«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адам жанының сәулетшісі

Адам жанының сәулетшісі
Автор
Қарымды жазушы, драматург, публицист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан – бүгінде қазақ руханиятындағы танымал тұлға. Облыс орталығында тұрып-ақ тұшымды туындыларымен Алматы мен Астананы мойындатқан. Оның шығармалары әдебиетті сүйетін, көзі ашық, көкірегі ояу күллі қазақ жұртшылығына белгілі десе болады.

КӨП ҚЫРЛЫ ҚАЛАМГЕР

Өйткені қаламгердің туындылары тарихтың «ақтаңдақ» беттерінің тереңіне бойлап, қазіргі уақыттың айтпасқа болмайтын көкейкесті мәселелерін өткір қозғауымен кім кімді де бейтарап қалдырмайды. Драматургиядағы, әсіресе комедия жанрындағы ізденісі кезінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Абайдың «толық адам» ілімі жөніндегі бөлекше ой толғауы оқырманын жаңа ой әлеміне бастап, тың толғамдармен қауыштырды. Онда ұлы тұлғаны жеке алып қарамай, «Абайдың арғы-бергі жағымен» сабақтастыра зерделеді.

Жалпы, автордың публицист ретіндегі ой-толғамдары философиялық-зерттеушілік сипаттарымен ерекшеленеді. Оның қайбір жазбасы болмасын атүстіліктен туындамай, жан-жақты ізденіс пен мол дайындықтың, сарабдал ой қорытындысының нәтижесі болып дүниеге келуімен бағалы.

Автордың қас батыр Бауыржан Момышұлы туралы ой-толғамдары да жаңашылдығымен сипатталады. Ұлы батыр тұлғасына тың концепциямен келеді. Ол қан қасап соғыстың қас батыры ғана емес, Алаш ардақтыларының ой-арманын, жолын жалғастырушы, бүкіл өмірінде олардың идеяларын халық жадына орнықтырушы, насихаттаушы болды деген жаңа көзқарасын ұсынады.

Әлбетте, туабітті жазушылық дарынға қоса, философиялық ой түю, зерттеушілік қасиет қайдан келді дегенде, Тараз қаласындағы қоғамдық саяси, шығармашылық ортаның әсер ықпалы зор болғанын айтып өту ләзім. Оның бастауында, әрине, Түркі әлемінің жоқтаушысы, көрнекті ұлт қайраткері, профессор Мекемтас Мырзахметұлы тұрды.

Мекемтас ағамен ұзақ жылдар бойы жақсы қарым-қатынаста болып, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында қанаттаса жұмыс істеуі Елен ағаның ой әлеміне жаңа серпін мен қуат, тың энергия әкелді. Оның Абайға да, Бауыржанға да терең бойлап, ұлттық тұрғыдан ой қорытуының ар жағында осындай тылсым сыр жатса керек. Күнделікті өмірде адам кейде бір бірінің қадірін біле бермейді-ау! Елен ағамен де түрлі жиындарда кездесіп, аз-кем әңгімелесіп жүреміз. Ол – қазіргі Жамбыл облысы қаламгерлер қауымының үлгі тұтар ардагер үлкендерінің бірі. Тіл-аузымыз тасқа, талантқа бай Тараз топырағы бүгінде дарынды қалам иелеріне иіп тұр десе болғандай. Пернебай Дүйсенбин, Шырын Мамасерікова, Қайырбек Асанов, Күләш Ахметова, Елен Әлімжан бастаған Әулиеата өңірі әдебиеті көшбасшыларының қай орында да, ортада да абыройы асқақ, мәртебесі биік.

Шығармашылық өнерге деген тазалық пен адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрген олардың туындылары адамдық ізгілікті, ұлттық құндылық пен халықтық дәстүрді жырлаудан бір жаңылған емес. Облыс әкімі Е.Қарашөкеевтің қолдауымен бастау алған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» акциясының да киелі аймақта әдебиет пен өнердің айрықша қарқынмен дамуына ықпал-әсері мол болып отыр. Автор мен оқырман арасындағы байланыс артып келеді.

Түрлі мерейтойлар мен кездесулер әр алуан формада қызықты, мағыналы ұйымдастыру жағы жолға қойылған. Осылардың бел ортасында жүздесудің төрін толтырып Елен Әлімжан ағамыз болуы көңілге қуаныш ұялатады. Ондай жиындарда ұрпақ тәрбиесіне қатысты кәделі, тағылымды сөздер айтылады.

Әдебиеттің келелі мәселелері мен облыстың мәдени-рухани өміріне қатысты түйінді жайларды батыл да дәлелді таратып айту да Елен ағаның еншісіне айналған. Мұның барлығы айналып келгенде, бүгінде Тараз қаласында қуатты әдеби ортаның орнығып келе жатуына елеулі әсер етіп отыр.

Орта буын мен жастар арасында да әдеби талантымен көпшіліктің ықыласына бөленген дарынды лектің көрінуі қуантады. Ал парасатты әдебиет әдеби қауым мен зерек оқырманды төрге оздырады. Әулиеата өңіріндегі 80-нің төріндегі ардагер ақын-жазушылар мен 30-ға әлі жете қоймаған дарындардың тоғысуы, әдебиет деп бір қазанда қайнауы рухани кемелділіктің бастауына жол ашады дейміз. Осылардың төрінде ынтымағы жарасқан ардагер ақын-жазушылардың болуы ризалық сезімге бөлейді.

ЕКІ РОМАН – ЕКІ КӨРКЕМДІК ӘЛЕМ

Қазіргі прозаның жаңа өрісі қандай, нендей тың ізденістер бар дегенде, Елен Әлімжанның соңғы жылдары жазылып, оқырманмен қауышқан «Анажар» және «Алтын жүлге жыры» романдарын батыл атап айтуға болады. Бұл екі роман – анығында, автор шығармашылығының биік белесі ғана емес, қазіргі прозаның арналы жемісі десек қателеспейміз. Шын мәніндегі романға құлаш ұру – жазушылық шеберліктің толысуының белгісі. Өйткені роман жазудың жауапкершілігі жоғары.

Автор романның жауапкершілігін, салмағын сезіне отырып жазу керек. Сонда ғана қоғамның өзекті мәселесін терең қамтып, аша білген, характерлері әр алуан кейіпкерлер тоғысқан көркем шығарма дүниеге келмек. Романның тұтас дәуірдің, не тарихи кезеңнің шындығын қамтитынын ескерсек, автор дүниетанымының кеңдігі мен тереңдігі, өзіндік ой қорытуы, пайымы мен тәжірибесі де ерекше орын алатыны белгілі. Академик Р.Нұрғали роман жазу үшін романдық ойлау дәрежесіне көтерілу керектігін айтқан.

Біздіңше, жазушы Е.Әлімжан екі романында осындай талап биігінен, толысқан тәжірибе деңгейінен көріне білген. Роман бас кейіпкер Анажардың дағдарысты, күйзелісті кезімен басталады. Мына өмірден баз кешкендей. Тығырыққа тірелген ішкі әлемі о дүниеге, мәңгілік тыныштыққа асығады. Қазақтың ұғымында жоқ – өз моласын өзі қазу – туындыда ширыққан күйзелістің кульминациясына айналған.

«Өлу керек, өлу керек, кіру керек қара жерге, кету керек ана әлемге!..» Әйелдің қос қолдап ұрған көк құрыш күрегі аңқасы кепкен бөктердің берішіне тиген сайын қалай шақ-шақ етсе, санасында сумаңдаған суық ой да солай сақ-сақ етеді», – деп бейнелейді жазушы осы сәтті.

Роман кейіпкердің ішкі әлемін билеп алған суық ойдың түйінін шешуге бағытталған. Бұл ретте автор кейде кейіпкер басындағы ситуацияны тікелей суреттесе, ендігі бірде күйзелген, сан сұрақтың жауабын таба алмай дағдарған образдың өзін сөйлетеді. Романның жазылуында автордың бүгінгі күннің өткір мәселелерін бас қаһарман басындағы түрлі тартыстар мен тұрлаусыз тағдыры арқылы бейнелеу көзделген. Ондай жүкті көтеретін кейіпкер болмысы да өзгеше болуы керек-ті.

Шынында, Анажардың тәрбиесі мен қалыптасу ортасы, соған сәйкес мінезі басқаша болады. Ол кішкене күнінен Сандықтауда, әжесі мен атасының қолында еркін тәрбие алады. Сандықтау – қаладан жырақ тау бөктері, тұмса табиғат аясы. Ал адамдары қазақы дәстүр салтты сақтаған кеңпейіл жандар болатын. Осындай ортада ол бала күнінен адалдықты, әдемілікті әжесінің әңгімесімен тал бойына сіңіріп бұла өседі.

Психологиялық тартыс алғаш қыздың Тоқкент қаласына, туған әке шешесінің қолына оқуға келуімен асталған. Анажар туған әке-шешесінің үйінде жүріп жалғыздық күйін кеше бастайды. Онымен сөйлесер, сыр бөлісер әкесі мен шешесі жоқ еді. Ерте кетіп, кеш келеді. Қызмет деп, жұмыс деп сабылған бір тынымсыз дүние.

Автор осы эпизодпен қазіргі ұрпақ тәрбиесінде кездесетін келеңсіз мәселені аңдатып өткен. Сөйтіп, ата анасы үшін де мұның жан дүниесі бірте-бірте жабылып, өз-өзімен тұйықталып, алыстай берген. Мектепте де өз ортасына сыйысып кете алмайды. Өтірік айта алмайтын шыншылдығы мен бірбеткейлігі – сырт көзге әпенді танытып, оны шетке қаққан. Автор қаһарманның осы өзгеше мінезі мен бітім-болмысын, өзіндік таным-түсінігінен таймайтын ішкі қайсарлығын басым суреттеуге ерекше мән берген.

Жалпы қоғамның өткір мәселелерін жазушының өз атынан да көтеруге мүмкіндігі бар, дегенмен ол көркем публицистика дәрежесінде қалар еді. Ал бар идеялық жүкті кейіпкерге артып, оны тағдырдың қатал сынақтарына қарсы қоюдың артықшылығы – қоғамның түйткілді жайларынан зардап шеккен қаһарманның алай дүлей ішкі әлемін, қарсылығы мен ашынуын суреттеуге жол ашар еді. Автор романда осы көркемдік тәсілді әдейі таңдап, шығармашылдықпен өрістеткен. Анажар жаны жаралана отырып, бүгінгі орта мен қазіргі қоғам туралы өткір ойларға, қорытындыларға келеді. Көп шындықтың бетін жайып салады. Мұның ар жағында суреткерлік дүниетаным мен автордың азаматтық позициясы тұрғанында сөз жоқ. Анажар басындағы драматизм – сергелдең күйді бейнелеуде автор құрғақ баяндауға бармай, тартысты күшейткен.

Таудай көрер әке-шешесінің қаладағы жекешелендіруді басқарып отырған Ырзалы Өтербайұлын қонаққа шақырғандағы іс-әрекеті мен қылықтары жас қызға мүлде түсініксіз көрінеді. Бастықтың көңілін табамын деп олардың көрер көзге адамдықтан айырылып, шексіз жағымпаздануы, шешесінің қайдағы бір частушканы айтып, еденді тепкілеп, екі иінін жұлып жеп билей жөнелуі, ащы тер араласқан арақ шараптың қолқаны атар мөңкіген иісі, орынсыз қошамет пен мағынасыз ыржаң, жәдігөй күлкі – қызды үйінен бездіреді. Оғаш қылықты сөйтіп Анажар алғаш өзінің ең жақындарынан көрген. Ардақ тұтар әке-шеше неге соншалықты ұсақтады? Дүниенің тетігін ұстаған, «жарты құдай» Ырзалы Өтербайұлы кім?

Ситуация автор тарапынан күшейтіліп, қоғамдағы келеңсіздік жөніндегі автор-кейіпкер толғамы бірігіп, өрістетіледі. Кейіпкер күйзелісі бүгінгі уақыт туралы ащы диалогке ұласады. Жаны қиналып, ойына тірек іздеген Анажардың ойына әжесі айтқан әңгіме түседі. Әкесінің әкесі Әбдінұр сонау ашаршылық жылдары да ұрлық қарлыққа бармай, құмда қақпан салып күн көрген ғой. Ал нағашы атасы Адамбай бүкіл аймаққа шарапаты тиген бай болыпты. Кеңес үкіметі мал-мүлкін тәркілеп, өзін жер аударып жіберген. Содан оралмапты. Әке шешесі адалдықты, қайырымдылықты ту еткен солардың ұрпағы емес пе еді?

Ішкі монолог – болған жайтты санасына сіңіре алмаған бас қаһарманның жан арпалысына құрылған. Ойына тиянақ таппай көңілде сан сұрақтар андыздайды. Автор сол күйзеліп, алас ұрған көңілдің сұрақтарына басымдық беріп, ішкі монологтың мағыналық-стильдік сипатын күшейткен. Жалпы, романның тұтас бітімінде ішкі монолог – ой талқы басты орын алған. Шығарма оқиғадан бұрын оның салдарын, кейіпкердің жан-жүрегіне түсірген ауыр салмағын кеңірек суреттеуге – философиялық толғамға бағытталады.

Шығарма құрылымындағы ішкі монологтың басымдық сипаты бас қаһарманның басынан өткерген оқиға тартыстардың сатылы негізде емес, еске түсу, ойға алу ретімен берілуіне мүмкіндік жасаған. Бірақ тұтаса келгенде ішкі монологтар тікелей Анажарға қатысты болғандықтан, бірін бірі толықтырып, логикалық байланыс сақталады. Ал адамның көңілі шексіз де ұшқыр. Бірде шарықтап алысқа кетсе, бірде кеше ғана болған жайтты еске алады. Сол себепті уақыт пен кеңістік романда тез алмасып өзгеріп отырады.

Дегенмен оқырманды үйіріп алатыны да осы – кейіпкердің жан дүниесіндегі арпалысты тұстар. Автор Анажар басындағы ситуацияны ширықтыра түседі. Үйінен безінген Анажар одан да сорақыға кез болады. Сондағы тапқаны – ән сабағының мұғалімі Пенде еді. Жазушы романда қыздың оны жақын тұту себебін дәлелді келтірген. Арадағы байланыс – Анажардың романтикалы жан дүниесіне айрықша әсер еткен аққу ән болатын. Сол кеште үйінен шошына қашқан қыз мектеп бөлмесінде әнді орындап жатқан Пендеге ебіл-дебілі шығып қалай жеткенін білмеген. Сөйтіп аласапыран көңіл әлдекімнен пана, жұбаныш іздеген. Әсем ән шығарған адамның ішкі әлемі де таза, сұлу деп санаған. Қателесіпті.

Ар-намысы аяққа тапталғанда, өзін көшеге лақтырып тастаған лас қоқыстай сезінеді Анажар. Бас қаһарман тағдырдың аяусыз тәлкегіне осылайша ілігеді. Шығарма Анажардың ой талқысы арқылы берілетіндіктен, сюжеттік байланыстар жылдам ауысып отырады. Аяғы ауырлаған қыздарын әке-шешесі амалсыз Сандықтауға – ата-әжесіне апарады. Туындыда кейіпкердің түсінігімен өрілетін екі әлем бар. Бірі – қаймағы бұзылмаған табиғат аясы, соған орай ата-баба дәстүрін берік сақтаған Сандықтау адамдары болса, екіншісі – Анажар түсінігіндегі мына өзгерген дүниенің күллі аярлығы мен қулық сұмдығын жиған Тоқкент қаласы.

Автор екі әлемді кейіпкер қабылдауымен бейнелейді. Дегенмен бұл салыстыруда шарттылық бар деп білеміз. Әйтсе де, жазушы бұл көркемдік тәсілге әдейі барған. Қазіргі заманның өзгерісі мен беталысын, кей пенделердің адамдыққа сыймайтын өлермендік психологиясы мен тамырынан үзілу процесін кейіпкер қабылдауымен бейнелеудің амалына айналдырған. Жазушы бас қаһарманмен бірге қазіргі қоғамға сын көзімен қарайды. Оның жақсылығы мен қайшылығын, ақша, байлық билеген заманда адамдық құндылықтардың құлдырауын, сөздің арзандауын (Анажар-Әділет байланысы) алдыңа тосады. Адамнан мейірім, қанағат деген сезімдердің алыстап бара жатқанын бейнелейді. Дағдарып, аласұрған тағдырдың суицидке баруы (Анажардың қызы Ақперіштенің өлімі) көрініс береді. Жемқорлық жайлаған қоғамның жаны адал, таза адамға қиын екенін аңғартады. Романдағы от пен суға түскен бас қаһарман Анажардың тағдыры – осының көрінісі. Тұтастай алғанда, Анажардың қиын өмірінің себебі – қоғамдағы келеңсіздіктерді санасына сіңіре алмауы. Эпизодтық кейіпкер Пенде табанының бүрі жоқ қуыс кеуде болып суреттелсе, Әділет те – заманы сындырған тұлға.

Бәрі де ізгілікке құрылған заң аясында шешілуі керек дейтін ол ақырында күн көрісі үшін заң талабын аттап өтіп, имансыздыққа барады. Романды жанрлық түр жағынан психологиялық философиялық шығармаға жатқызуға болады.Туындының этнографиялық сипаты, пейзажды көркем суреттеуі автордың шеберлігін, дүниетаным кеңдігін танытады. Жазушы проза тіліндегі ырғақты кейіпкердің жан дүниесінің арпалысымен, иірімімен үйлестіреді. Ұйтқыған көңіл пернесін бейнелеуде синтаксистік қайталауға барады.

Жазушының сөзге жаңа мағына беріп қолдануы құптарлық. Кейіпкер автор ойымен берілетін философиялық толғамдар мен этнографиялық пайымдаулар, заманның жақсылыққа өзгерісін Абайдың «толық адам» ілімінен іздеген абыз-ғалым толғанысы (Бекемжан Шынахметұлы – прототипі профессор Мекемтас Мырзахметұлы), бала тәрбиесіне уақытында мән бермей опық жеген Далабай-Таугүлдің өкініші мен соңғы қарбаластары – романның мазмұнын байытқан. Шығармада шарттылық сюжеттің даму барысынан, кейіпкерлердің шартты аталуынан (Анажар, Ақтілеу, Далабай, Таугүл, Ақперіште, Пенде, Әділет) байқалады.

Дегенмен, бұл кейіпкерлердің қай қайсысы да замана жүгін, бейнесін айшықтаған. Роман – тәуелсіздік кезең әдебиетінің жемісі. Шығарманың басты жетістігі – қазіргі қоғамның күрделі, кейбір тұстағы қайшылықты сипатын шындық аясында бейнелеуге ұмтылысында. Сондықтан да туындының бас қаһарманы еркін ойлы. Рухы азат. Құлдық санадан ада. Тіршілікте алдынан шыққан түрлі келеңсіздіктерге – имансыздыққа, екіжүзділікке, жағымпаздық пен құлқынқұмарлыққа, арам ойға – шама шарқынша қарсы тұрады. Бірақ жолы болмай, жеңіліп жатады. Сонда да ол адамдығын, адалдығын жоғалтпауды ойлайды.

Адамдықтан айырылу – өмірдің мәнін жоғалту деп түсінеді. «Алтын жүлге жыры» романы – деректі, тарихи, философиялық көркем туынды. Шығарманың бас қаһарманы – мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ясауи, Абай, Шәкәрім, Мұхтартанушы үлкен ғалым, профессор, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлының өмір, ғылым жолының белестеріне арналған.

Автор ғалымның бүкіл өмірін қамтуды мақсат тұтпайды. Оның Абайтану жолындағы қиын кезеңдерін көркем суреттеу арқылы адамдық, ғалымдық тұлғасын ашуды көздейді. Иә, ғалымды ғылым жолы талай қиындыққа салған. Сонда да ол ішкі принципінен қайтпайды. Шындыққа табан тіреп, пендешілікке бой ұрмайды. Романда осындай шын ғалымның шынайы образы жасалған.

Бүгінде 80 деген жастың төріне шыққан Е. Әлімжан шығармашылығы арнайы зерттеуді қажет ететін айтары мол, көркемдігі сом, ұлттық әдебиетке қосылған қазыналы дүниелер деп білеміз. Ағаға мықты денсаулық тілейміз.

 

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

филология ғылымдарының докторы, М.Х. Дулати атындағы

Тараз университетінің профессоры

Ұқсас жаңалықтар