Үшбұлақ көлінің қызығын көпшілік емес, көлбақалар көріп жатыр
- author «Ақ жол»
- 21 маусым, 2025
- 329

Жағалау Д.Қонаев көшесінен Зербұлақ көліне дейін жалғасады. Жаяу жүргіншілер жолы да бар. Су ортасында диаметрі 19 метр болатын «Жасанды арал» (пирс) салынған. Аралда қазақы жылнамадағы жыл басы болуға таласқан жануарлардың мүсіндері орналасқан. Жасанды арал көпір арқылы жаяу жүргіншілер жолына қосылған. Жағалаудың сол жақ қанаты мәрмәр түйіршіктерінен жасалған ою-өрнектермен безендірілген. Ұзындығы 60 метр болатын аспалы көпір де күрделі жөндеуден өтіп, түнгі жарықтандырумен қамтылған.
Сондай-ақ мұнда заманауи «Street workout» спорт алаңшасы мен әткеншек орналасқан. Ұзындығы 450 метрді құрайтын веложол да бар. «Үшбұлақ» жағалауы бойында 3 пандус, 40 орындық пен қоқыс жәшіктері қойылған. Жаяу жүргіншілер жолына 4 мың шаршы метр өрнектас төселген. Жағалауға келушілерге барлық жағдай жасалған.
Күн батқанда қосылып, таң атқанда өшетін жарықтандыру бағандары мен бір мың шаршы метрлік көлік тұрағы салынған. Иә, бүгінде жағалаудың сиқы қашқан. Отыратын орындықтар сынып, мәрмәр түйіршіктерден жасалған шеттері қашалған, қоқыс жәшіктері тіпті қалмаған десе де болады. Ұзындығы 850 шаршы метрлік «Үшбұлақ» жағалауы – халықтың сүйікті орнына айналғалы төрт жылдан асыпты.
2021 жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай пайдалануға берілген мекен бүгінде тозуға айналды. Аққулар жүзіп, айнадай жарқырап жататын көлдің биылғы жағдайын көріп жылағың келеді. Сасық иіс кеш батқанда бүкіл қалаға тарайды. Кезінде «Таразға тарту» жобасының аясында салынған нысан «Казфосфат» серіктестігінің демеушілігімен жүзеге асқан болатын. Т
амаша ертегідегі кейіпке айналған мекенді тараздықтар ерекше жақсы көреді. Жағалаудың маңында серуендеуді халық әдетке айналдырған. Алайда редакциямызға хабарласқан қала тұрғындары көлдің жағдайын айтып алаңдаулы.
– Өзім «Ақбұлақ» мөлтекауданында тұрамын. Тараздық болғаныма да жиырма жылдың жүзі болыпты. Таңның атысымен кештің батысы мұнда жастар да, кәрілер де жүреді. Спортшылар жүгіріп жаттығып жүрсе, мен жаймен серуендеп жүремін. Биыл мамыр айы басталысымен көлдің беті аққуларға лақтырылған нанға және жасыл балдырларға толып ластанып кетті. Көлбақалар көбейіп, көлден қолаңса иіс шықты. Кімге жүгінерімізді білмей, редакцияға байланысқа шықтым, – дейді Бақыт Айханова есімді қала тұрғыны.
Өзім де сол маңда тұратындықтан жағалау маңын шарлап шықтым. Расымен өте лас. Иіс қолқаны кеуіп тұр. Судың бетіне шыққан балдырлар ап-анық көрінеді. Осы жағдайдан соң қалалық әкімдікпен байланысып, «Үшбұлақ» көліне кімдер жауапты екенін сұрастырдық. Сөйтсек, көлдің тазалығына «Жасыл Тараз» мекемесі жауапты екен.
– Көлді балдыр басу салдары жыл сайын қайталанатын жағдай. Жылда мамыр мен маусым айларында біздің жұмысшылар балдырларды тазалайды. Биыл да кешегі күннен бері 20 жұмысшы жұмылып, балдырларды тырмамен тазалап жатыр. Әлі бес күндей тазалаймыз. Сол үшін суды төмен түсірдік. Балдыр жейтін амур балығы болады. Оны сатып алуға, суға жіберуге әзірге қаражат жоқ. Қарастырылмаған. Жағалау қолданысқа берілген жылы амур балықтары жіберілген. Одан бері біршама уақыт өтті. Қанша жерден тыйым салынса да, астыртын балық аулаушылар бар. Ағып кетті ме, суды жатсында ма, сол балықтар көбеймеді, қазір көлде амур балығы жоқ. Солардың жоқтығынан да балдырлар қаптап өсуде, – дейді «Жасыл Тараз» мекемесі басшысының орынбасары Талғат Торғаев.
Жағалауда жүрген аққулардың жем шөбі, бабына да осы мекеме жауапты. Құжат бойынша мұнда үш ірі аққу тіркелген. Былтыр 4, биыл 5 балапан шығарыпты. Олардың үйшігінің тазалығы, саулығы, жеміне де жасыл тараздықтар жауапты. Айта кетейік, 2021 жылы бөгет жаңартылып, су айдыны 60 метрге дейін кеңейген.
Демалушылар үшін 5 аққу, 4 үйрек және ақ амур, карп балықтары жіберілген. Үшбұлақ көлі «Зербұлақ» көлінің жалғасы. Яғни, қолдан жасалынған, ағысы баяу су. Мұнда су Қырғызстаннан келетін өзеннен жіберіледі. Биылғы жылға су ағысы өте жай болып тұр. Сол себепті балдырлар қаптап кеткен. Енді ғана екі аптаның көлемінде су ағысы күшейіп, арнасына құйылып кеп жатыр.
Талайды тамсандырған Үшбұлақ көлінің ахуалы тілшілер осы мәселені көтергеннен кейін қолға алына бастады. Бірақ жыл сайын көлдің ластануына жол бермейтін бір амал қарастырған жөн сияқты.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді