. Байзақ аудандық емдеу мекемелерінде бүгінгі күнде барлығы 1 139 адам қызмет атқаруда. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Дихан-2, Базарбай және Тегістік ауылдарына фельдшерлік акушерлік тіректерінің және Қызыл жұлдыз ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, осы жылдың наурыз айында ауыл тұрғындардың игілігіне берілді. 2026 жылы аудан орталығы Сарыкемер ауылында 200 төсектік орынға арналған орталық аурухана құрылысын жүргізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда, 4,5 гектар жер телімі анықталып, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде, – дейді аудан әкімі.

 

Алмат АБИРОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар