
Оның мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында, қара домалақтардың ортасында өсуі сеп болған.
«Бала кезімнен нағашы ата-әжемнің қолында тәрбиелендім. Ал нағашы атам – қазақ болған. Оның үстіне ауылдың балаларымен тай-құлындай тебісіп өстік қой. Асық ойнап, ләңгі тебетінбіз. Мектепті қазақша оқып бітірдім. Мұсылманмын, Аллаға шүкір, Құранды да оқи аламын. Сондықтан жүзім басқа болғанымен жаным қазақ. Тіпті, орыс тіліне шорқақпын», – дейді Андрей.
Оның мемлекеттік тілге деген шексіз құрметі бізді де сүйсіндірді. Андрей Игоревичтың асабалық өнерінен басқа қырлары да аз емес. Ол осы кезге дейін бірнеше отандық телехикаяларға, фильмдерге де түсіп үлгерген. Ең алғаш рет бала кезінде эпизодтық рөлге түсіпті.
«Ауылда бір телехикаяның түсірілімі болып жатқан. Сол жобаға жауапты кісілер ауылда қазақ тіліне судай орыс бала барын естіп, мені түсірілім алаңына алып келді. Сөйтіп алғаш рет киноға түскенім бар. Кейінірек «Кейкі мерген», «Қаламгер», «Егіз ғұмыр», «Өмір иірімі» телехикаяларында эпизодтық рөлдерді сомдадым», – дейді ол.
Ал кейіпкеріміздің той басқарып жүргеніне екі жылға жуықтапты.
«Асабалық кәсіпке ойламаған жерден келдім», – дейді өзі.
«Таныстарымның бірі осы іс сенің қолыңнан келеді деп, той басқарып көруге кеңес берді. Алғаш рет бір кісінің 60 жасқа толған мерейтойын басқардым. Басында қалай өтеді екен, қонақтарға ұнай ма, деген секілді қобалжу болды. Бірақ, бәрі ойдағыдай өтіп, той иелерінен алған алғыс сенімімді арттыра түсті. Осы тұста айта кететін нәрсе, тойдың жақсы өтуі тек асабаға ғана емес, қонақтарға тікелей байланысты. Кейде бір әзіл айтсам, оны әр тойда әрқалай қабылдап жатады», – дейді асаба.
Асаба Андрейді танымайтын халық оның қазақ тілінде сөздің майын тамызып тұрып сөйлегенін көргенде таңырқап қалатыны шындық. Дастархан басына жиналған жұртты аузына қаратып, олардың ризашылығын алып жүрген той басқарушы жігіт Қордай ауданынан бөлек, облысымыздың өзге аудандарында, Түркістан, Алматы қалаларында да той тізгінін ұстайды. Жүрегі қазақ деп соққан 34 жасар Андрей Булгаков еліміздің әрбір тұрғыны ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді білуі және құрметтеуі тиіс деп санайды.
Сол себепті өзінің қыздарын да қазақ сыныбына берген. Андрейдің қыздары да қазақшаны жетік меңгеріп, еліміздің ертеңі үшін абыроймен қызмет ете беретіні анық. Қалай айтсақ та, кейбір өз тілінен жеріген «шұбар тілді» азаматтарға Андрей де, оның қыздары да үлгі.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
журналист.
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Жарты ғасырлық белеске жеткен әскери бөлім
- 19 маусым, 2025
Тактикалық медицинаның талабы жоғары
- 19 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді