«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елен туралы айтарым...

Елен туралы айтарым...
Автор
Мені ерекше түсінген Елен болды. Кәдімгі Елен Әлімжан – жазушы, драматург. Қажет болса әдеби сынға араласып кетердей әлеуеті де бар оның. «Толық адам туралы», «Абайтаудың ар жағы мен бер жағы» жинақтарына негізінен белгілі қаламгерлердің портреттері мен әдеби-сын мақалалары енген. Тарихтан, әдебиеттен жүйелі білімі болмаса маған бойлай алмайтыны анық еді. Содан да көп әдебиетші ғалымдар кіре алмай қойған Абайдың толық адам ілімі туралы еңбегімді оңай игерді. Жай игермеді. Бірнеше мақала жазды. Ол мақалалары әртүрлі басылымдарда қайта-қайта жарияланды да. Демек, Абайдың ілімін менің қалай ашқанымды көпшіліктің көкейіне қонатындай етіп сауатты түсіндіріп бере алатынының арқасында солай болды.

Мен екі мыңыншы жылдары Тараз университетіне келгеннен кейін оны «Бауыржантану» орталығына жұмысқа шақырдым. Оған «Бауыржан Момышұлы» тұлғалық энциклопедиясын шығаруды тапсырған едім. Ол бірер жылда энциклопедияның сөзтізбесін жасап шықты. Әрине, ол үшін Баукеңнің өз еңбектерін, ол кісі туралы орыс, қазақ тіліндегі көркем шығармаларды, ғылыми, деректі еңбектерді, естеліктерді түгел оқыды. Қолда бар архив материалдарымен де танысты.

Энциклопедияның мақалаларының төрттен бірі жазылып болып қалғанда қаржыландыру тоқтатылып, жұмыс үзіліп қалды. Университеттің жаңа басшылығы Дулатитану орталығына да қырын қараған соң мен және мен шақырған ғалымдар Тараздан кетуге мәжбүр болдық. Бірақ Еленнің бұл еңбегі текке кеткен жоқ. Ол «Бауыржан Момышұлы» деген драма жазып шықты. Бұдан кейін оған Баукең туралы роман жаз деген ұсыныс айттым. Бірақ ол қабылдамады. Баукең көзі тірісінде өзінің өмірін бірнеше жазушыға баяндап берген. Ұлы мен келіні тағы бар. Оларды қайталағым келмейді деген.

Шынында да ол драмасында ешкімді қайталамаған. Тіпті Баукеңді өсек-аяңы көп Алматыдан алып кетіп, оқиғаны Мәскеуде өрбіткен. Ол кезде Мәскеу бүкіл Одақтың астанасы. Одан биік билік жоқ. Міне, осы биікте болмыспен бетпе-бет келтіреді Баукеңді. Ол болмысы – сырласы, досы Галина Павловна – ізгіліктің символы. Екіншісі – генерал – зұлымдылықтың өкілі. Драма осы үшеуінің арасында өрбиді. Еленнің ұтып кеткен бір жері – бұл драмада бұрын жарияланбаған жазбаларын, өлеңдерін пайдаланды Баукеңнің.

Демек, бұл үшеуінің арасындағы адамзаттық деңгейде өткен диалогтар автордың құр қиалынан тумаған, Баукеңнің өз туындыларынан туындаған. Сөйтіп, ол Бауыржанды басқалардай соғыс батыры немесе жазушы етіп қана көрсетпей, болмыспен бетпе-бет келген биік интеллект иесі ретінде көрсетті. Ал «Бауыржан Момышұлы кім?» Бұл сұраққа толыққанды жауап беретін уақыт жетті» деген мақаласында ол Баукеңнің өз қоғамындағы орнын анықтап, нағыз бағасын берді деп ойлаймын. Елен бұл мақаласында тұңғыш рет Баукеңді қоғам қайраткері деп атады.

Қоғам қайраткері деген атақ лауазым үшін емес, халықтың санасына белгілі деңгейде әсер еткені үшін берілетінін алға тартып солай деді. Жай қоғам қайраткері емес, соғыста жиған беделін пайдаланып, 1937-38 жылдарғы қуғын-сүргінде мүлдем тұншықтырылды деп есептелген ұлттық идеяларды қайта оятып, жалғаған қайраткер, Алаш арыстарының жалғасы деп атады. Жалаң айтпай Баукеңнің хаттарынан, сөйлеген сөздерінен көптеген деректер келтіріп дәлелдеді. Қалтай Мұхаметжанов айтқандай «өмірдің тура жалынан ұстайтынын» Елен «Төле би» драмасында да көрсетті.

Төле бидің билігі туралы жинақталып, баспа көрген аңыз әңгімелер де, жыр-поэмалар да жеткілікті. Бірақ автор драмаға оларды емес, Төле бидің кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтірген орта жүздің Барақ сұлтанына айтқан билігін арқау еткен. Бұл билік туралы ешқандай жазба дерек жоқ. Ел аузында билікті Төле би айтқан деген сөз ғана бар. Сондай-ақ тағдырымды осы билерге тапсырамын деген Барақ сұлтанның тілегі бар. Өзге ешқандай жазба деген болмаса да автор осынау дала сотын тірілтіп, ХVIII ғасырдағы қазақ қоғамының ахуалын көркем бейнелей алған.

Бас кейіпкерін де ру, жүз аралық дауларға салмай биіктен көрсеткен. Демек, драмада деректік дәлдік болмаса да тарихи шындық бар. Көркем шығарманың да маңыздылығы осында дәуірінің көркем шындығын көрсете білуінде. Осындай тарихи драмалармен бірге драматург комедиялар да жазды. Тіпті сахнада көбірек тұрақтағаны да комедиялары. Солардың бірі «Жанұранды» мен Бішкектегі халықаралық театр фестивалінде көрдім. Қырғыздың халық жазушысы, атақты драматург Мар Байджиев сонда «Елен Әлімжанның бүкіл әлемдік ауыр проблеманы көрерменге жеңіл комедиямен бере алғаны – шеберлігі» дегенді айтты.

Драматургтің мыңжылдықтар тоғысында жазған «Бір қазаққа – бір қатын?!.», «Тақталас», «Жанұран» комедиялары қазақ комедиясын тұрмыстық, әлеуметтік деңгейден биіктетіп, саяси сатира деңгейіне дейін көтерді деуге болады. Соңғы жылдары Елен драмадан қол суытып, романдар жазып жүр. Жазушылар одағындағы талқылауда «Анажар» романын соңғы отыз жылғы тарихымыздың көркем көрінісі» деп атағандар болыпты. Роман сол отыз жылда бір жас әйелдің көрген тауқыметі туралы. Адам төзбес қиындықтарға салған автор оны. Тұрмыстық физикалық қиындықтардан гөрі, рухани ар азабы басым. Автордың шеберлігі сонда өз көрін өзі қазып болып о дүниеге аттанбақ болған Анажардың өмірге деген құштарлығын қайта оятады. Қанша қиын болса да, бұл өмірді сүруге мотивация бар екен, соны көрсетеді. Еленнің «Алтын жүлге жыры» романының бас кейіпкері менмін. Көзім тірі кезінде жазылғандықтан бұл шығармаға пікірімді айтып кетейін.

«Баукең туралы роман жаза алмаймын, бірақ сіз туралы жазайын» деді ол. Мен келістім. Жазылып болған соң жариялануына да рұхсат бердім. Өйткені мені асыра мақтамаған, кем де айтпаған. Жазушылық қиялына ерік беріп, менің бойыма шақ емес пікірлер тықпаламаған. Абайды тану және ақынның қалыптасуындағы ислам шығысының рөлі, елді мекен аттарынан көрініс беріп тұрған отаршылдықтың бұғауынан құтылуға талпыныстарды тарихпен, бүгінмен байланыстырып жақсы көркемдей алған.

Жалпы алғанда «Алтын жүлге жыры» ғылыми шындық үшін күресіп, ұлт санасына сілкініс жасауға ұмтылған қазақ ғалымдарының күрделі өмірі туралы болып шықты. Айтпақшы, жақында ол маған «Шах Махмұт» деген жаңа драмасын жіберіп еді. Оқып шықтым. Шах Махмұт дегеніміз бүгінгі ұрпақ Әулиеата атап кеткен Тараз бен Испижаб аймағының билеушісі екен. Мен оның нақты өмірімен жете таныспын деп айта алмаймын. Бірақ Елен Орта ғасырлық Тараздың ең дәуірлеген шағын, сонымен бірге ислам дәуірлеуінің бірте-бірте кері кете бастағанының себептерін дәл суреттей алған деп есептеймін.

 

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.

 

 

Ұқсас жаңалықтар