«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды
Ашық дереккөз
Шынында қазақта «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген қанатты сөз бар. Отбасының іргесі берік болып, ұлттың ұлт болып ұйысуында әкелер институтының маңызы зор. Осы мақсатта елімізде 2023 жылдан бастап маусым айының үшінші жексенбісі әкелер күні ретінде аталып өтіледі. Айшықты дата қарсаңында ел аумағында отбасы құндылығын дәріптеу, қоғамдағы әкелер рөлін арттыру мақсатында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

Осыған орай Оқу ағарту министрлігінің қолдауымен және Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық университетінің ұйымдастыруымен оқушылар арасында өткен «Менің әкем» республикалық шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті. Байқауға еліміздің әртүрлі өңірінен 800-ге жуық шығармалар келіп түсіп, шын мықтылар анықталды. Аталмыш университет қабырғасында өткен жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде оқу ордасының ректоры Махметғали Сарыбеков әкелер рөлінің отбасы құндылығы мен қоғам өмірінің татулығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталып өтті.

– Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. Әке-шешесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады. Халқымыздың «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөзінің мәні де осында болса керек. Ұлтты түзеу үшін ең алдымен отбасындағы тәрбиені түзеу керек екені белгілі. Сондықтан аталмыш мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Менің әкем» республикалық шығармашылық байқауы отбасылық құндылықтарды ілгерілету, отбасы институтын нығайту мен әкелер институтын дамытуды көздейді. Осы ретте өз әкелері туралы орамды ой тербеп, тағылымды сөзді қаламға арқау ете білген жас шығармашылық иелеріне алғыс білдіремін, – деді Махметғали Сарыбеков.

Байқау қорытындысы бойынша өз әкелерінің өнегелі өмірін көпке үлгі етіп көрсете білген жастар іріктеліп алынды. Олардың қатарында өткен жылы 46 жасында жол апатынан қаза тапқан полицей қызметкері Ғалым Арыстанбаевтың ұлы Нұрболат Қазыбек те бар. 11 баланың әкесі, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының финалисі болған Ғалым Арыстанбаевтың ерлігі мен адамгершілігі туралы толғап, жүлделі үшінші орын иеленген Нұрболат Ғалымұлы әке жолын жалғау басты арманы екендігін жеткізді.

– Әкеміз үнемі қандай жұмыс істесең де, қандай жерде жүрсең де кішіпейіл болуды үйретті. Сондай ақ ол өз сөзіңде тұрып, айтқан уәдені орындау жігіттің басты парызы екендігін бойымызға сіңіріп кетті. Келешекте өзім де әке жолын қуып полиция қызметкері болғым келеді. Осы ретте байқау ұйымдастырушыларына үлкен алғысымды білдіремін. Өз ойымды қағаз бетіне түсіріп, әкеге деген сағынышым мен махаббатымды жеткізе алдым деп ойлаймын, – деді Нұрболат Қазыбек.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды Нұрболат Қазыбектен бөлек, Шымкент қаласы №57 жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Дінмұхамед Сабден мен Қызылорда облысы, Арал ауданының тумасы Іңкәр Жеткергенова бөліске салса, екінші орынды Талас ауданы, Қолбасшы Қойгелді атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Шапағат Нұржанқызы иеленді. Сонымен қатар шығармашылық байқау нәтижесі бойынша бірінші орын тұғырынан қос бірдей жеңімпаз – қызылордалық Кәусар Райымбек пен Тараз қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Мерей Асамбай көрінді.

Бұдан бөлек, марапаттау рәсімінде бірқатар қатысушыларға арнайы жүлделер табысталды. Атап айтқанда, Тараз қаласы Ө.Жолдасбеков атындағы № 50 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Аружан Бақтыбай мен Інжу Тілеулі Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерболат Саурықов пен Ринат Зайытовтың арнайы жүлделерін иемденді.

Сонымен бірге қызылордалық Диана Рахымбай Мұхтар Мағауин атындағы, тараздық Ернұр Балтабай Дулат Исабеков атындағы, байзақтық Айзере Айтбек Шерхан Мұртаза атындағы арнайы жүлде иегерлері атанды. Бұдан өзге де қатысушыларға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталып, сыйлыққа кітаптар берілді.

Жиын соңында облыстық мәслихат депутаты Оралхан Дәуіт жиылғандарды айшықты мерекесімен құттықтап, оқу орнының ректоры Махметғали Сарыбековке «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбеттің Алғыс хатын табыстады.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар