
– Мұхамеджан Оразбайұлы, туған жерге қош келдіңіз. Тұсауы кесілгелі отырған кітабыңызды «Енді айтуға болады...» деп атапсыз. Неге? Бұрынырақ айтуға болмады ма? Кітапта жалпы не қамтылады?
– Ердің жасы елуге келдік. Жаспен, тәжірибемен, уақытпен пісетін ойлар, оқиғалар бар. Сондықтан «Енді айтуға болады» деп атадым. Құпия кездесулер, бейресми жиындарда жүрдік. Патшамен дастарқандас боп, пақырмен сырластық. Шендімен шер тарқатып, қарақшымен сапарлас болдық. Мүфтилерден уағыз тыңдап, түрмедегілерден сұхбат алдық. Естіген, көргеніміз көп. Содан түйген, ұрпаққа керек ғибраттарды жалпы жұрт оқыса екен деп, кітап жаздық. Елдің махаббаты ерекше. Екі айда осы кітап он мыңдай оқырманын тапты. Бұл 99 пайыз бұрын еш жерде жарияланбаған, ешкімге айтылмаған ерекше оқиғалар, тарихи кездесулер, тың пікірлер мен қызықты әңгімелердің жинағы. Әр тұлғамен өзім кездесіп, өзім аузынан естіген айрықша ақыл-насихат пен эксклюзив естеліктерді осы кітаптан табуға болады. Мысалы, «Романовтар әулетінің қара шаңырағын ұстап отырған Николай ақсақал мені қай әңгімесімен таңғалдырды?» немесе «Лондондағы лорд Ахмад қазақтың болашақ тағдыры жайлы не айтты?», «Тоқаев құлағыма не деп сыбырлады немесе Машкевичтен қай жеріміз кем?» деген тақырып қызық па? Әрине, қызық! Сондықтан жұртшылық кітаптың шыққанын асыға күтті. Аллаға шүкір, шыққан бетте бестселлер боп жатыр. Елуге келдік. Ел ағасы деп сыйлайтын жастар бар. Соларға көрген-білген, сезген-түйген ғибраттарды жинап жүруші едім. Демек, «Енді айтуға болады!». Соңғы отыз жыл айтыс сахнасында да, масс-медиада да, ағартушылық бағытта жұмыс істедім. Қазақтың ішкі сыртқы мұңын, уайымын, рухани психологиялық ахуалын зерттедім. Бірге уайымдап, бірге жауап іздедім. Біраз дертін дәл тауып, біраз жүректердің тыныштығына үлес те қостық. Демек, кітап арқылы, ұлт тәрбиесінің ұстыны жайлы «Енді айтуға болады!». Тұлғалармен араластық. Димаш Ахметұлынан бастап, Мұстафа Өзтүрік, Жақсылық Үшкемпіров, бүгінгі Хабиб Нұрмағамбетовқа дейінгі мықтылармен жақын болдық. Олардың пендешілігі болса Аллаға тапсырдым, ал алар ғибрат пен үлгісі болса соны ұрпаққа жеткізгім келді. Еш уақытта ішпедім, шекпедім. Біреуге қатты ғашық болған кезім де есімде жоқ. Яғни, есім орнында, жадым жарқын, бәрі есімде. Қарапайым болса да үлгісі үлкен тұлғалар бар, сосын әлемге мәшһүр болған айтулы адамдар бар. Солардан өзім көріп, тілдескен дүниелерді оқырмандарыммен бөліссем жөн емес пе?! Сондықтан да «Енді айтуға болады!».
– Сұхбаттарыңызда бала күндерге көп сапар шегіп отырасыз. Жастай өнер жолын қуғаныңызды, алдыңыздан жақсы адамдар шығып отырғанын айтасыз. Берден Байқошқаровтың сізді бала күніңізден жетелеуі, астыңызға кеңшардың машинасын мінгізіп қоюы, Қонаевпен таныстыруы ғажап сәттер ғой. Бұл нәсіп па, сәттілік пе?
– Сәттілік деген бақ қой. Бармақтай баққа қазақ ерекше мән береді. Менің өмірімде ондай сәттер көп. Қазіргі кезеңде көп ғалымдар адам еңбекпен және жақсы қарым-қатынасымен биік нәтижелерге жетуі мүмкін дейді. Алайда орасан нәтиже, орасан табыстарға жету үшін сәттілік қажет екенін айтады. «Құдай сәтін салды» дейді қазақ. Біздің айтыста жастай жарқылдап көрінуіміздің ел Тәуелсіздігімен қатар келуі де бекер емес. Ол да Құдайдың нәсіп еткен сәттілігі. Тура сол кезеңдерде Наурыз мерекелері тойланып, қазақы құндылықтарға жұрттың мейлінше назары ауып, барынша қадір-қасиетімізді арттыратын мерекелік кештер көбейді. Сол кезде айтыскер ақындар да үлкен сұранысқа ие болды. Мінеки, біз сол қажеттіліктің бел ортасында жүрдік. Әлбетте, Берден Байқошқаров ағамыз Алматының төрінде, биліктің биік эшалонында жүрген адам ғой. Біздің кеңшар директоры болып келуі ол кісі үшін сәтсіздік болған шығар. Ал біз үшін ол кісінің біздің ауылға басшы қызметке келуі Алланың оңға бастырған шаруасы болды. Онан соң дәл сол тұста облыстық мәдениет басқармасын Әлібек Әмзеұлы, облыстық телеарнаны Елен Әлімжан секілді үлкен ұлтжанды азаматтарымыз басқарып отырды. Ол кісілердің де қамқорлығын көрдік. Әлібек, Елен ағалардың қолдауымен бар болғаны 16 жасымда «Мұхамеджанның ақ боз аты» деген деректі фильм түсірілді. Ол кейбір жасы егде тартқан кісілерге де нәсіп болмай жатқан нығымет еді. Бұл да – Алланың сәттілігі. Сол Алла берген сәттіліктерді ұстап қалуға, басқа қонған бақты сабырмен көтеріп тұруға мүмкіншілігім болды. Әр адамға Алла мүмкіншілік береді. Оны бағалай білген адам барлық салада жеңістерге жетеді. Қазақтың дана ақсақалы Дінмұхамед Қонаев атамызға 16 жасымда сәлем беріп, алдында арнау айтуым – үлкен сәттілік. Себепкер – Берден Байқошқаров.
– Республикалық діни ағартушылық бағыттағы «Асыл арна» телеарнасын ашып, ұзақ жыл басқардыңыз. Кейбір жерлестеріңіз сіздің бұл ісіңізді ұйымдастырушылығы жоғары деп қайраткерлікке балады. Ал бірқатары кінәлады. Сонша көп ақшаны қайдан тапты деді. Неге телеарна аштыңыз? Бұл қадам сізге тиімді болды ма?
– «Асыл арна» телеарнасы 17 жыл қазаққа қызмет етті. Сосын телеарна тұрғысынан қаражат салу тиімді болмағандықтан, жұмысымыздың бәрін әлеуметтік желіге көшірдік. Әлеуметтік желіде 6-7 миллион адаммен әлі де бірге жұмыс атқарып отырмыз. Бірақ жұмыс тобымыз шағын. «Асыл арна» телеарнасының жұмысынан гөрі соның төңірегіндегі дақпырт көп адамды елеңдетті. Қазіргі уақытта істің өзі бар және сол жайында әңгіме бар. Өкінішке қарай, қазір адамның өзінен гөрі оның төңірегіндегі әңгімеге көбірек сенетін уақытта өмір сүріп жатырмыз. Әйтпесе телеарна ашу деген мемлекеттің қадағалауымен, қаншама құзырлы орындардың тексеруіменен, қаншама аузы дуалы адамдардың батасымен ашылатын дүние екені бесенеден белгілі. Сондай дүниені Аллаға шүкір 20 жылға жуық жүргіздік. Адам бір нәрсеге ниеттенсе және өзінің миссиясын айқындаса, принципінен қайтпаса үлкен іске қаржы табу, жеңіске жету негізгі мәселе емес. Адам кәсіпке немесе үлкен жобаға қаржы табуы үшін екі үлкен шарт керек. Адам өзінің миссиясын айқындау керек және сол жолда табандылық танытуы керек. «Асыл арнаның» бір ғана жақсы әсерін айтайын. Осы телеарнадан діни ағартушылық, рухани бағытта халыққа пайда келтіретін журналистер шоғыры өсіп шықты. Олар қазір көптеген сайт, телеарна, ұжымдарға абыройлы жұмыс атқарып жүр. Қаншама техникалық мамандар өсіп шықты. Қаншама қажылыққа апаратын фирмаларда гид болып жүрген жігіттер бар. Рухани халыққа пайда беріп ұстаз болып жүрген ұлдар мен қыздар жетіліп шықты. Ол да қазақ руханиятына тигізген пайдамыз деп есептеймін.
– Қазір көптеген ашық сұхбаттар беріп жүрсіз. Журналистер үнемі сізді кінәлап сұрақтар қояды. Сізде ала алмай жүрген өші бардай көрінеді. Қисық-қыңыр сұрақтардың қойылуына не себеп деп ойлайсыз?
– Мен ашық сұхбаттан қашпайтын адаммын. Қандай шулы орта болса да, өткір сұрақтарға жауап бергенді жақсы көремін. Мүмкін оған айтыскер ақын болғандығым да көмектесетін шығар. Менімен болатын сұрақ- жауаптар кейде сұхбаттан гөрі тергеуге ұқсап кетеді. Бірақ оқасы жоқ, ол сұрақтарға да жауап беріп жатырмыз. Медиа – биография деген дүние қазіргі уақытта алдыңғы қатарға шықты. Яғни, бұрындары адамдар көбіне өзінің алған білімімен өмір сүретін. Немесе өзінің тегі арқылы алдыға жылжып отыратын. Адам өзінің жүрегіне сеніп, түйсігі арқылы шешімдер қабылдайтын. Өкінішке қарай, әлеуметтанушы ғалымдардың дәлелдеуі бойынша көптеген адамдар қазір естіген ақпараты бойынша өмір сүріп жатыр. Күнделікті естіген ақпаратының тұтқынына айналған адам көп. Маған қойылатын сұрақтардың табиғаты да сұрақ қоюшы адамның қоғамда тараған ақпараттың тұтқынына айналғанын көрсетеді. «Мұхамеджан пәленше екен. Ойбай, Мұхамежан түгенше екен» деген сөздерге сенгендіктен, сол бағытта сұрақ қояды. Бірақ менің бетім ашық, ізім таза болғандықтан, ешкімнің сұрағына тайсалмастан жауап беріп жүрмін. Оның негізгі себебі – тазалық. Қазақта «Арыстанның өзінен оның ақырғаны қорқыныштырақ» дейді. Сол сияқты адамның өз болмысынан гөрі айналасындағы әңгіме елге ерекше естіліп тұрған уақыт. Сондықтан мен сыни сұрақтан, жабылып жатқан жаладан қорықпаймын. Оған байланысты қарым-қатынасымды іштей өзім шешіп алғанмын. Мысалы, кешегі Пайғамбарлар мен әулиелердің, кеше ғана өмірден өткен Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тілендиев сияқты адамдардың да сыртынан қаншама сөздер борап жүрді. Қазір олар қайда, олар жайлы айтылған сөздер қайда? Сондықтан біздің ісіміз әуелі Аллаға жағып, халыққа пайдалы болса – жеңіс сол. Біз жайлы айтылған сөздер де уақыттың желімен қалып кетеді деп білемін. Қазақты өсірмей, көсегесін көгертпей отырған дүниенің өзі бір бірінен бәле іздеу, өсек пен ғайбатқа келгенде алдына жан салмау. Басқа нәрсе қолынан келмесе де аяқтан шала алатын, шұқылап кемшілігіңді іздейтін адамдар біздің қоғамда өте көп.
– Сұхбаттарыңызда ізгі қасиеттер жайлы көп айтасыз. Әкеден жас қалғаныңызды еске аласыз. Қазіргі таңда қоғамда әке-шешесін тыңдай бермейтін жастар аз емес. Сіз дінтанушы ретінде дін тұрғысынан да жақсы хабардарсыз. Баланың ата-ана алдындағы парызы қандай? Ата-анасына перзенттері қандай қамқорлық көрсетуі тиіс?
– Ата-анамен қарым-қатынасқа байланысты көптеген семинарлар өткізіп, лекция оқып жүрмін. Себебі біздің қоғамда баласынан қызық көргісі келетін ата-ана өте көп. Өкінішке қарай, көбісінің мұңы мен сыры ішінде. Ата-анаға жақсылық жасағысы келетін адамдардың өзі кемеліне келтіріп жасай алмай жүр. Себебі неде? Біз өз ой-қиялымыздағы жақсылықты жасадық деп ойлаймыз. Ол ата-анамызға керек жақсылық па, ата-анамыздың жүрегін қуантатын жақсылық па? Соған көп ой жүгірте бермейміз. Мәселен, менің бірқатар достарым ата - анасын қуантқысы келсе, өзінен әлсіздеу бауырларына көбірек көмектеседі. Сол кезде әкесі де, анасы да қуанады. Анасын қуантқысы келсе нағашыларына жәрдемдеседі. Анасы оған ерекше қуанады. Сол сияқты біз ата-анамызды қуантқымыз келсе, мүмкін біздің дұрыс жүріп, дұрыс тұрғанымыз оларға ең маңызды сыйлық шығар. Әке шеше үшін ең үлкен атақ пен абырой «Мына балаң жақсы» деген сөзді есту. «Анау жігіт сенің балаң ба? Өткенде мынандай жақсылығын көрдім. Қандай ізетті бала тәрбиелегенсің» десе, ол ата ана үшін орден мен медальдан артық сыйлық.
– Қажылық сапары – сауапты сапар екені даусыз. Алайда сіз қажылыққа кемі 15 мәрте бардыңыз. Қайта-қайта бару маңызды ма? Бұл ісіңізді де теріс жағынан түсінгендерге не айтасыз?
Қажылыққа жиі баруымыздың сыры ол жұмысымызға қатысты нәрсе ғой. Мысалға, мен діни телеарнаны басқарғандықтан, сол бағыттағы іс-шараларға көбірек қатыстым. Мысалы, спорт журналистері әлем чемпионаттарына, Олимпиадаларға үнемі барады. Олардан «Неге сен Олимпиадаға бара бересің?» деп сұрай алмаймыз. Себебі оның кәсіби мамандығы сол. Сондықтан діни телеарнаға жетекші кезімде сол елдің ақпарат министрлігінің шақыруымен қажылықтың ақпаратын жүргізуге баратынбыз. Ол жағдай сол уақытта атқарған кәсіби жұмысымызға байланысты болды.
– Жасырыны бар, жариясы бар көптеген қайырымдылық жасайсыз. Оны сіз ешкімге мақтанып та айтпайсыз. Артынан естіп, риза болып жүреміз. Мәселен, Тараз қаласынан Алматыға қоныс аударарда өз үйіңізді қолдауды қажет ететін бір ерекше жанға сыйға беріп кетіпсіз. Сол азаматша қазіргі таңда мәслихаттың депутаты. Мұны қайырымыңыздың қайырлы болғаны деп ойлайсыз ба?
– Қайырымдылық деген дүние қай уақытта да маңызды. Оның жасырын жасалатын, жария орындалатын түрлері көп. «Егер қайырымдылық қоғамда көп жасалып жатса, оны жасырын жасаған абзал» деген ғалымдардың сөзі бар. Адамның жүрегі де тыныш, артық сөздерден де аман болады. Сауабы да мейлінше көп болады дейді. Бірақ қоғамда ізгілік тарқамай, қатыгездік көбейіп, көмектесу азайып бара жатса, онда қайырымдылықты жария жасағанның сауабы мол екені айтылады. Себебі елге үлгі көрсетіп, көп адамдарға ой салып, түрткі болу үшін. Сондықтан біз де шамамыз келгенше дініміз үйреткен тәлім, үлкендерден көрген үлгіміз бойынша жақсылық жасап жүруге тырысамыз. Кейде жасырын, кейде Алланың қалауымен жария болып кетіп жатады. Бізге берілген Алланың ырзығынан мұсылманның баласы пайда көрсе екен деген ізгі ниеттеміз. Бірақ кімге қандай көмек бере алдық, кімді қуанта алдық, оның негізгі есебі қияметте, Алланың алдында шығады. Алла бізді қолдап, кейбір жақсылықтарды алдымыздан шығарып қояды. Сіз айтқан қарындасымыздың бүгінгі жетістігі қуантады. Әрқашан еңбегі жана берсін.
– Сізді сырт мемлекетте жүр деп айыптап жүргендер бар. Түркиямен жиі байланыстырады. Жалпы, сіз қай жақта тұрып жатырсыз?
– Темір құрсаулы КСРО кезінде мамандар жолдамамен барып, бір жерде 35-40 жыл жұмыс істеп, зейнетке шығып жататын. Ал қазір әлем ашылды. Сондықтан ел танитын біз түгілі, кез келген адам әлемнің түкпірінде тұрып, жұмыс жасауға мүмкіндігі бар. Оған астар берудің қажеті жоқ. Мен еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін шетелге ең бірінші болып шыққан қазақтардың бірімін. 1991-1992 жылдары Түркияға бардық. Одан кейін Иранға сапар шектік. Әлем қазақтарымен жүздестік. Әлі күнге дейін солай аралап жүрміз. Мен көп елдерде тұрып көрдім. Әлі де тұрып көргім келеді. Дубайда бір ай тұрып көремін. Малазияда екі ай, Стамбулға барып жарты жыл тұрып қайтамын. Мүмкіншілігіме қарай әлемді аралап жүріп жұмыс істегім келеді. Оның үстіне қазір жұмыстың көбісі интернет арқылы онлайн режимде жүргізілетін болғандықтан, ол нәрсе жеңілдеді. Мысалға, менің ешкім танымайтын құдашаларым 7-8 жылдан бері Кореяда тұрып, жұмыс істеп жатыр. Қаржылық табысы аздау інілерім Америкаға барып, жүк көліктерін жүргізіп жүр. Сондықтан біреудің шетелге жиі шығуы, шетелде тұрып жұмыс істеуі деген «Япырмай, бұл қалай болды?» дейтіндей дүние емес. Керісінше, ақша табу үшін де шетелге шығу керек. Шетелден өз еліңе ақша әкеліп кіргізгенге не жетсін! Қазір адамдар туралы кең ойлайтын уақыт деп ойлаймын. Себебі әлем ашылып кетті. Сондықтан әлемнен үйрену керек. Әлемнің түрлі ғылыми жаңалықтарын еліңе алып келу керек. Одан қашпау қажет. Сондықтан мен екі ай Алматыда жүрсем, бір ай шетелге барып қайтамын. Негізі, Алматы қаласында тұрақты тұрып жатырмын.
– Қазір нақты не жұмыспен айналысып жүрсіз?
– Қазір мен өте көп жобалармен айналысып жүрмін. Тіптен, уақытым жоқ деп айтуға болады. Біріншіден, менің негізгі жұмыстарым әлеуметтік желіде. «Енді айтуға болады» деген подкаст ашқанмын. Соны түсіріп жатырмын. «Енді айтуға болады» дегеннен басқа бірқатар кітап жазып шықтым. Қазір сол кітаптың маркетингтік қырларын дамытып жатырмын. Семинарлар беремін. Қазір шетелде көптеген қазақ қандастарымыз тұрады. Солар мені отбасылық құндылықтар туралы кеңес беруімді мақұлдап, лекция оқуымды қалап шақырады. Әлемнің түпкір түпкірінен шақырады. Ол жұмыс па, жұмыс! Әрі елге пайдам тиеді, әрі қаржы табамын. Мұның бәрі адамның өтімділігіне байланысты. Мәселен, жақында Оңтүстік Кореяға барып келдім. Ол жақта 40 мың қазақ жұмыс істеп жатыр. Солар мені екі апта жібермей, лекция оқытып, кеңес алды. Сол сияқты мен Америкадан, Еуропадан, Біріккен Араб Әмірлігінен дегендей, жан-жақтан тапсырыс аламын. Кейде соларға барып, лекция оқып қайтуға уақыт мұрша бермей жатады.
– Айтыс әлеміндегі ұстазыңыз – Айтмұханбет Исақов. Ұстазыңызбен байланысыңыз қандай? Жалпы, айтыскерге ұстаз не үшін керек дейтіндер бар. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Айтыстағы ең бірінші кәсіби ұстазым Айтмұханбет Исақов ағам. Ол кісі жай ғана ұстазым емес, рухани әкем сияқты болған адам. Партаға отырғызып оқытатын мұғалім көп шығар. Айт-аға мені қасына ертіп, той-жиындарға қатыстырып жүріп тәрбиелеген ұстазым. Ол кісінің маған бергені көп болды. Қарым-қатынасымыз өте жақсы. Былтыр 60 жылдығын бірге тойлап, шамам келгенше құрмет көрсетіп, темір тұлпар сыйладым. Айт ағаның шәкірті жалғыз мен емес. Жас буынға ұстаз керек. Ұстазым ұзақ жасап, өзге де шәкріттерінен жақсылық көре берсін демекпін.
– Туған мекеніңіз – Байзақ ауданы, Шахан ауылы. Ол ауылдан Қасқырбай Нарбатыр, Әзімбек Жанқұлиев деген ақындар да шыққан. Туған жерге аттың басын бұрып тұрасыз ба? Туған ауылыңызға жақсы естелік қалдыру, тарту жасау жоспарыңызда бар ма?
– Туған жерім Мойынқұмның жиегі, Байзақ ауданы, Шахан ауылы. Шынында ол ауылдан Әзімбек Жанқұлиев, Қасқырбай Нарбатыр секілді ақындар шыққаны рас. Тіпті бала күнімізден әйгілі Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың ізі қалғанын да естіп өстік. Сондықтан сондай мықтылардың мектебінен тәрбиеленіп шыққандықтан шығар, әлі күнге дейін ақындығымыз да бәсеңдемей, жұрттың алдындағы жауапкершілігіміз де мойнымыздан бір сәт түскен жоқ. Айтысқа бет бұруыма түрткі болған Әзімбек Жанқұлиев ағам. Бірақ ол кісінің ұстаз болып қасына ертіп жүруге мүмкіншілігі болмады. Әзекең Тараз қаласында тұрды. Есейе келе Қасқырбай Нарбатыр ағама ілесіп жүрдік. Үйіне қона жатып, талай ғибратын алып, әңгімесін тыңдадық. Одан бөлек біздің ауылдан Қошан Зарлиев деген ақын, жырау азамат шыққан. Сол кісінің қасында көп ілесіп жүрдім, көп жанашырлығын көрдім. Ол кісіден жігіттік жігер, ағалық қамқорлық көрдім. Шамам келгенше ауыл мектебіне көмектесіп тұрамыз. Ауылдың өсіп-өнуіне қол ұшын созып тұрамыз. Ертеректе ауылыма мешіт салып бергенбіз. Ол қазір де жұмыс істеп тұр. Ауылда жақын туысымнан ешкім жоқ. Сондықтан жиі мойын бұра алмай жатырмын. Бірақ ең көп сағынатыным, түсіме жиі кіретін нәрсе ауылымдағы балалық шағым өткен өз үйім. Шахан ауылының көшелері, ауыл адамдары, түзу шыққан түтіні әлемнің қай жерінде жүрсем де сағындырады. Жаратқаннан ауылыма жақсылық тілеп жүремін. Алла туған жерімде тұрып жатқан әр шаңыраққа берекесін берсін!
– Әсерлі әңгімеңізге көп рақмет.
Әңгімелескен Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Табысты тасыған Талас
- 7 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді