«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Батыр жандар арамызда жүр...

Батыр жандар арамызда жүр...
Ашық дереккөз
Әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі әрі бірегейі өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығы екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Бұл салаға кез-келген жан жүрегі дауалап, жұмысқа орналаса бермейтіндігі де жасырын емес. Әйтсе де өзгенің өмірін құтқару жолында өз өмірін қатерге тігетін батыл жандарсыз азаматтық қорғау саласын елестету әсте мүмкін емес.

Бейбіт күннің батырлары жайлы сөз қозғау қашан да үлкен мәртебе. Бүгінгі кейіпкеріміз – қызыл жалынның ішінен ыстықтан әбден ісініп, жарылуға шақ тұрған екі газ баллонын қауіпсіз жерге алып шығып, қауіп-қатердің алдын алған батыр жігіт. Оқиға былайша өрбіген. 18 мамыр күні түс ауа Жамбыл ауданының Қостөбе ауылы маңындағы мал базары аумағында орналасқан асханадан өрт шығып, қызыл жалын асхана маңындағы қи-қоқыстарды шарпыған. Шақырту орнына жедел жеткен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары аталған өртті сөндіру жұмыстарына кіріскен.

Дәл осы өрт оқиғасында өзге әріптестерімен бірге өрт сөндіру жұмыстарын атқарып жүрген Тараз қаласы №1 мемлекеттік өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Асылбек Жапсарбай асхана ішінен 50 литрлік екі газ баллонын сыртқа алып шығып, тез арада салқындатып, жарылыс қаупінің алдын алған. Ал көлемі 80 шаршы метрді құраған қызыл жалын құтқарушылардың күшімен жарты сағаттың ішінде ауыздықталған.

Аға өрт сөндіруші-құтқарушы Асылбек Байдосұлы Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылында дүниеге келген. Тараз қаласындағы «Парасат» колледжін тәмамдаған соң әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеген. Ал азаматтық қорғау органында 2017 жылдан бері қызмет атқаруда. Әріптестерінің айтуынша, Асылбек қызметке кіріскен алғашқы күннен антына берік болып, адал қызмет атқарып жүрген құтқарушылардың алдыңғы сапында келеді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар