
Оң динамика экономиканың негізгі салаларындағы өсім есебінен қамтамасыз етілген. Бүгінде өнеркәсіп – 23,6, ауыл шаруашылығы – 0,7, құрылыс – 22,1, көлік – 11,2, байланыс – 7,7, сауда салары – 2,5 пайызды құрап отыр. Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 190,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 66,8 пайызға артқан. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, 2025-2028 жылдар аралығында аймақта жалпы құны – 3,7 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жоба іске асырылмақ.
– Биыл «Еврохим Қаратау» компаниясы бірінші кезеңін іске қоса отырып, жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруді бастағалы отыр. Ал 2026 жылдың үшінші тоқсанынан бастап осы кәсіпорын жылына 1 миллион тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар өндіретін болады. Олар дикальций фосфаты, калий сульфаты және кальций хлориді. Жалпы, «Еврохим Қаратау» компаниясы инвестициялық жобаларының құны – 530 миллиард теңгені құрайды. Сонымен бірге «Qazaq Soda» компаниясының жылына 1 миллион тонна кальцийлендірілген сода өндірісі бойынша зауытының құрылысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі 208 миллиард теңгені құрайтын зауыт 2027 жылы іске қосылады деп күтілуде. Бұдан бөлек биыл «Talas Іnvestment Company» компаниясының цианид натрий өндіру жобасының екінші кезеңі іске қосылады. Жылына 30 мың тонна цианид натрийін өндіретін болады. Жобаның құны – 26 миллиард теңгені құрайды. Цианид натрийін өңдеу бойынша екінші жоба – «Altynalmas Reagents» компаниясының құны 67 миллиард теңге құрайтын жобаның жылдық қуаттылығы – 25 мың тонна. Химия саласындағы тағы бір жоба «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» компаниясының сутегі асқын тотығын өндіру жобасы, жобаның жылдық қуаттылығы 30 мың тонна. Жобаның инвестициялық құны – 30 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары осы жылдың төртінші тоқсанында аяқталады, – дейді Аспандияр Мұраталыұлы.
Сонымен қатар бүгінде өңірде металлургия саласында «Yonggang Central Asia Iron And Steel» серіктестігі инвестициялық жобасы іске асырылуда. Жобаның инвестициялық құны – 637 миллиард теңгені құрайды. Жылына 3 миллион тоннаға дейін құбырларды өндіруге арналған катанка, арматура, жолақты болат және профильді болат өндіретін жоба аясында 1000 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал агроөнеркәсіп саласында Қытайдың Fufeng Group компаниясы Қазақстанда ауқымды бастамаларды қолға алған. Екіжақты келісім нәтижесінде Шу ауданында жүгеріні терең өңдейтін зауыттың құрылысы басталды.
Бұл жоба еліміздегі ең ірі агроөнеркәсіптік жобалардың бірі саналады. Құны – 173 миллиард теңгені құрайтын жоба жылына 1 миллион тонна жүгері өнімдерін өндірмек. Сонымен бірге агросалада «Азия Чем» компаниясы фосфориттер кенін қолдана отырып, суперфосфат тыңайтқышын өндіру бойынша құрылыс жұмыстарын бастады. Құны 15 миллиард теңге, ал жылдық қуаттылығы 100 мың тоннаны құрайтын жоба 2027 жылы іске қосылмақ.
Бұдан бөлек «Қаратау Кемикалс» компаниясының қуаттылығы жылына 25 мың тонна көлемінде пиросульфит натрийін өндіру жобасы сәтті жүзеге асырылып отыр. Жамбыл өңірі еліміздің фосфор саласының флагманы екенін ескерсек, химия өндірісінің экономикалық маңыздылығы бірінші кезекте болатыны түсінікті.
Бұл бағытта облыста фосфориттер кендерін игеру бойынша жаңа заманауи технологиялары бар шетелдік ірі компаниялармен жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша келісімсөздер жүргізуде. Ал биыл нақты қандай жобалар іске асырылады? Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мәліметінше, биыл аймақта жалпы құны – 175,2 миллиард теңгеге 30 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың ішінде 50 жаңа жұмыс орынын ашатын «Алель Агро» акционерлік қоғамы – құс фабрикасы бар. Жылына 100 мың текше метр бетон өндіретін «KazGazBlock» серіктестігі – газдалған бетон өндірісі, «KazGeoEnergy» кәсіпорны – әк өндіру зауыты, «Alit Holding» серіктестігі – құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цех салу, жылына 90 мың тонна кен өндіруге қауқарлы «Shagala Mining» кәсіпорны – мыс кендерін үймелі шаймалау зауытын салу, «Аметист-2012 БР» ЖШС - құрамында алтын бар кенді өндіру секілді ірі жобалар бар.
Сонымен бірге минералды тыңайтқыштар мен цемент өндірісі, теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрам өндірісіне қатысты қосымша үш инвест жоба мен «Аққұдық» кен орнын өнеркәсіптік игеру бастамалары қолдау тапты.
Инвестициялық жобалардың сәтті жүзеге асырылуы өңірдің экономикалық даму көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Бүгінде аталмыш бағыттағы жұмыстар бекітілген межеден артығымен орындалып келеді. Дегенмен, бірқатар салаларда көрсеткіштің төмендеуі байқалған. Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева атап өтті.
– 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысымен облыстың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 114,5 пайыз деңгейінде қалыптасқан болатын. Бұл өнеркәсіп, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй, сауда, көлік, байланыс салаларындағы өсім есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 37,1 пайызға артты. Облыс экономикасында барлық салаларда оң динамика қалыптасып отырғанымен, өңірлер бөлінісінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандарында, ауыл шаруашылығы көлемі Қордайда, инвестиция көлемі Мойынқұмда межеден төмен деңгейде қалыптасты, – деген еді Сандуғаш Ермаханқызы.
Басқарма басшының сөзінше, өңірдегі экономикалық өсім өнеркәсіп, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен тұрғын үй, сауда, көлік пен байланыс салаларындағы көрсеткіштер есебінен қамтамасыз етілген. Мәселен, жалпы өнеркәсіптің 64,5 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 186,3 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, химия, тамақ, құрылыс индустриясы, мұнай өңдеу мен машина жасау салалардағы өсім айтарлықтай артқан.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында жалпы 38,1 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында өнім көлемі 0,1 миллиард теңгені құраса, мал шаруашылығының өнімі 38 миллиард теңгеге жеткен. Сонымен бірге құрылыс саласында 38,1 миллиард теңгеге жұмыстар жүргізіліп, есепті кезеңде 147,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Биылға 5 миллиард теңге қарастырылған
- 24 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді