«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әрбір сайлау – БАҚ назарында

Әрбір сайлау –  БАҚ назарында
Автор
Жалпы, кез келген елде сайлау өткізу – сол мемлекетте маңызды саяси және әлеуметтік экономикалық реформаларды жемісті іске асыруға жол ашатыны анық. Сондай-ақ саяси науқанды кезекті немесе кезектен тыс өткізуге ұмтылу – әлемдік тәжірибеде бар. Тек әрбір сайлау мемлекеттің ұлттық заңнамалары мен халықаралық нормаларға сәйкес келуі тиіс. Ал барлық саяси науқанның еркін, ашық және әділ өтуінде бұқаралық ақпарат құралдары маңызды рөл атқарады. Осы себепті, бүгінде барлық мемлекетте БАҚ-тың рөлі мен ережелерін реттейтін заңнамалар базасы жетілдірілуде. Сонымен қатар өркениетті елдердің басым көпшілігі сөз бостандығы мен ақпарат тарату мәселесін қамтамасыз етуге құлық танытып келеді.

Дəл сол секілді біздің елде де сайлауалды насихат жұмыстарын жүргізуде əрі сайлау өткізу процесінде баспасөз белсенді жұмыс істейді. Кеше аумақтық сайлау комиссиясының осы жылға арналған жұмыс жоспары негізінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысындағы бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардың рөлі туралы» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Семинарға облыс əкімі аппаратының жетекшісі Лесбек Ілебаев, облыстық ақпарат жəне қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, сондай-ақ облыстық аумақтық сайлау комиссиясының толық құрамы, қалалық жəне аудандық аумақтық сайлау комиссияларының өкілеттігін кəсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын мүшелері, облыс əкімі аппараты мен облыстық прокуратураның өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі Уəкілдің облыс бойынша өкілі, облыс əкімдігінің ақпарат жəне қоғамдық даму, жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, облыс əкімі аппаратының бухгалтерлік есеп бөлімінің басшылары, аудан əкімдерінің орынбасарлары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жергілікті деңгейдегі газеттердің бас редакторлары қатысты.

Семинар-тренингті облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, қатысушыларды бағдарламамен таныстырды. Ол өз сөзінде сайлау науқаны кезеңіндегі ақпараттандыру жұмыстарына, оның ішінде, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардың рөліне тоқталып өтті. Жалпы, аталған семинарда бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар саласына енгізілген жаңашылдықтар, жергілікті атқарушы органның сайлау процесін даярлау барысындағы ұйымдастыру жұмыстары, сайлаушыларды ақпараттандыру жұмыстарын ұйымдастыру, әлеуметтік медиа маркетингтегі трендтерді сайлау саласында қолдану, үгіт насихат кезеңі мен дауыс беру күнгі БАҚ пен онлайн-платформаны қолданушылардың жауапкершілігі, мүгедектігі бар азаматтардың сайлауға қатысуын ұйымдастыру кезіндегі БАҚ пен онлайн-платформаларды тарту жұмыстары, сондай-ақ ақпарат кеңістігі мен сайлаудағы цифрлық мүмкіндіктер жан-жақты талқыланды.

Сонымен қатар сайлау науқандарын өткізуге қаралған бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат ұсыну, тіркеу және кандидаттардың құжаттарын заң талаптарына сәйкестігін тексерудегі өзекті мәселелер сараланды. Басқосуда облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, облыстық прокуратура өкілі өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің облыс бойынша өкілі Е.Қуанышев, «Aulieata-media» серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы және «Шерхан Мұртаза атындағы Баспасөз үйі (өңірлік коммуникациялар қызметі)» мекемесінің басшысы Алмат Садуақас баяндама жасады. Облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлының айтуынша, сайлау процесін үйлестіру мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметі базасында ақпараттық үгіт-насихат штабы құрылған.

Нәтижесінде, штаб құрамы қажеттілігіне қарай үгіт-насихат, талдау және креатив топтарына бөлінген. Бұл топтардың негізгі міндеті – сайлау процесінің құқықтық негіздерін, заңнамалық шектеулерді, тыйымдарды түсіндіру, желілік кесте негізінде аймақтық медиа-жоспарды әзірлеп, іске асыру. Бұдан өзге жалпы медиа кеңістіктегі ақпараттық жұмыстарды атқару, сыртқы жарнама құралдарын реттеу, наразылық тудыруы ықтимал оқиғалар мен сыни жарияланымдарды анықтау.

Сондай-ақ сайлау науқаны барысына талдау жүргізу және қоғамда жағымды көңіл-күй қалыптастыру Сайлау науқанын ұйымдастырудың бастапқы кезеңдерінде сайлаудың заңдылығын нығайтуға баса назар аудара отырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл тұрғыда сайлаудың маңыздылығын көпшілік қауымға жеткізуге ерекше мән беру керек. Ал дауыс беруге дайындық кезінде сайлау комиссияларының жұмысын БАҚ-та және өзінің ақпараттық арналары арқылы белсенді және ашық жариялау қажет.

Осыған байланысты ақпараттық науқанды ұйымдастырудың негізгі тәсілдері, яғни практикалық қолдануға сайлаудың заңдылығын және олардың қоғамдық танылуын қамтамасыз ету үшін сайлауды ұйымдастыру кезінде заңдылық пен ашықтық қағидаттарын сақтауға аудиторияның назарын ерекше аудару, бақылаушылардың құқықтарын сақтауды және олармен сайлау комиссияларының белсенді өзара іс-қимылын кеңінен көрсету ұсынылады.

Халықаралық бақылаушылар миссияларының сайлау процесіне қатысуы, сондай-ақ олардың мемлекеттің сайлауға дайындығын оң бағалауы туралы ақпаратты тарату маңызды, – деді басқарма басшысы. Ал үш бірдей облыстық газет пен ақпараттық порталды және контент орталығын біріктіріп отырған «Aulieata-media» холдингінің бас директоры Данияр Асқарұлының айтуынша, осы күнге дейін өткен әрбір саяси науқанда өңірдің ақпарат саласы «сапалы әрі шынайы, ашық әрі әділ» қағидатына негізделіп келді.

Оның сөзінше, журналистер қауымы ең алғашқы бюллетень жәшікке түскеннен бастап, дауыс беру құқығына ие болған азамат пен ең қарт қазақстандықты да назардан тыс қалдырмай, саяси науқанның атмосферасын көпшілікке қаз-қалпында беруге күш салып жүр.

– Кез келген сайлау науқаны халықтың, мемлекеттің әуелгі болашағы үшін жүзеге асса, бұқарамен бір қазанда қайнаған журналистер қауымы үшін бұл кәсіби міндет қана емес, сонымен қатар өмірлік ұстаным, қастерлі қағида. Заман талабына сай сайлау үдерісі жыл сайын жаңарып, өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде. Қазір көптеген дәстүрлі әдістер бірте-бірте өзінің өміршеңдігін жоюда. Дәстүрлі әдістерге балама ретінде көпшілікке ыңғайлы, оңай әрі жылдам құралдар ұсынуда. Осы ретте өңірдің басты ақпарат айдыны саналатын «Aulieata-media» серіктестігіне қарасты ғасыр шежіресіне айналған облыстық «Aq jol», «Знамя труда», «Ar-Ai» жастар газеттері мен республикалық деңгейде хабар тарататын «Jambylinfo» ақпараттық порталы өңірдегі мемлекеттік маңызға ие барлық деңгейдегі сайлау науқанын ақпараттандыру мен кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарына барынша қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе 2024 жылы серіктестік жанынан құрылған «Контент орталығы» өткен жылдың төртінші тоқсанында өткен АЭС құрылысына қатысты жалпыхалықтық референдумда әрбір сайлау учаскесінен жедел ақпарат таратты. Жалпы, өңірдің айшықты оқиғасын сапалы әрі жедел түрде көпшілік назарына ұсыну – уақыт талабы. Ал оқырман сұранысын өтеу – кәсіби тұрғыда біздің басты парызымыз, – деді Д.Асқарұлы.

Мұнан соң семинарға қатысушылар сайлау науқаны барысында туындаған сұрақтарды практикалық тұрғыда талқылады. Басқосу соңында пленарлық бөлімнің жұмысы мен секциялық жұмыстан алған біліктілікті нақтылау мақсатында сауалнама жүргізілді. Жиынды қорытындылаған облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сайлау процесіне белсенді атсалысқан бірқатар азаматтарды арнайы марапаттады.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар