
Әкеміз Қазан төңкерісінен үш жыл бұрын қазіргі Сарысу ауданының №11 ауылында 1914 жылы орта шаруаның отбасында дүниеге келген. Оны тағдыр еркелетпепті. Үш-төрт жасында әкесі, алты-жеті жасында шешесі өмірден озған соң, бай ағайындарының қолында өскен. Әрине, тұрмыс жағдайы жақсы болмаған, оны алда да небір қиын кезеңдер күтіп тұр еді.
Жалпы, Кеңес өкіметі 1917 жылы орнағанымен, 30-жылдарға дейін қазақ халқының көшпелі өмір салты өзгермеген. Дегенмен, аудан орталығы Шаян селосы болған әкем ауылының дәулетті туыстары 1928 жылғы тәркілеуге (конфискация) ұшырайды, бар малы тартып алынады. Одан соң «асыра сілтеу» тән болған колхоздастыру басталады. Сөйтіп жүргенінде 1931-1932 жылдар келіп жетеді. Жаппай ашаршылық, адам атаулының түгелдей қырылуы өңірді жайлайды. «Ел құлағы елу» жұртшылық Қаратау бөктерінде Ащысай кені ашылыпты, асханасында тамақ береді дегенді естіп, солай қарай жөнеледі.
Кәрі-құртаң, аш-құрсақ жарты жолда бақилыққа аттанып, сәл әлділері, ішінде менің әкем Ащысайға жетіп жығылады. Аталмыш орын қорғасын өндіретін кеніш екен. Ерте ме, кеш пе Германиямен соғыс болатыны белгілі, жұмыс күші жетіспей жатады. Әкем сол жердегі шахтамен іргелес байыту фабрикасына жұмысқа орналасады. 1938 жылы менің шешеме үйленіп те үлгереді. Көп кешікпей 1941 жылғы маусымда Ұлы Отан соғысы басталады. Әрине, Кеңес Одағының азаматы Әділбеков Бәйдеш әскер қатарына шақырылады.
Бұлар сол кездегі аудан орталығы Түркістан қаласында әскерге жөнелтудің процедурасын өткеріп, Шымкентте топтастырылып, ары қарай Шолақтау кентінен (Қазіргі Қаратау шаһары) бір ақ шығады. Ол кезде Жамбыл – Шолақтау темір жолы салынуда екен. Осы құрылысты аяқтап, қара жұмыстың азабын бастан кешіріп, 1942 жылы әкем өз замандастарымен бірге қан майданға аттанады. Әскери бөлім беларусь жеріне барып орналасады. Әкем №471 миномёт полкінің №120 батареясына миномётші болып ұрысқа кіріседі.
(Әскери билетінде майдан, армия аттары жазылмапты). Соғыстың алғашқы ауыр кезеңінде, Минск қаласы жауға қалдырылып, Қызыл Армия шығысқа қарай шегінуде екен. Қиян-кескі ұрыстар басталады. Хат танымайтын, орыс тілін білмейтін, басқа ұлт өкілдерінің ортасына тап болған әкем көп қиыншылықтар көреді. Шамалы ғана қара нан, аз ғана солдат ботқасы тамақ болып жарытпайды. Оған беларусьтың 35-40 градус аязын қосыңыз.
Жау самолеттері күніне әлденеше рет шабуылдап, ауыр бомбалар тастаумен болады. Тірі қалған аз ғана Кеңес солдаттары гүріл басылған соң өздерін көміп қалған топырақ астынан бастарын көтереді екен. Әкем майдан даласында асқан тәртіптілігімен, командирдің бұйрықтарын екі етпейтіндігімен көзге түседі. Көп кешікпей оған ефрейтор (яғни үздік солдат) атағы беріледі, «Отличный миномётчик» төс белгісімен марапатталады.
1942 жылы саяси жетекші оны коммунистік (большевиктер) партиясының қатарына өт деп үгіттейді. Отан соғысында ұрыста нақты ерлік көрсеткен жауынгерлерге «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалі берілген, олардың үйде екі-үш данасы сақталыпты. Жоғарғы Бас қолбасшы И.Сталиннің Бобруйск, Волковыск қалаларын азат еткені үшін ефрейтор И.Әділбековқа жарияланған алғыс хаттармен де таныспыз. Осыдан аз ғана жыл бұрын WhatsApp желісінен интернет арқылы табылған құжаттан көргеніміз бар. Онда соғыс кезіндегі бір командирдің бұйрығы берілген. Бұйрықта кезекті бір шайқаста қызыл әскер Б.Әділбековтің өзінің жараланғанына қарамастан жаудың екі рет шабуылын тойтарып, ерлік көрсеткені, сол үшін оған алғыс жарияланғаны айтылған.
1944 жылдың шілде айында ефрейтор атағы бар әкем бір ұрыстың барысында дәл мойнынан ауыр жараланады. Әскери госпитальда ота жасалынған ол бірер айдан соң майдан даласына қайта аттанады. Бұл кезде Кеңес Армиясы өзінің күш-қуатын арттырып, беларусь жерін жаудан тазартуға кіріседі. Қалалармен деревнялар қолдан-қолға өтіп, немістердің шегінуімен аяқталады. Осылайша Кеңес жауынгерлері Прибалтикаға енеді. 1945 жылдың басында маршал А.Василевский басқарған әскери құрамалар алдында Кенигсберг қаласын алу міндеті тұрады. Бұл қаланың маңыздылығы ерекше екен, біздің әскердің қолына өткен жағдайда, Германияның тағдыры шешіледі. Кенигсбергті қала емес қамал деуге тұрарлық, оның айналасына әлденеше қабат бекіністер салынған. Дегенмен сәуірдің 10-күні қала беріледі, кеңестік болады. Біздің жақтан адам шығыны өте көп болады (әкемнің көрші тұратын қарияға солдаттардың қырылғанын тауыққа шашылған бидаймен теңестіргенін естігенмін).
Сәуір айының ортасында Қызыл Армия Польшаны азат етуге кіріседі. Васило-Одердегі ауыр шайқастардың барысында елдің астанасы Варшава беріледі, жау шегінеді. Ал сәуірдің 21 күні маршал Г.Жуковтың қолбасшылығындағы 1-Беларусь майданының әскерлері Эльба өзеніне шығады, Берлинді қоршау басталады. Құрамында ефрейтор Б.Әділбеков бар миномёт полкін де қиянкескі шайқастар күтіп тұр еді. Тек қана Берлин көшелерінде жүз мыңға жуық қызыл жауынгер шығын болған. Дегенмен шебер ұйымдастырылған әскери басшылық, солдаттардың ерен ерлігі өз нәтижесін берді де, мамырдың 2-күні Берлин гарнизоны тізе бүкті. Алда Ұлы Жеңісті тойлау ғана қалған болатын.
Осы жерде мақала авторы бір жәйтқа назар аударғысы келіп тұр. Алапат соғыстың бастамашысы болған Гитлердің Жеңіс қарсаңында өзін-өзі өлтіргені жөніндегі ресми мәліметпен бәріміз таныспыз. Бұл ақпаратқа күмән келтіретіндер де табылады. Әкемнің біздің кенттегі бір қарияға айтқан әңгімесін тыңдағанмын. Жау жеңіліп, Берлин құлаған соң, қызыл жауынгерлер саяси жетекшіге сұрақ қояды: «Гитлер жауыз қайда, оның бет-жүзін көруге бола ма? Жастық шағымыздың соғыспен өткеніне, адамдар ажалына сол кінәлі емес пе?
Бұл сөзге саяси жетекші: «Біз Рейхстагқа жақындағанда ол үйленген. Содан соң зым-зия жоқ болды. Итті қолға түсіре алмадық», – деп жауап беріпті. Соғыс бітеді, әруақ-құдай қолдап тірі қалған әкем 1946 жылдың басында елге оралады. Төркініндегі шешем мен бес жасар әпкемді түйеге жеккен арбаға отырғызып қорғасын кенішіне оралып, байыту фабрикасындағы бұрынғы жұмысын қайта жалғастырады. Тәртіпке берік, ісіне адал ол бұл жерде де бастыққа қадірлі, жұртқа сыйлы болады.
«Социалистік жарыс озаты» сияқты төс белгілері, әлденеше мақтау қағаздары болатын. Еңбекшілер депутаттары Кентау қалалық кеңесіне де сайланады. Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне жергілікті органдар депутаттыққа ұсыныпты. Ал, 1966 жылы Одақ бойынша жеті жылдық жоспар аяқталғанда, КСРО Жоғары Кеңесі Президумының жарлығы бойынша Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды (мемлекеттегі дәрежесі екінші награда болып есептелінеді).
Жылдар жылжыды. Әкем зейнеткерлікке шықты. Біз жанұямызбен – бес перзент – оның өзі туып өскен Сарысу өңіріне (Жаңатас қаласы) қайта оралдық. Малға ебі бар ол, елді мекеннің сырт жағында жылқы атаулыны бағып-қараумен айналысты, немерелерін күтіп қарады. Ол кезде қазіргідей нұсқаулықтар жоқ, (атеистік заман) өз білгенінше намаз оқыды, ораза тұтты, ауыз ашар да ұйымдастыратын. Тіпті елдегі саяси жағдайға да көңіл бөлетін. 90-жылдары екі Германия біріктірілгенде (Шығыс және Батыс) жан күйзелісіне түскен.
«Ойпырай, мұнысы несі, немісті дымымыз қалмай зорға жеңіп едік, олар қайта бас көтермесе болғаны. Бетін аулақ қылсын», – дегені есімде.
Әкемнің 1944 жылдың ортасында ауыр жарақат алғаны жоғарыда айтылды. Соғыс уақыты болғандықтан, дәрігерлер отаны асығыс-үсігіс жасаған сияқты. Желкеден төмен дәл мойындағы снаряд жарықшағы түгел тазартылмапты, шамалы мөлшерде сол күйде қалып қойыпты.
Жылдар өте іс насырға шауып, мойын омыртқасында жас баланың жұдырығындай түйіншек пайда болады. Хирургтер егде жастағы адамға ота жасау өміріне қауіпті екендігін айтады. Осы бір жарақат әкемнің 1998 жылы қаңтар айында өмірден өтуіне әкелсе керек.
Іргеміздегі алып мегаполис Шымкент шаһарында Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің тізімі берілген мемориалды кешен бар. Сол Отан үшін от кешкендердің арасында гранитке ойып жазылған Б.Адылбеков деген жазу да тұр. Яғни бұл осы мақаланың кейіпкері. Ер-жүрек ұлын ел-жұрты ұмытпапты.
Игенбек ӘДІЛБЕКОВ.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Жұмыс орнын ашу: жоспар 17,7 пайыз орындалды
- Бүгін, 03:36
Бағаны тұрақтандыру – әкімдердің жұмысы
- Бүгін, 03:28
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді