
Қазақы менталитетімізге сай дәрігерді жынысқа бөлу дұрыс емес. Көп жағдайда халық арасында ер гинекологқа, уролог-практолог әйел дәрігерге қаралмай, ұялып жататын оқиғалар аз емес. Босануға келген жас аналар еркек гинекологтан қашқалақтап, уақыт өткізіп алатын жағдайлар да бар. Тіпті «ауруын жасырған өледінің» керін келтіріп, ерлер жағы практолог әйел дәрігерге көрінуді де ұят санайды. Дәрігер – ол маман. Оған тек дәрігер деп қана қарау керек.
– Жас ер гинекологты көргенде әйел адамдар ұялып қалады. Бізде «ұят» деген ұғым бар. Солай екен деп ер дәрігерлерден қашудың керегі жоқ. Гинеколог – әйелдің жыныс ағзалары ауруларын диагностикалаумен, емдеу мен профилактикалаумен айналысатын дәрігер. Маған маман ретінде қараңыздар. Ауруды асқындырмау керек. Дәрігерлік саланы енді бастаған кезімде жасы егде тартқан аналар менен үрке қарайтын. «Өзі жап-жас, өзі ер дәрігер» деп айналып қашатын. Қазір цифрлық технологияның заманы, білімді адамдардың дәуірі. Дәрігерді жынысқа бөлмей, тек сол саланың маманы ретінде қарауларыңызды сұраймын. Күніне 30 сәби дүние есігін ашады. Бірі – табиғи жолмен туылса, біріне кесір тілігі арқылы ота жасалады. Он жылда қаншама баланың кіндік әкесі атаныппын. Араға екі-үш жыл салып босанатын аналар кейде өздері іздеп келеді. «Сіздің қолыңыз жеңіл, сіз босандырыңызшы» деп өтінеді. Бүгінде медицина дамыған. Босандырудың бірнеше түрі бар. Кереуетте босана ма, жоқ арнайы босану креслосында ма, ана оны өзі таңдайды. Қазақта «Аяғы ауыр әйелдің бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» деп бекерге айтпаған. Әрбір босанғалы тұрған ананың денсаулығына алаңдаймыз. Қасында болуға, барынша жеңіл босануына жағдай жасаймыз, – дейді ол.
Әрбір сөзі байыпты, мақалдатып, шешен сөйлейтін дәрігердің әкесі Сатылған Биғабыл бағдары айқын басылым «Халық тәлімі» газетінде қызмет еткен ардагер журналист екен. Ал анасы Марияш Биғабылова бүкіл ғұмырын медицинаға арнаған зейнеттегі дәрігер, терапевт. Анасының жолын қуған ұлдың үйіндегі жары да ақ халатты абзал жан. Жан- жары Марал Молдабекова – балалар невропатологы. Екеуі де С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетінің түлегі. Дидар кейін хирургия мамандығы бойынша оқып, артынша акушер-гинекология саласын тәмамдапты.
– Екі дәрігерден құралған жұп жақсы жанұя болып кете алады екен. 2013 жылы қол ұстасып, шаңырақ құрдық. 4 бала тәрбиелеп отырмыз. Бір-біріміздің кезекшілік ауысымымызды, қызметімізді түсінеміз. Бір-бірімізді бағалаймыз. Уақытымызды жоғалтып, ұрысқа жол бермейміз. Қазақша айтқанда, ыммен-ақ ұғысамыз. Біздің отбасыда айқай-шуға, артық сөзге орын жоқ. Дәрігердің жұмысы ауыр екенін айтпай ақ түсінеміз, қолдаймыз. Дәл қазіргі күндері мен еңбек демалысындамын. Демалып отырып та жұмысымды сағынамын. Бала шыр етіп өмірге келгенде қатты қуанамын. Сауапты жұмыс істеп жатырмын деп ойлаймын. Ананың толғағы, сәбидің өмірге келеріндегі сәт, өте аз қас-қағым сәт болса да ұзаққа созылады, – дейді Дидар дәрігер.
Дидар Әбдірамбай босандырудан кейінгі асқынуларды болдырмаумен күресетін, әйелдердің жеңіл босануын қамтамасыз ететін дәрігер. Кейде кесір тілігімен де босандырып жатады. Мамандық таңдауда да, жар таңдауда да қателеспеген Дидар Гиппократ антына адалмын дейді. Аналардың дені сау бала әкелуіне себепші. Акушер-гинекологтың қаншама жылғы қызметінде естен кетпестей бір қызықты жағдай болыпты. Оны өзі езу тарта отырып айтып берді.
– Әлі күнге күліп еске аламын. Бірде жас ана босанды. Босану залында баланың шаранасымен бірге туғанын көрдік. Яғни мұндай жағдай жиі бола бермейді. Әдетте бала туылады, сосын барып сыртқа шарана шығады. Бұл жолы сәби шаранасымен бірге шықты. Қазақта да, орыста да ырымдап жақсыға балап жатамыз ғой. «О, нәресте көйлекпен туылды! Қорғанышы мықты болады, бір әулие бала болмақ!» деп қуанып айтып қалдық. Түстен кейін телефонымды қайдан алғаны белгісіз, әлгі жас ана қоңыраулатып: «Бағана босанғанымда бала көйлекпен туылды деп едіңіз. Сол көйлегін алсам бола ма?» деп тұр. Не күлерімді, не жыларымды білмедім. Жаңа босанған ананың өзі де бала екен ғой. Кейін барып түсіндірдім. Алайда ұжым болып әлгі күнге осыны еске алып күлеміз, – дейді Дидар Сатылғанұлы.
Дәрігер мен емделуші әйелдер арасында көзге көрінбейтін сенім бар. Әйелдердің жыныс ауруларына бейжай қарамайтын дәрігер бүгінгі күні босанғаннан кейінгі болатын асқынулармен күресуде. Әйел баласының гигиенаны қатаң сақтап, алты айда бір гинекологқа көрініп тұруын ескертті. Арты жаман ауруға әкелмес үшін, ай сайынғы етеккірден бастап, ауырсыну сезімі болған жағдайда тез арада дәрігерге көріну қажеттігін айтуда. Күнделікті күйбең тіршіліктің ырқымен жүре бермей, қыз балалардың өз денсаулықтарына мұқият болуын баса айтты.
Миома, эрозия, жатыр мойнының қатерлі ісігі ауруларына алып келмес үшін, гинеколог дәрігердің қарауында болып тұруды қайта-қайта айтудан жалықпады. Әйел адам отбасының ұйытқысы, әрі берекесі емес пе? Шын мәнінде әйел-ана бақытты әрі сау болғанда ғана оның жан-жағы, отбасы, балалары, ері, туыстары да бақытты болады. Әйел күлсе, әлем күледі. Қадірлі қыз-келіншектер гинекологиялық тексерістерден өтіп, сынамалар тапсырып, өз денсаулықтарыңызды күтіңіздер!
Аяулым РАХЫМБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді