«Ақты ақ, қараны қара деп айту – бойыма ана сүтімен сіңген қасиет»
- author «Ақ жол»
- 17 маусым, 2025
- 154

– Кішкентайында жақын адамының қатты науқастанғанын көрген бала есейгенде дәрігер болуды армандайды. Ал сізді бұл салаға қандай арман жетеледі?
– Біз білім алған қазіргі Ә.Бүркітбаев ауылындағы мектеп-интернат жанында шағын аурухана науқастарға қызмет атқарды, мезгіл-мезгіл ауыр халде жеткізілген науқастарды көріп, кейде оларды күтуге қол жәрдемін беріп жүрдік. Сонда бір байқағаным, дәрігерлерге деген халықтың құрметі ерекше болатын, көпшілік сыйлап, жолдарын кесіп өтпейтін, олардың көрсеткен медициналық көмегін ұмытпай, дәрігердің біліктілігін, білімін қайда жүрмесін жыр ғып ризашылық сезіммен айтып отыратын. Медицина қызметкерлерінің кіршіксіз аппақ халаттары мен қалпақтары, ауруханадағы тазалық пен тәртіп барынша қызықтыратын. Сондықтан болар сонау балғын шағымнан өзімді дәрігерлік қызметке дайындадым. Сол мақсатыма жету үшін, көп ізденіп, көп оқыдым. Өйткені кімге болмасын білімнің артықтығы жоқ екенін көңілге тоқып өстім.
– Сізді «парасатты азамат, білгір дәрігер-хирург, білікті ұстаз, озық ойлы тәлімгер, қарымды журналист», – дейді. «Сегіз қырлы бір сырлыға» саятын бұл қасиет текпен келсе керек. Ата-анаңыз қандай жандар болды?
– Менің фамилиямның «Ордабеков» екенін жалпы көпшілік біледі. Шындыққа жүгінсек, менің фамилиям «Шынтаев» немесе «Әбдірахманов» болуы тиіс еді. Көпшілікте «Неге?» – деген сұрақ туындайды. Ол былай, мен 1950 жылы 12 қаңтарда Ұлы жүздің Шымыр бабаның Бестерегінің Сүлгетайынан (шын аты – Ақмолда) таралған Құттықадам (кейбіреулер «боқмұрын» деп атайды) ата ұрпағы қарапайым жұмысшы-малшы Әбдірахманов Шындайдың отбасында төртінші сәби болып дүниеге келіппін. Шешем Қалыш Тәженқызы Оңтүстік аймақтағы Қазығұрт тауының бөктеріндегі «Көкбел» (кейінірек ол Сабыр Рахимов ауылы атанды) ауылында Әбдір атты азаматтың жанұясында дүниеге келіпті. Әкем де, шешем де жас шағынан өмірдің қиындығын көп көріп, аш-жалаңаш жүріп сонау ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында ашаршылық тауқыметімен Ташкент маңына Оңтүстіктің Жамбыл, Шымкент уездерінен жер ауған қазақтардың тобырымен Тойтөбе, Қойлық, Көкарал деп аталатын кент аймағына табан тірепті. Сол жерде қарындары тоя тамақ ішпесе де, көпшілікпен бірге өлместің күнін көріп, тапшылық құрсауында ер жетіпті. Кәмелеттен жасы асқаннан кейін екеуі бірін-бірі тауып, ерлі-зайыпты болып, бірігіп түтін түтетіпті. Алғашқы дүниеге келген қыз баланың есімін Ұлжан деп атаса, екінші қыздарын мынау өмірдегі қиындыққа төзімді болсын деп «Өлмес» деп атапты. Шынтай әкеміз Ұлы Отан соғыс жылдарына еңбек армиясына алынып, бес жыл бойы сонау Қиыр Шығыста, Алтай өлкелерінде ағаш кесіп, жеңіске өз үлесін қосыпты. Одан, соғыс аяқтала елге оралып, өзінің туған мекені Қаратаудың биік қыраттарындағы жалпы халық «Көсегенің Көкжоны» деп атап кеткен өңірге оралыпты. Сауаты ашылмаған әкеміз колхоздың қара жұмысшысы, малшысы, қырманның арбашысы секілді қол жұмыс істеп, туған жерінің дамуына бір адамдай қызмет етті. Қандай жұмыс болмасын оған барлық ниетімен беріліп істейтін еңбекқор, қайратты жан еді, жарықтық. Өзі жүрген ортасында сыйлы, әзіл-қалжыңды жақсы көретін, тілінің уыты бар ашық жарқын, көңілі базар, ешкімге қиянат жасамайтын өте қарапайым кісі еді. Шешеміз Қалыш білімі болмаса да көкірегі ояу, кішіпейіл, биязы мінезді, парасатты әйел болатын. Кейде тойларда көпшіліктің қолпаштауымен ән айтып, жиналған қауымды бір желпіндіріп тастайтын өнері де бар еді. Өлместен кейін дүниеге ұл бала Сағынбек келді. Ол кішкентайынан аурушаң болып, мектепте тиісті білім ала алмай, қайта-қайта ауруханаларға барып емделіп жүріп, 1984 жылдың қаңтар айында дүниеден озды. Мен отбасындағы төртінші бала екенімді жоғарыда айттым. Менен кейін өмірге Мырзайым қарындасым келді. Сөйтіп жанұяда бір шаңырақ астында үш қыз, екі ұл тіршілік еттік. Қысқаша қайырсақ, өмірдің қиыншылығын, еңбектің қадырін жастайымнан сезініп өстім. Тоғыз жасымда Шынтай көкемнің інісі Ордабек көкем мен оның жұбайы Гүлсім апай мені «қалап» алды. Олардың отбасында бір-ақ қыз Манат әкпеміз бойжетіп қалған кез болатын. Сөйтіп мен Ордабек көкемнің ұлы болып, фамилиямды «Ордабеков» деп заңдастырып алдым. Солай мен екі үйдің баласы болып, екі әке мен екі ананың ұлы болып ер жеттім. Шүкір, одан жаман болған жоқпын, екі жанұяның ортасында саналы, ойлы болып өстім.
-«Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз» деген екен Ибн Сина. Алдыңғы екі қаруды барлық дәрігер қолданады. Ал бүгінгі дәрігер қауымға осы үшінші қару жетіспей тұратындай... «Бір ауыз сөз мұхиттарды жалғаған» дегенге сенсек, сырқаттың тез сауығуының бірнеше пайызы осы үшінші қаруда жатқан жоқ па?
– Медицинада ту атам заманнан келе жатқан деонтология және медициналық этика заңдылықтары қашан да сақталынуы тиіс. Жақсы дәрігер тек дәрі дәрмекпен, қандауырмен ғана емес жылы шыраймен, жанға жағымды сөзімен де науқасты емдей білуі керек. Біздің дәрігер-ұстаздарымыз «Науқастың жанында мүмкіндігінше көбірек болып, зейін қойып, асықпай сөзін тыңдап, тексеріп, оған ілтипатпен қара. Сонда аурудың көңілі жай тауып, сенімі артып, дертінен тез айығады», – деп жиі айтып отыратын. Өйткені қиналып, ауруы жанына батып, берекесі кетіп, үрей құшағында жатқан науқас дәрігерден жылы сөз естігісі келеді, дәрігердің ниетін біліп, қажетті көмекті күтеді. Өкінішке орай, қазіргі жас дәрігерлер бұл мәселеге көп көңіл аудармайды. Оларға уақыттың тапшылығы, қағазбастылық науқасқа көп көңіл бөлуге мұрша бермейді. Ондай кезде олар: «Не дейсіз, қазіргі уақыт солай ғой», – деп ақталатындары бар. Мен оларға «Заман, уақыт жаман емес. Жақсы. Оларды жаман ететін сіз бен біз, яғни барлығы өзімізге байланысты» дейтінім бар. Кейбірі рас, мамандығына бардым-жүрдім қарайды. Әрине, ондай дәрігер жақсы маман бола алмайды, жұрт ондай дәрігердің «қолына» түспеуге тырысады.
– «Барлық аурулардың 45 пайызы күйзеліске байланысты» екенін айтқан екенсіз. Күйзеліске берілмеудің ең қарапайым тәсілі қандай?
– Кейбір адам тым секемшіл, уайымшыл, жалтақ, күйгелек, көңіліне не болса соны ала береді. Сөйтеді де өзінен өзі ойға беріліп, берекесі кетіп, ұйқысы қашып, шаршап-шалдығып, жүнжіп, мазасы кетеді. Олар кейде тіпті, ауыр жүйке ауруына шалдығуы да ықтимал. Сондықтан, кездескен өмір қиындығын «уақытша қиындық» деп қабылдап, күйзеліске жол бермей, басқа түскен ауыртпалықты, қиындық пен қайғыны жеңе білген жөн. «Уақыт – бәріне емші!», – деп халық бекер айтпаған. Өмірде төзімділік, шыдамдылық, беріктік ауадай қажет. Базбір қиындық кездескен сәтте Карнегидің мына бір сөзін мен жиі есіме аламын: «Давайте из лимона делать лимонад!», – яғни ащыдан тәтті жасай білген дұрыс немесе қандай қиындық болмасын жеңе білген, қайсарлық, қарсылық көрсете білген жөн. Олай болмаса өмір өзенінің жағасына жеңіл жаңқа сияқты тез шығып қаласың. Өмір ешкімді аямайды. Кейде ағысқа қарсы жүзу де артық емес. Әлгі сүт толтырылған ыдысқа абайсызда түсіп кеткен екі құрбақа жайлы аңызды көпшілік біледі. Біреуі «Біттік, бұл ыдыстан енді шыға алмаймыз» деп сүт түбіне батып кетсе, екіншісі «Жоқ, мен шыға аламын» деп талпынып, аяқтарымен сүтті тынымсыз есіп, оны бірте-бірте қаймақ-майға айналдырып, содан сыртқа секіріп шығып кететіні бар емес пе? Міне әр адам осындай ынталы, қайратты, жүйелі болуы керек. Сонда оған алынбайтын қамал, алдында атқарылмайтын іс жоқ.
– Дәрігер ретінде өзіңізді қуанышқа бөлеген бір оқиғаны айтып бересіз бе?
– Әрине, әр дәрігердің қызметіне байланысты қуанышты сәттері болады. Менің өмірімде де ондай кездер аз болмаған. Басты қуаныш – алдыңа қиналып келіп, көздері жәудіреп, ауруы жанына батып, сенен көмек сұрай келген адамды емдеп, ота жасап, бәрі жақсы аяқталып, сырқатынан құлан-таза айықтырып, оны өз отбасына аман-есен қосқан, еңбегіне оралтқан, әлгі науқастың шын көңілмен ризашылығын білдіріп, алғысын айтып, бата беріп, қолыңды қысқан сәттер. Ауруынан айығып кеткен кісі кейін де, қанша уақыт өтпесін, кездескен сайын ризашылық сезіммен сәлемдесіп жатса, сен мына дүрбелеңге толы қызылды-жасылды сайқымазақ дүниеде бекер өмір сүріп жүрмеген екеніңді анық сезінесің, мерейің өсіп, марқайып қаласың. Оны өзің таңдаған мамандықтың рахаты деп қабылдайсың.
-Ғылым мен білімнің орталығынан шалғайда жатқан Таразда жүріп те 1996 жылы Нью-Йорк Ғылым академиясының мүшесі болдыңыз. Демек, үлкен адам болу үшін үлкен қалада тұру міндет болмағаны ғой?
– Қазақта «Ерінбеген етікші болады» деген қанатты сөз бар. Білімпаз, білікті маман, ізденімпаз жан жерде қалмайды. Ондай адам ерте ме, кеш пе діттеген жеріне жетеді. Алдына биік мақсат қойған адам тыныш жүре алмайды, оқиды, ізденеді, білімін жетілдіреді. Ол білімді қалай, қай жерден, кімнен жинайсың, әркім өзі шешу керек. Кезінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Минск, Киев сияқты үлкен ғылыми орталықтарда білімімізді жетілдірдік, уақытты бос жібермей клиникаларда операцияларға қатысып, көз майымызды тауысып кітаптарды парақтадық, ғалым-дәрігерлермен пікір алмастық, білмейтінімізді үйрендік, жазып алдық, зерделедік, сараптадық. Солардың барлығы жиыла келе адамның ой-санасын жетілдіріп, білім қорын байыта түсетіні белгілі. Мақтанғаным емес, медициналық институты жоқ облыс орталығында қатардағы дәрігер бола жүріп, қызмет бабында кездескен сирек хирургиялық аурулар жайында мақалалар жазып, орталық ғылыми журналдарға көптеген мақала материалдар жариялаттым. Келе-келе қалай ғылымға «бүкіл басыммен» еніп кеткенімді байқамай қалдым. Сөйтіп жүріп, конференцияларда, конгресстерде небір мүйіздері қарағайдай профессорлар мен академиктермен таныстым, ой бөлістім, баяндамалар жасадым. Бірте-бірте ол еңбектерім жемісін берді. Ешбір аспирантурасыз, докторантурасыз, негізгі хирургиялық жұмыстан қол үзбей, ізденуші ретінде кандидаттық, докторлық диссертация қорғадым, көптеген монографиялар мен оқулықтыр, ғылыми мақалалар шығардым. Өздеріңіз айтқандай, ғылыми еңбекті қарапайым қалаларда да жасауға болатынын дәлелдедім. Шындыққа келсек, жақсы жазушы немесе ақын, сазгер, журналист болу үшін Астанада, Алматыда тұру барлығына міндетті емес қой. Үлкен қалалардан тыс жерде жүріп-ақ жақсы шығарма жазуға болады. Мысалы, тараздық Несіпбек Дәутай, шымкенттік Мархабат Байғұт, Семейдегі Медеу Сәрсек сияқты қаламгерлерді кім кемсітеді, олардың әрбір әңгімелері мен кітаптарын көпшілік жұрт жылы қабылдайды, тіпті іздеп жүріп оқиды. Сазгер-күйші Әбдімомын Желдібаев туған топырағы Шуда жүріп ақ керемет күйлер мен әндерді дүниеге әкелді. Тіпті, оның «Ерке сылқым» күйі ұлттық өнердің алтын қорына енді. «Үлкен адам болу үшін ғаламда, үлкен жүрек керек екен адамға» деген бір ақынның сөзі бар еді, авторы есімде қалмапты. Ғалым болу үшін қажырлы еңбек, мағыналы ой-сана, жеткілікті білім, талмай көп іздену, шаршамайтын табандылық керек. Солай болған жағдайда – ғылымның жолы ашық. Ғалым адам қай жерде болмасын ғалым.
– Денсаулық саласында «көрші Ресейден 10 15 жыл артта қалғанбыз» деген әңгімелер бар... Бүгінгі Қазақстан дәрігерінің жағдай туралы не айтуға болады?
– Еліміздің егемендік алып, көк байрағымыздың көкте желбірегеніне міне 30 жылдан асты. Шүкір, қол жеткізген жетістігіміз қуанарлық. Тіпті, басқа көрші мемлекет азаматтары қызыға, іші күйіп, қызғана қарайды. Отандық медицина да қарқынды дамып келеді. Республикамызда талай игілікті істер атқарылды. Кардиохирургия және кардиология саласы бойынша ілгері жылжу баршылық. Ағзаларды алмастырып салу (трансплантация) ісі де орнынан жылжуда. Әлі нейрохирургия, травматология, онкология сияқты салалар облыс орталықтарында кенже қалуда. Дәрігерлердің қызметі жайлы сөз қозғасақ, ол айта-айта жауыр болған әңгіме десек те болады. Дәрігерлердің қазіргі проблемалары жайлы газет-журналдарда дүркін-дүркін мақалалар жариялануда. Талай кемшіліктердің бетін ашып мен де «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Түркістан» газеттеріне мақала жаздым. Бірақ оларды зерделеп, құлақтарына іліп жатқан министрлікте бір жан жоқ-ау деген ойға келесің. «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалып отырғанын байқап жүрміз. Бүйте берсек, келе-келе дәрігерлердің қоғамдағы беделі төмендеп, болашақта кадр тапшылығы анық сезілетін болады. Қазірдің өзінде басқа қалаларды қойып, Астана, Алматы қалаларының емдеу орындарында дәрігерлер тапшылығы байқалуда. Әсіресе балалар дәрігерлері, рентгенологтар, акушер-гинекологтар, психиатрлар, фтивизиаторлар, патанатомдар көп аймақта жетіспейді. Медицина қызметкерлерінің айлық табысы, еңбекақысы еш сын көтермейді. Жас дәрігердің айлығы – 220 мыңнан аспайды, медбикенің табысы да шеке қыздырмайды – 130 мың теңге. Медиктердің ауыр, жүйке тоздырар еңбегін кім елеп, орынды бағалап жатыр, тәйірі? Оны айт, айтпа, өзгеріп жатқан еш дүние жоқ. Баяғы жартас, бір жартас... Жыл сайын елімізде денсаулық саласында енгізілетін жаңа реформалар да дәрігерлерді әбден титықтатып бітті. Бірін аяқтамай жатып, екіншісін енгізеді. Одан үшіншіге ауысамыз... Содан жұрт дал болып, жүйкесі жұқарып, не істерін білмей тығырыққа тірелуде. Белгілі бір жүйемен жұмыс істеу жоқ. Несін айта береміз, басшылар әйтеуір, жаңалыққа жаны құмар. Шет елден көріп келген базбір істі, ұшып жанып елдің хал-жағдайына, әлеуметтік тұрмысқа, жер мен ұлт ерекшіліктеріне қарамай, тезірек өмірге енгізгісі келеді. Сол себептен, жаңа реформалары, көптеген қиындықтарға ұшырауда. Халық арасында түсінбеушілік те жетіп жатыр... Бір байқағанымыз, уақыт келе, бірте-бірте еліміздегі денсаулық сақтау саласын, азаматтарға медициналық көмекті жеке тұлғалардың қолына өтетін түрі бар. Қазірдің өзінде медициналық ғылыми орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары акционерлік қоғам, холдинг болып кетті. Ендігі кезек ауруханаларға келіп тұрған секілді. Әрине, әр салада реформа керек шығар. Бірақ, «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйды» кейпін киіп жүрмесек жарайды да...
– Ара-кідік қолыңызға қалам алып, қоғамдағы өзгерістерге өз пікіріңізді білдіріп тұрасыз. Журналист болғыңыз келген бе еді, әлде бұл азаматтық парызым деп есептейсіз бе?
– Мен жастайымнан дәрігер болам деп алдыма мақсат қойдым. Тәуба, оған қол жеткіздім. Журналистика мен жеке шығармамен айналысу бала кезімнен ермегім, яғни орысшаласақ «хоббиім» дегенім дұрыс болар. Әр адам негізгі жұмысынан басқа тағы бір нәрсемен қосымша айналысуы керек емес пе? Біреу қолы қалт етсе балық аулауға шығады, тағы біреу аңшылықты ұнатады, үшіншісі музыкаға әуес. Сол сияқты мен де қолым қалт еткенде қолыма қалам алып ой-сыр толғайтыным бар. Әрине, қоғамда болып жатқан істен тыс қалғың келмейді, оған ел азаматы ретінде ой пікірімді, ұсыныстарымды баспасөзге жазамын, кейде көңілге толмайтын жағымсыз іс-әрекеттерге үн қосып, шындықты айтып, басқаларды ойға шақырамын. Тасып бара жатқан данышпандылығым болмаса да көзбен көрініп, жүрекпен сезіліп тұрған жағымсыз тірлікке, базбір адамдардың іс-әрекетіне, теріс қылығына бей-жай қарай алмаймын. Жамандыққа кедергі болсам, әділдік пен тазалық, бауырмалдық пен қайырымдылық адамдардың бойында молырақ болса шіркін, деген пейіл ғой бізде. Ол біреуге жағып, екіншісіне жақпай жатады. Ақты ақ, қараны қара деп айтқанды дұрыс санаймын. Ол – менің бойыма ана сүтімен сіңген қасиетім, өмірлік кредом. Оны өзгерту сірә, енді мүмкін емес шығар. Қолына қалам ұстағанның барлығы журналист болуы керек деп ойламаймын. Мысалы, жазушы болу үшін филология немесе журналистика факультетін бітіру міндетті емес. «Политехті» бітірген Илияс Есенберлин, Олжас Сүлейменов, Медеу Сәрсек қай ақын-жазушылардан кем? Көкірегінде оты, санасында ойы бар, жүрегінде шоқ бар, бойында азаматтық жігер бар адам қоғам ісіне, өз ортасындағы тіршіліктерге бей-жай, немқұрайлы қарамай, орынды жерде қоғамның көзі қарағы, көңілі ояу азаматы ретінде араласуы тиіс. Сонда ғана қоғам алға жылжиды, адамдардың «көзі» ашылып, ой түйеді..
– «Тылы мықты азамат жақсы еңбек етеді» дегендей, осындай жетістікке жетуіңізге жарыңыздың да қосқан үлесі аз емес шығар?
– Отбасын құру адам үшін өмір заңдылығы емес пе? Алматыдағы медицина институтында оқып жүрген алғашқы жылдары қыздарға қарауға уақыт жоқ болды. Сөйтіп, 5-6 курсқа келгенде қатар жүрген құрбыларым кезекпен-кезек үйлене бастады. Шынымды айтайын, содан мен де жан-жағыма зер салып, болашақ «өмір серігімді» іздеуді бастадым. Алматыда кім көп, көздері мөлдіреген сымбатты қыздар, тал шыбықтай бұралған әсем жастар көп. Не дегенмен Алматы студенттер қаласы емес пе? Олар еліміздің әр түкпірінен келген. Таңдап алыңыз да танысыңыз, достасыңыз. Сабақтан қолымыз тисе жақын маңдағы ҚазМУ-дің, ЖенПИ-дің жатақханаларын торуылдаймыз, киноға, театрларға барамыз. Демалыс күндері саябақтарды аралап, Көктөбе, Медеуге барып, Алатаудың көрікті шатқалдарында серуен құрамыз. Талай қыздармен таныстық, достастық. Бірақ, қазақта «бұйрық» деген сөз бар ғой. Бұйрық болған болу керек, өзіме жар болсын деп еліміздің суық өлкесі Қызылжар (Петропавловск) қаласының бойжеткені Жаңыл Ибатоллақызын таңдап алдым. Мамандығы болашақ экономист болатын. Қысқасы, институттың соғы курсында 1975 жылдың көгілдір көктемінде үй болып, шаңырақ көтердік. Содан бері міне, 50-жылдан асыпты. Отбасымызда бір ұл, бір қыз өсірдік. Екеуі де өз қалауларымен жоғары білім алды. Ұлым Ербол менің жолымды қуып, дәрігер мамандығын таңдады. Қазір Тараздағы қалалық ірі аурухананың бас дәрігерінің орынбасары, дәрігер-хирург. Қызым Айнұр орта мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, әл Фараби атындағы ҚазҰУ-нің халықаралық құқық факультетін тәмамдады. АҚШ-та бір жылдық білім жетілдіру курсынан өтті. Қазір Алматы қаласында заңгер болып қызмет етуде. Екі немерем – Әлімжан мен Әзімхан жас құрақтай желкілдеп өсіп келеді. Оларды тәрбиелеуге өзіміздің бар мүмкіншілігімізді пайдаландық. Қазір екеуі де Астана қаласындағы медицина университетінде білім алуда. Олар білімімен, алғырлығымен, тәрбиелілігімен бізді қуантып жүр. Болашақтары жарқын, келешектері көрікті болса деп тілейміз. Келініміз Фируза Ниязәлиева көрші жатқан Түлкібас өңірінің қызы, мамандығы дәрігер. Жанұямызда өзара түсінушілік, бір-бірімізді қолдау, бауырмалдық, береке ұйыған, орынды қалыптасқан. Жұбайым Жаңыл мені әрдайым қолдап, отбасымыздағы уақытша ауыртпалықтарға, кездескен қиындықтарға төзіп, түсіністікпен қарай білді. «Бірлік бар жерде – тірлік бар». Солай болғандықтан мен өз мақсатыма қол жеткіздім, биіктерге көтерілдім, сый-құрметке бөлендім деп есептеймін. Сондықтан жұбайыма, ұл-қыздарыма ризашылығым шексіз, олардың менің алдыма жасаған еңбектері, жақсылықтары ұлан ғасыр. Өкініштісі, ардақты жұбайым Жаңыл Ибатоллақызы 2020 жылы коранавирус инфекциясынан көз жұмды.
– Дәрігер Төрегелді Шарманов «перзентіңнің болашағы үшін бала күнінде оның білімі мен тәрбиесіне жақсылап «инвестиция құю керек» дегені бар. Әке ретінде балаларыңызды сәби күнінен неге үйреттіңіз? Бала тәрбиесіндегі өз «әдістеріңізбен» бөліссеңіз...
– Ұлым мен қызымызды өз қолымызда, қалада өсірдік. Бала-бақшаға, мектепке де өзіміз қолдарынан жетектеп апардық. Кішкентайларынан олардың бойына адами жақсы қасиеттерді сіңіруге тер төктік, жақсы ойлы, саналы болып өссін деп тәрбиеледік. Жас бала – жас солқылдақ шыбық секілді ғой, қалай иісең солай қарай өседі. Баланы тәрбиелеуде дайын рецепт жоқ. Қолдан келгенше олардың тәрбиесіне, жетіліп-дамуына, білім алуына жағдай туғызып, әрқашан көңіл аударып отырған жөн. Отбасындағы «микроклимат», салт-дәстүр, орнаған бақ-береке, достық сезім балаларға көп әсер етеді. Балаларымыз жастайынан жақсылық әдеттерді, жарасымды мінезді, парасаттылықты жандарына серік етті. Сырт көз сыншы ғой, оларды сыртынан «білімді, білікті, тәрбиелі, ілтипатты» деп мақтап, көңілімізді марқайтып отырады. Ол дегеніңіз, біздің балаларымыз алдында сіңірген көп жылғы еңбегіміздің жемісі деп түсінеміз. «Не ексең, соны орасың» деп қазақ бекерден бекер бос айтпаған. Мүмкіншілігінше бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың көпсалалы болып өсуіне, келешекте білімді, парасатты болуына аянбай тер төгіңіз. Балаға құйған «инвестицияңыз» ерте ме, кеш пе өз жемісін береді. Оған сіз еш өкінбейсіз.
– Берген салихалы жауаптарыңыз үшін рақмет.
Бекет МОМЫНҚҰЛОВ,
ардагер-журналист,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Ұқсас жаңалықтар
Табысты тасыған Талас
- 7 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді