«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мейірімділік пен ізгіліктің жаршысы

Мейірімділік пен ізгіліктің жаршысы
Юрий Ким
Елімізде маусым айының əр үшінші жексенбісі – Медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Десе де, денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашанда дайын тұратын дəрігерлерді əрдайым дəріптеген жөн секілді. Өйткені күні-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз жұмысқа жегіліп, тығырықтан шығар жол іздеп, кез келген қауіпті дерттің емін табуға бар білімі мен білігін, күш-жігерін салатын дəрігерлердің талпынысы дəтке қуат.

Демек, адамзаттың амандығына жауапты медицина саласының мамандары қандай мəртебе мен марапатқа болсын лайық. Ал соған сəйкес құрмет көрсету – əрбіріміздің азаматтық борышымыз. Осы ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында мемлекет тарапынан дəрігерлер мен медицина қызметкерлеріне тиісті қолдау көрсетілуі шын қуантады.

Кеше Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында денсаулық сақтау саласының мамандарына арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты жиында алғаш болып сөз алған облыс əкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров сала қызметкерлерін кəсіби мерекелерімен құттықтап, адам өмірін арашалаудағы қажырлы еңбектері мен қалтқысыз қызметтері үшін алғысын білдірді. Ол өз сөзінде дəрігерлердің жанқиярлық еңбектері əрдайым зор құрметке лайық екенін атап өтті.

– Халық денсаулығын сақтау мен нығайту – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Дені сау ұлт – елдің жарқын болашағының кепілі. Осы жолда сіздер үлкен еңбек сіңіріп келесіздер. Мемлекет басшысының бастамасымен денсаулық сақтау саласын жетілдіруге бағытталған бірқатар стратегиялық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады. Біз денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру үшін озық технологиялар мен заманауи медициналық тəжірибені ұштастыра отырып, халыққа көрсетілетін көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз. Бастысы, қоғамдағы игілікті істеріңіз əрдайым жемісті бола берсін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Нұржан Сəбитұлы.

Бұдан кейін өңірдің денсаулық сақтау саласына үлес қосқан бірқатар азаматтар Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ өзге де ақ халаттыларға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірімізде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысанның құрылысы жүргізілсе, Меркі, Шу және Талас аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар құрылып үлгерді. Ал Байзақ, Қордай мен Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, сондай-ақ Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда.

Бұдан бөлек Тараз қаласында 400 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана мен жедел медициналық жәрдем стансасын салу көзделуде. Жалпы, 2025 жылға медициналық емдеу мен алдын алу ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға қазынадан 6 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Сонымен қатар «Жасанды интеллект» көмегімен радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жүйесіне 3,6 миллиард теңге бөлінген.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар