
Апталық ақпаратқа көз салсақ...
Өткен аптада облыс аумағында жедел кезекшілік бойынша 38 төтенше жағдайлар және оқиғалар тіркелді. Оның 4-еуі табиғи сипаттағы, 31-і техногенді сипаттағы, 3-еуі жедел ақпарат.
Облыстық департамент бөлімшелері 2-9 маусым аралығында төтенше жағдай орындарына 304 рет шақыртуға шықты. Мәселен, өрт сөндіру бөлімшелері 267 рет: өртке – 29, жану оқиғаларына – 227, авариялық-құтқару жұмыстарына – 5, басқа да түрлі сипаттағы оқиғаларға 6 рет шықты.
Нәтижесінде 1 адам құтқарылып, 15 адам, оның ішінде 4 бала басқа орындарға көшірілді. Жедел-құтқару жасағы авариялық-құтқару жұмыстарына 37 рет шығып, нәтижесінде 3 бала құтқарылды. Апта ішінде «Қазгидромет» РМК-ның филиалынан 7 дауылды ескерту келіп түсіп, облыс тұрғындарын хабардар ету үшін ұялы байланыс операторларына 13 СМС-хабарлама жіберілді. 101 және 112 желісіне жалпы 8673 қоңырау түсті, оның 765-і жедел сипаттағы қоңырау болды.
Қызыл жалын жедел сөндірілді
Тараз қаласының Абай даңғылы бойында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы пәтерде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.
Өрт сөндірушілердің күшімен пәтердегі қызыл жалын толық сөндірілді. Баспалдақтар арқылы 1 адам құтқарылып, 15 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ. Облыс орталығында орын алған тағы бір өрт жедел сөндірілді. Қаланың жеке тұрғын үй ауласында 400 түк (шамамен 8 тонна) шөп жиналған бастырма отқа оранып, жалын көрші шөп сақтайтын орынға тарала бастады. Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілердің жедел және үйлесімді әрекетінің арқасында тілсіз жаудың таралуы дер кезінде тоқтатылып, өрт толықтай сөндірілді.
Жақында Жуалы ауданында «Алматы – Ташкент» автожолының 553-шақырымында жолаушылар автобусы өртенді. Өрт сөндірушілер келген кезде автобус тұрақта тұрған, алайда от көлік құралын тез шарпыған. Өрт сөндірушілердің жедел іс-қимылының арқасында қызыл жалын толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер болған жоқ, барлық 40 жолаушы жолай өтіп бара жатқан көлікпен жөнелтілді.
Осылайша құтқарушылардың үйлесімді әрекеттері қайғылы жағдайдың алдын алуға және жолдың қарқынды бөлігінде қауіпті жоюға мүмкіндік берді. Төтенше жағдайлар департаменті өрт немесе кез келген төтенше жағдай туындаған кезде 101 немесе 112 нөміріне шұғыл хабарласу қажеттігін ескертеді.
Профилактикалық іс-шаралар өтуде
Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жаз мезгілінде тұрғындар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды белсенді түрде жалғастыруда.
Осы орайда басқарма мамандары тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігі, судағы жүріс-тұрыс ережелері, сондай-ақ балалардың терезеден құлауы жағдайларын болдырмау тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе электр құрылғыларын пайдалану ережелері, тұрмыста қауіпсіздік шараларын сақтау және кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігіне ерекше назар аударылуда.
Сонымен қатар қаланың түрлі аумақтарындағы су айдындары маңында «Судағы қауіпсіздік» акциясы аясында үгіт насихат жұмыстары жүргізілуде. Демалушыларға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін еске салып, рұқсат етілмеген орындарда суға түсу мен мас күйде шомылудың қауіптілігі түсіндірілуде. Қауіпсіздік ережелерін сақтау – ересектер мен балалардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың басты кепілі.
Сауда үйіндегі түнгі тактикалық жаттығу
Жуалы ауданының орталығы – Б.Момышұлы ауылындағы «Универсам» сауда үйінде түнгі өрт-тактикалық оқу жаттығуы өтті.
Оқу-жаттығу жоспары бойынша өрт ғимараттың оңтүстік-шығыс беткейінде электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан. Шартты өрттің аумағы 150 шаршы метрді құрады. Киім-кешектің жануы салдарынан өрт жылдам тарап, бүкіл ғимаратты шарпыған. Оқиға орнына №7 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары жедел жетті. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы мен екі жауынгерлік бөлімше құрылып, бір газ-түтіннен қорғау буыны жұмыс істеді.
Жалпы алғанда бөлім мен өзара іс-қимыл қызметтерінен 5 техника мен 16 қызметкер жұмылдырылды. Шартты өрт қысқа мерзімде сөндіріліп, оқу-жаттығу соңында сауда үйі қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қауіпсіздік сабағының берері мол
«Мөлдір бұлақ» балалар лагерінде судағы қауіпсіздікке арналған оқыту шарасы өтті.
Қызыл Жарты Ай және «Жастар рухы» бірлестігінің еріктілері төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге шұғыл көмек көрсету және суға батқан адамды құтқару тәсілдерінен шеберлік сабағын ұйымдастырды. Балалар құтқару құралдарымен танысып, құтқару шеңберлері, жейделер мен алғашқы көмек қобдишаларын қолданып көрді. Олардың алған білімдерін бекіту үшін түрлі ойындар, эстафеталар мен байқаулар өткізілді.
Қатысушыларға су айдынындағы қауіпсіздік ережелері туралы пайдалы ақпаратқа QR коды бар сыйлықтар табысталды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді