«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үмбетовтің үлгісі

Үмбетовтің үлгісі
Автор
Елдің аузына қақпақ бола алмайсың. «Үмбетовің Жамбыл облысына не жақсылық жасады?» дейді ел ішіндегі ештеңеден хабары жоқ кекірейген кейбіреулер. «Көрмес, түйені де көрмес» дегеннің кері де баяғы. Шолақ ойларының жеткен жері мен сығырайған көздерінің көргені сол да. Үмбетовке үні жетпейтін жерден сандырақтайтындарға күлем де, қолымды бір сілтеймін. Ал жүзбе-жүз отырып қыжылын шығарғандарға, не істегенін тәптіштеп тұрып айтып берем.

Айтып бергендерімнің бәрі елден естігенім емес, өз көзіммен көргендерім. Мен көріп-білгенде, ол – Жамбыл облысының тоқсаныншы жылдары «топалаңнан» әлі ес жиып, етек жеңін жинай алмай жатқан кезі болатын. Нақты айтсам, бұл – екі мыңыншы жылдардың басы. Облысқа әкім болып Серік Үмбетов тағайындалды. Оған дейін облысты Өмірбек Байгелди, Амалбек Тшанов, Сарыбай Қалмырзаев басқарған. Бәрі – «Сен тұр, мен атайындар»!

Міне, осындай тұлғалардан кейін ұлтқа ұнап, жұртқа жағамын, болмысы бөлек тірлік жасаймын деудің өзі бекершілік саналатын. Ол кезде республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісімін. Өңіріміздің ел тәуелсіздігіне дейінгі де, одан кейінгі де жағдайы көз алдымда. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тауқыметті, сіздер сұрамаңыздар, мен айтпай-ақ қояйын. Облыс орталығындағы пәтерлерде жарық, газ, жылу деген игіліктеріңіз болмай қалып, қалың жұрт қоңыз теріп кеткендей хал кешкен бір алмағайып кезең еді. Сондықтан Үмбетовке қолға алатын жұмыс қыруар болатын. Неден бастау керек? Қалай бастау керек?

Облыс орталығын оңдап алмай тұрып, аудан орталықтарын, оның ауылдарын қалыпқа келтірем деу бос әурешілік. Секең іске кірісті. Қаланы араласа да, даланы араласа да, өңір басшыларымен бірге қасынан журналистерді бір елі тастамай, ертіп жүрді. Елдің жағдайын көрсін, білсін, сөйтіп Үкімет пен Парламент депутаттарының құлағына жеткізетін мәселе болса, жеткізсін деген тілек те баяғы. «Сөйткің», «бүйткің» деп құр тапсырма бере салмай, журналистердің тілін де таба білді. Небір тік, қайсар, өжет дейсіз бе, әйтеуір, алған бетінен қайтпайтын «қаһармандар» Үмбетовпен болған жарты сағат «психологиялық терапиядан» кейін әкімнің кабинетінен кейін мінездері жібектей болып кетпесе де, жынынан айырылған бақсыдай боп шығатын.

Тараз қаласының «мәдениеті» мен «тәртібін» ретке келтіру үшін істі оның орталығынан бастау керек болды. Бұрынғы облыс әкімдерінің бірі Амалбек Тшанов «құлатқан» Ленин «атамыздың» ескерткішінің орнында қалған қызылкүрең тастың үстінен әлі ешкімді көре алмай аң-таң боп жүрген кезіміз тұғын. Тұғырға лайықты тұлғалар көп қой, бірақ «әрі тарт та, бері тартпен», бір байламға келе алмай жүргендердің ісі созыла берген де баяғы. Сол мәселені келе сап Секең шешті.

Бір жылдың бедерінде большевиктердің басшысы болған Лениннің орнына Қаратау мен Алатауды қатар жайлаған, Қос Тұра мен Бөген, Шаянды мекен еткен Бәйдібек бабаның ат үстіндегі бейнесі сом тұлғасымен қасқайып тұра қалды. Біздің ұрпаққа Сталин мен Лениннің ескерткіштерін қалай орнатқанын көру жазбаса да, оларды тұғырынан қалай құлатқанын көру бақыты бұйырған. Енді өзіміздің хандарымыз бен билеріміздің, баһадүр батырларымыздың ескерткіштерін қалай орнатқанын көру қуанышы бұйырды. Тәубе!

***

Бәйдібек ескерткіші әңгіменің бастауы ғана. Мәселенің үлкені – сонау Өмірбек Байгелді ағамыздың тұсынан бері әңгіме болып, бірақ оң шешімін таппай келе жатқан Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойын өткізу туралы ұсыныстың Үкімет тарапынан қолдау табуы болды емес пе! Сол ұсыныс қолдау тапқаннан кейін өңірдегі тіршілік те жанданып жүре берді. Облыс орталығындағы «Гидрокомплекс» деп аталатын алып қалашық-кешеннің қасында «Жастар сарайы» деген аты бар ғимарат тоқсаныншы жылдары «бомждар» мен «нашақорлардың» мекеніне айналып, сасып-мүңкіп жатқан.

Секең, міне, осы ғимаратты сәулетіне сай етіп қайта жаңғыртып М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің игілігіне берді. Содан бастап түрлі ғылыми мәжілістер мен салтанатты іс-шаралар осы жерде өтіп тұрды. Сол ғимарат өткен жылы еліміздегі Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің бас ғимаратына айналды. Міне, болашақ үшін еңбектің Үмбетов көрсеткен бір үлгісі осы!

Қаңырап қалған ғимараттар ғана емес, ол кезде бұрынғы Ленин, қазіргі Тұрар Рысқұлов атындағы мәдени-демалыс саябағы да қолдауға зәру болды. Секең ол саябақты Қошмамбетовтер әулетіне тапсырды. Өйткені Тұрар Рысқұловтың сенімді серіктерінің бірі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қарымбай Қошмамбетовтің бюсті осы бақтың бір бұрышында тұратын. Әруақ сыйлаған Үмбетов қолы ұзын, қалтасы қалыңдарға емес, біраз гектар жерді алып жатқан орталық саябақты осы әруақты кісінің қарапайым ғана ұрпағының қолына ұстатты.

Қазір бұл саябақ қала қариялары мен жастарының, бүлдіршіндері мен сәбилерінің көңіл көтеріп, демалатын мәдени мекеніне айналған. Айтпақшы, саябақтың қасында кеңес заманынан қалған көне кинотеатр бар болатын. Аты – «Қазақстан»! Бірақ тоқсаныншы жылдардың «топалаңында» оның да есік-терезесі үңірейіп, қаңырап қалды. Ол туралы «Қазақстан» қирап тұр» деп, әжуа мақала да жазылған. Сол мақаланы оқыған Секең әлгі кинотеатрды бір кәсіпкерге беріп, ол оны бүгінде ел игілігіне айналдырып, рәтін көріп отыр.

***

Үмбетов келгенге дейінгі басшылық тұсында облыстық, аудандық басқарма, департамент, бөлім дегендердің бәрі «оптимизация» дегеннің «ойранымен» қысқарып, көптеген мемлекеттік қызметшілер екі қолға бір жұмыс таппай, амалсыздықтан алақан жайып қалған. Әкімдіктердегі жұмыс та қожыраған. Басқа облыстарда болмаған «оптимизация ойраны» Жамбыл өңіріне ғана туралап келгендей зардабы сұмдық сезілді.

Секеңнің азаматтығы сол, әлде батылдығы ма, облыс орталығы мен аудандардағы «құйрығын кесіп құнтитып, құлағын кесіп шұнтитып» тастаған басқарма, департамент, бөлімдердің бәрін қайта аштырды. Әйтпесе, білім бөлімінің қызметін кімнен, спорт бөлімінің жұмысын кімнен сұрарын білмей әкімдердің өздері де сандалып қалған.

Сандалып қалған соң істен береке кетеді. Ал тілімен жүретін, аузымен үретіндер осы қайта ашылып, қайта жанданған жұмыстың бәрін өзі бола салған сияқты көреді. Ал қасында жүріп, бәрін өз көзімен көргендер, Секеңнің елге болсын деген осы ақжайлау пейілін ешуақытта ұмытпайды.

***

Сонымен, Жамбыл облыстық қазақ драма театры (қазіргі Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры), «Баласағұн» концерт залы күрделі жөндеуден өткізіліп, облыс орталығының түр-тұрпаты түрлене түсті. Тараз қаласының 2000 жылдық тойы да дүркіреп өтті. Тарихи тойға алыс-жақыннан көптеген қонақтар келді, көрді, рақметін айтты. Қайта жаңарған Орталық стадионда өткен қойылымды тамашалады. Іргесіндегі «Дельфин» бассейні де күрделі жөндеуден өткізіліп, төбесі заманауи қымбат жабындымен жабылған болатын, ол да көз тартып тұрды.

Үмбетовтің бастамасымен жасалған Бауыржан Момышұлы атындағы атшабардағы (ипподром) іс-шараны қызықтады. «Әулиеата қаласының өз Атшабары болған» деген тарихи дерек бола тұра, «бүгінгі Тараз қаласына да бір атшабар керек» деген ұсынысты Үмбетовке дейін ешкім айтып, ешкім қолға алмаған ғой.

Сонымен екі мыңжылдықты қамтыған той түйіні мен тағылымы Францияның астанасы – Париж қаласында аяқталды. Астанадан, Алматыдан және Тараз шаһарынан жасақталған үлкен делегация бір апта бойы Парижде, әлемге әйгілі ЮНЕСКО үйінде ғылыми мәжіліс өткізіп, көне қаланың тарихынан шежіре шертіп, тарихи жәдігерлерін Еуропаның бекзат көрермендерінің назарына ұсынды.

***

Үмбетов облысқа әкім боп келген тұс – оңтүстік өңірі тұрғындарының газ тапшылығы салдарынан қатты қиналып жүрген кезі болатұғын. Оны шешу үшін Астанадан (Үкіметтен), облыстан арнайы делегация Тәшкенге барып, Өзбек Үкіметіндегі ала тақиялы ағайындарға «ака, қоризға газ бере туриң» деп, ғазиз бастарын иіп, ылғи тәуменді боп жүретін. Секеңнің іскерлігі осы жерде де іске асты. Ол облыстағы баяғыда кеңес геологтары ашқан, отыз жылдан бері бекерге жанып жатқан Амангелді газын пайдалану жөніндегі ойын нақты дәлелдермен Үкіметке ұсынды.

«Ол газдың қоры аз, одан ел қазынасына пайда түспейді» деген кертартпаларға да қарамады. Мәселе шешімін таппай, сиырқұймышақтанып бара жатқан сол тұста жаңадан Премьер-Министр болып келе қалған Қасым-Жомарт Тоқаевтың құлағына алтын сырға деп «Жас Алашқа» да мақала жазғаным есте. Міне, сол тұстағы Үкімет Амангелді газын ашуды жақсылап тұрып қолға алып, облыс халқына үлкен жақсылық жасады. Сол табиғи газ, міне, өңір халқын өзгенің отынына алақан жаюдан құтқарғалы жиырма жылдан асты. Қоры да таусылған жоқ. Қайта құмнан жаңа газ кен орындары ашылып, қуантып жатыр.

Облыс, аудан бюджетіне де ақша түсе бастады. Сол газ құбырының арқасында бірнеше ауданның халқы табиғи газдың рахатын көріп, ауылдағы келіндер көмір жағып, күлін шығаруды ұмытты.

***

Тоқсаныншы жылдардағы «тоғыз баллдық толқынның» бірі – облыс халқы санының азаюына да әкеліп соқтырды. Жұрттың бәрі Алматыға қарай ауды. Алматыны місе тұтпағандар, Астанаға көшті. Облыс халқы кәдімгідей ортайып қалды. Әйтпесе, кеңес өкіметінің кезінде халқының саны жөнінен Алматы, Шымкент, Қарағанды сияқты қалалардан кейінгі төртінші орынға жайғасатын ірі орталық қой Ал халық саны аз болса, бюджет те көбеймейді, кәсіпкерлік те жүрмейді. Тағы басқа да іс-шаралардың да бір жері кемшін соғып тұрады. Сондықтан, Үмбетовтің ең басты жұмысы – өңірден үлкен мекемелер мен кәсіпорындарды неғұрлым көбірек ашып, Үкімет тарапынан жаңадан ашылатын мемлекеттік мекемелер болса, соларды облысқа қарай көбірек тартуға күш салуында болды.

Дәл сол кезде Оңтүстік өңірлік әскери қолбасшылығы жасақталатын болып, оның орталығы Шымкентке орналасады екен деген әңгіме гулеп тұрған. Гу-гу құлағына жеткен Үмбетов те қарап жатпапты, Үкіметке шығып, Оңтүстік өңірлік әскери қолбасшылығының штабын Тараз қаласына орналастыруға белсене әрекет етті. Оған қажетті ғимараттар, тағы басқа керек-жарақтарының бәрін Тараз қаласының батыс жағындағы қаңырап тұрған өндірістік аймақтардан тауып берді. Қазір сол жерге барсаң, көзің тояды.

Құжынаған халық, ығы-жығы көлік. Қаңырап бос тұрған ғимараттар да кәдеге асып, соның арқасында басқа жұмыстар да жүлгесін тауып жүріп кетті. Бірақ, Секең «осыны мен жасап едім» деп халық алдына шығып кеуде қаққан емес. Баяғыда «Үндемейтін Үмбетов» деген мақала жазып, оным «хит» боп еді. Сол мақаламның «үндемейтін» кейіпкері әлі өзгермеген. Бірақ «үндемейді» дегеніме, Секеңді қой аузынан шөп алмас деп қалмау керек. Мінез көрсететін тұста ол да мінез көрсетеді.

Тараз қаласының орталығындағы аралас мектепті таза қазақ тілінде білім беретін оқу ордасына айналдырып, ауласында тұрған қаба сақал Карл Маркстің бюстін алдырып тастауы, мысалы, кез-келген әкімнің қолынан келе бермейтін ол кезде. Одан кейін Дінмұхамед Қонаевтың атын атауға қорқатын заманда Тараз қаласының төріне Димаш атасының бюстін орнаттырды.

Бұл да жұрт айтқанмен, басшылар жағы сөзбұйдаға салып, қолға алуға қорқасоқтап жүрген іс-тұғын. Бір бюсті аздай, Димаш атамыздың ескерткішін іле шала Талас ауданындағы Ақкөл ауылының төріне де тұрғызды. Оның ашылу салтанатында да Үмбетов жүрді. Сол кезде Секеңнің бас аяғы төрт жылдың ішінде Жамбыл мен Алматы облыстарындағы төрт жерге Қонаевтың төрт ескерткішін орнатқанын жоғарыға жазып, тырнақ астынан кір іздеген бәлеқорлар да болды.

***

Ал енді мінезіндегі адамгершілік, «үлкенді – аға, кішіні – іні, қарындасты – қызым» деп, іші бауырына тартуы өз алдына бір төбе. Сірә, Үмбетовтің жақсылығын көрмеген адам Қазақстанда кемде кем шығар. Бір жолы белгілі бір журналист «Германияға барып жүрегіме ота жасаттым» деп, әңгіме айтып тұрды. Германияға бару оңай шаруа емес екенін меңзеп едім, «Серік Үмбетов көмектесті» деді.

Бұл бір қаламгердің айтқаны. Ал Астана, Алматы, Талдықорған, Тараз және басқа да қалалардан Секеңнен қамқорлық көрген қазағы, орысы, украины, немісі бар адамдарды ондап, жүздеп тауып алуға болатын шығар. Біреуі баламды емдетем, біреуі кітап шығарам, біреуі кино түсірем, біреуі концерт қоям деп іздейді де Үмбетовті. Секең болса сол саланың министріндей алдына барғандардың бәрін жылы қабылдап, қолынан келгенше көмегін береді.

***

Қызмет бабымен кім қайда бармайды. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар». Жақсы болса төбесіне көтерді, жаман болса «пейілінен тапты» деп басын шайқайды. Жөн-жосықты біледі деген шенеуніктің артынан жаман сөз еріп, келуінен кетуі жылдам болғанына қынжылады. Келу мен Кету...

Келу жақсы, Кету де жаман емес. Бірақ оны әркім әрқалай түсінеді. «Жақсы келу» бар жерде, «Жақсы кетудің» де болатынын білгісі келмейді. Келудің жақсысы – «алыстан алты жасар бала келсе, алдынан алпыстағы қария шығып сәлем береді» деген дала пәлсәпасын бетке ұстаған жылпостар Келушіні жалпылдап қарсы алады, жағымпазданып сауық сайранға шақырады. «Үйіріне» тарту үшін өздері жеп жатқан игіліктен (бюджеттен) «асатуды» да ұмытпайды. Оны «түйілмей» жұтудың айласын да үйретеді. Осыдан кейін кейбір уызында жарымаған байғұсқа осылай өмір сүру заңды сияқты көрініп, «халыққа қызмет ет» деп берілген алтын уақытын қай жерден «асасам екен» немесе «енді кім асатар екен» деген қарақан басының қамына сарп етумен болады.

Сөйтіп айналдырған 4-5 жылдың бедерінде заңды белден басу арқылы неше түрлі игіліктердің қожайынына айналған Келушіңіз арыз-арманмен есік қаққан азаматтарды алалап қабылдауға көшеді. Шел басқан көзі емен есігінен емін-еркін кіріп жүрген сыбайластарынан басқаны көрмеуге айналады. Жемқорлығы жалпақ жұртқа жария болған күні ғана Абыроймен келу бар жерде, Абыроймен кету дегеннің де бар екені есіне түседі.

Бірақ кеш. Қауымға қайыр қош деп, дастарқан жаюға да кісілігі жетпей, ішім-жемі бір сыбайластарымен ғана сыбырласып, бір түнде қарасын батырады.

«Кету» дегеннің беделі осы тұста биіктейді. Өйткені Кетудің құрметі Келуден бір мысқал да кем емес. Кетудің құрметіне ел-жұртқа сыйлы, артында айта жүретін іс қалдырған перзенттер ғана бөленеді.

Келудің игілігін ғана ойлап, Кетудің ғибратын ұмытқан лауазым иелері қарапайымдылықтың қадір-қасиетін Серік Үмбетовтың Жамбыл облысымен қоштасу дастарқанында түсінді. Неге? Негесі сол, Секең Жамбылдағы 5 жылдың бедерінде мемлекеттік қызметкерге тән тазалықтың тамаша үлгісін көрсетті. Көп өңірлерде билік тізгінін ұстаған басқалар мұндай уақытта коттеджден бастап жылжымайтын мүлікке дейінгі біраз дүниенің қожайынына айналып үлгерсе, ол кісі... коммуналдық пәтер де алған жоқ. Жүрген жерімнен пайда тауып қалайын деген пасық ниетпен «үш деңгейлі» үй де салдырмады.

«Ағайын-туысқандарымның атына жаздырып қояйын» деп, қаңырап тұрған ғимараттарға да қызықпады. Лауазымды қызметкерге тұрған өңірінен мүлік жинау сәнге айналған тұста қанағатты қастер тұтқан азамат облыстан қарпып... жер, өңмендеп... үй, жұлқынып... жылжымайтын мүлік алайын деп те озбырланбады. Бес жыл бойы... облыс әкімдігінің резиденциясындағы «өкіметтің үйінде» ақы төлеп тұрды. Ғазиз бастың қарапайым дылықтың алдында ғана иілуге тиіс екенін ол басқаларға осылай мойындатты.

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар