«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Орман қорынан жайылымға жер берген дұрыс па?

Орман қорынан жайылымға жер берген дұрыс па?
Автор
Бүгінде елімізде орман саласын дамыту Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқан маңызды бағытқа айналып отыр. Аталған бағыттағы өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта саладағы бағыт-бағдар облыстық мәслихаттың кезекті жиырма үшінші сессиясында қаралды. Облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, жүргізіп отырған сессия отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері, басқарма басшылар және БАҚ өкілдері қатысты.

Сессияның күн тәртібіне сәйкес жиында аймақ басшысының орынбасары Әбілқайыр Тамабек өңірде орман және жануарлар дүниесін күзетудi, қорғауды, молықтыруды қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

– Облыста орман шаруашылығын жүргізу, жануарлар дүниесін қорғау мен толықтыруды қамтамасыз ету – аса маңызды салалардың бірі. Мемлекет басшысы соңғы жылдары Жолдауларында ағаш егу, елді мекендерді көгалдандыру, экологиялық ахуалды жақсартудың маңыздылығын айрықша атап өтуде. Облыста мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 4,4 миллион гектар болса, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2,3 миллион гектар жерді құрайды. Сол арқылы орман қоры жөнінен облысымыз республикада екінші орынды алып жатыр. Аталған аумақты облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына бағынысты 15 орман шаруашылығы мекемелері мен мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі бақылайды. Аталған мекемелердің материалдық-техникалық базасына келер болсақ, соңғы төрт жылда бұл бағытта 1 миллиардқа жуық қаржы бөлініп, қажетті техникалар мен агрегаттар алынды. Биылғы жылы жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, 7 патрульдік автокөлік, 15 дрон мен 40 дана байланыс құралдары алынды. Сонымен қатар өнеркәсіпті дамыту қорынан лизингтік қаржыландыру аясында жалпы құны 1,8 миллиард теңгеге 60 бірлік өрт сөндіру техникаларын сатып алу бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл орман шаруашылығын өртке қарсы техникалармен 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімінің орынбасары Ә. Тамабек.

Аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, облыстың орман саласындағы өзекті мәселелерінің бірі – қызметтік үй мәселесі. Орман орналастыру материалдарына сәйкес, өңірдің орман қоры аумағында 79 дана қызметтік үй болуы тиіс. Қазіргі таңда тек 40 қызметтік үй болса, барлығының тозығы жеткен, күрделі жөндеуді талап етеді. Осы күнге дейін жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінбегендіктен, бүгінде қосымша 39 жаңа қызметтік үй қажеттігі туындап отыр.

Қызметтік үйлердің жетіспеуі және жағдайының нашар болуы жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындауға мүмкіндік бермейтіндігін атап өткен Әбілқайыр Ғалымұлы орман қорын пайдалану мен оны молайту, өрт қаупі маусымына дайындық шаралары туралы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ сессия отырысында депутаттар аталған салаға зерделеу жұмыстары кезеңінде туындаған мәселелерді ортаға салды.

Бұл бойынша жиында облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті, құрылысты, көлікті және коммуналдық саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Мұханбеталы Шалқарбеков баян етті. Халық қалаулысының айтуынша, облыстың орман шаруашылығында мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалану, ағаш отырғызу есебінің сәйкессіздігі секілді өзекті мәселелер анықталған.

– Жалпы, өткен жылы 8,7 мың гектар аумаққа 25,8 миллион дана ағаш отырғызу жоспарланып, бүгінгі таңда 4,7 мың гектар аумаққа 13,3 миллион дана ағаш көшеттері отырғызылған. 2023 жылы көшетімен отырғызылған екпелердің Қосқұдық, Мерке, Бұрыл-Байтал мекемелерінде шығымдылық пайызы төмен. Бұдан бөлек Қосқұдық мекемесімен 2022-2023 жылдардағы күзгі себу жұмыстарына 2 400 гектар алқабына толығымен себілді деп есеп берген. Алайда жердің басына барып қарау барысында оның тек 2 100 гектарына сексеуіл тұқымы отырғызылғаны белгілі болды. Оған қоса Байзақ мекемесімен өткен жылдың көктемгі көшет отырғызу жұмысына аумағы 700 гектар жер дайындалып жыртылған, алайда көшет материалдарының жетіспеуінен тек 54 гектар алқапқа отырғызылғаны анықталған. Осы тектес, Жуалы мекемесімен 668 гектардың 160 гектарына, Мойынқұм мекемесінде 800 гектар жер дайындалып, тек 103 гектар жерге және Сарысу мекемесімен 800 гектар жер дайындалып, оның тек 400 гектарына ағаш отырғызылған, – деді Мұханбеталы Шалқарбеков.

Сонымен қатар сессия отырысында бірқатар депутаттар аталған мәселеге қатысты сауалдарын қойды. Мәселен, депутат Ерұлан Мағзұмбеков қызметтік үйлерге қатысты мәселе қалай реттелетіндігі жөнінде сауал жолдаса, Оралхан Дәуіт балық шаруашылығы субьектілерін субсидиялау мәселесіндегі сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша, Бақытжан Қалымбетов қызметкерлерде техника жетіспеушілігіне байланысты азаматтармен келісімшартқа отыру мүмкіндігін қарастыру секілді мәселелерді ортаға салды.

Сондай-ақ депутат Нұржан Адилов кеңестік кезеңде орман шаруашылығы мекемелері теңгеріміне өткен жерлерді жайылымдық мақсатта пайдалану жөнінде ұсыныс білдірді. Оның сөзінше, орман шаруашылығындағы жерлердің шамадан тыс көп болуына байланысты техникалық жабдықтау мәселесі туындап отырған көрінеді. Сондықтан ол ұсыныс жауапты министрлік тарапынан қолдау тапқан жағдайда облыстағы мал жайылымы мәселесі реттелетіндігін жеткізді. Сол себепті аталған ұсынысты облыстық мәслихат депутаттары министрлік қарауына жіберуге бірауыздан қолданды.

Сессия отырысында бұдан бөлек бірқатар депутаттардың ұсыныс пікірлері тыңдалып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына қатысты шешімдер қабылдады. Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев көтерілген мәселелер ұдайы депутаттар бақылауында екендігін тілге тиек етіп, жергілікті атқару органдармен бірлескен жұмыстың жалғаса беретіндігін жеткізді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар