«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жарты ғасырлық белеске жеткен әскери бөлім

Жарты ғасырлық белеске жеткен әскери бөлім
Автор
Артиллерист-жауынгер мамандығы тек батылдық пен кәсіби шеберлікті ғана емес, сонымен қатар олардың жауынгерлік қабілеттеріне сәйкес атыс міндеттерін орындау кезінде нысандарды дәл анықтау, шебер жоспарлау және бөлімшелерді басқару бойынша нақты тәжірибелі болуды қажет етеді. Осынау жауапты сында, өз тарихында жарты ғасырлық белеске табан тіреген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөліміндегі жеке құрамның атқарып келе жатқан қызметіне оң баға бере аламыз.

Тәуелсіз Қазақстанның төл әскерінің қатары және жауынгерлік даярлық барысында алдыңғы қатарларынан ерекше көзге түсіп жүрген 06708 әскери бөлімі өз алдына дербес әскери ұжым болып құрылған күніне 50 жыл толу мерейтойын атап өтті. Дәл осы әскери орта Кеңес армиясының Орта Азия әскери округі құрамында артиллериялық бригада болып, 1975 жылы құрылған.

Артиллериялық бригаданың бірінші командирі ретінде майор Валентин Новиков тағайындалған. Әскери бөлімді әр жылдары түрлі әскери шендегі Ю.Сиджах, И.Пеньковский, А.Чучаев, Д.Скворцов, Г.Бобков, В.Ходалев, Е.Аманбаев, Д.Есхожин, Ғ.Жүнісов, А.Биназаров, Е.Аманғожаев, Ж.Жақыпов, Е.Батырбеков, Ж.Әбеков және Н.Жүнісәлиев есімді лауазымды тұлғалар басқарып келді.

Бүгінгі күні 06708 әскери бөлімінің жеке құрамына подполковник Дамир Шарипов басшылық етуде. Кеңес Одағы ыдырап, еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін, 1992 жылы артиллериялық бригадасы аталып келген әскери бөлім егемен еліміздің жаңадан құрылған төл әскерінің құрамына зеңбіректі-артиллериялық бригадасы болып енеді.

1993 жылы бөлім зымырандық зеңбіректі-артиллериялық бригадасы деген атауға ие болады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңына қарай бөлімнің артиллерист-жауынгерлері жауынгерлік даярлықта ерекше көзге түсіп, жоғары тұрған басшылықтың құрметіне бөленеді. Атап айтар болсақ, бөлімнің жеке құрамы 1997 жылы далалық атыс оқу-жаттығуында көздеген нысанаға дәл тигізіп, Мемлекет басшысының алғысына қол жеткізсе, 2000 жылы далалық артиллериялық атыс сайысында жоғарғы биіктерден көрінген артиллерист-жауынгерлер тағы бір мәрте Қазақстан Республикасының Президенті-Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының марапатына ие болады.

Бұдан бөлек мұндағы жауынгерлер «Сарышаған» полигонында Қазақстан Республикасының Президенті-Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қатысуымен ұйымдастырылып өткізілген 2002 жылы «Отан қалқаны-2002» және 2004 жылы «Сарыарқа-2004» кешенді-тактикалық оқу жаттығуларында асқан белсенділік танытып, алдыңғы қатардағы орындардан ерекше көзге түседі.

2012 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлерінің Зымыран әскерлері және артиллерия саласының қару-жарақтарын сынақтан өткізу мақсатындағы «Отты білік-2012» оқу-жаттығуына қатысқан бөлімнің жеке құрамы сынақтан сүрінбей өтіп, жауынгерлік даярлықтағы артиллериялық атыс көрсеткішінің жоғары деңгейде екендігін дәлме-дәл айқындап береді. Қазақстан Қарулы Кұштерінің ардагері Тілек Кенжебеков өз сөзінде бұған дейін мұндағы артиллерист-жауынгерлер кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатында «Шоқпар-2013», «Айбалта-2015» және «Айбалта-2019» оқу жаттығуларға қатысқанын атап өтті.

Сөзінше, аталған бөлімнің жеке құрамы мұнымен тұралап қалмайды. Өйткені, артиллерист-жауынгерлерінің қатарында бой түзеп жүрген бөлім қызметкерлері Отан алдындағы мінсіз қызмет пен Ракета әскерлері және артиллерия шоқтығын биікке көтеруде аянбай тер төгуге қашанда дайын.

– Алда биік асулардың белесін бағындыру керектігі белгілі. Сондықтан Отан алдындағы қызмет пен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы тапсырмаларын бұлжытпай орындауда 06708 әскери бөлімінің жеке құрамы бойдағы бар күш-жігерлерін жұмсауға әрқашанда дайын екендіктерін жеткізгім келеді. Тәуелсіз Қазақстан елінің мәртебесін көтеру мен егеменді еліміздің армиясының айбынын асқақтату жолында артиллерист-жауынгерлердің Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарындағы өз әріптестерінен қалыс қалмайтындығына сенімім мол, – дейді сала ардагері.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар