«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан»

«Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан»
Юрий Ким
Облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи мәдени кешенінде «Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан» атты ХІІ Өңірлік Азаматтық форумы өтті. Маңызы зор жиында еліміздің түкпір-түкпірінен келген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, қоғам белсенділері және мемлекеттік құрылым өкілдері бас қосты. Екі күнге ұласқан басқосу барысында жиналғандар өзара тәжірибе алмасып, жаңа бастамалар көтерді. Сондай-ақ форумның күн тәртібінде азаматтық сектордағы түйткілді мәселелер талқыланды.

Форум аясында бірінші күні үш секциялық кездесу ұйымдастырылса, алғашқы секцияда «Цифрлық азаматтық белсенділік және оның тұрақты дамуы: Үкіметтік емес ұйымдар тиімділігін арттыру үшін big Data және жасанды интеллект құралдарын пайдалану» тақырыбында сөз қозғалды. Бұл бағытта «Жамбыл облысы Жастар мәслихаты» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Намелбек «Komek AI» жобасы аясында big data мен жасанды интеллект құралдарының үкіметтік емес ұйымдар жұмысындағы тиімділігін арттыруға қосатын үлесі жөнінде баяндама жасады. Ал «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Әйгерім Каримова және аталған орталықтың департамент басшысы Алихан Шакенов «Мемлекеттік гранттық қаржыландыру бойынша мемлекеттік органдарға арналған оқыту» тақырыбы аясында туындаған сауалдарға жауап беріп, нақты ұсыныстарын жеткізді.

КІТАП ОҚУ ЖОБАСЫ КӨПТІҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН ТУДЫРДЫ

Сондай-ақ бұл күні форумның екінші секциясында инклюзивтілік пен теңдік, соның ішінде осал топтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл бөлімді модератор ретінде «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Ұлттық Құрылтай мүшесі Айгерім Дәулетбаева жүргізді. Секция барысында «Шапағат» оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Шынаркүл Женсікбаева (Қызылорда облысы), «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанат Түлемісова (Жетісу облысы), «ZHAMBYL-BOCHCHA федерациясы» мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің өкілі Меруерт Ерсай, «Шапағат» қоғамдық қорының директоры Севара Нурматова, «Қазақ соқырлар қоғамы» Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Гүлнұр Нурмашева және «В мире тишины» мүгедектер қоғамдық қорының төрағасының міндетін атқарушы Алмаш Ибрагимова өз ойларын ортаға салып, қолдауды қажет ететін азаматтар үшін нақты жағдай жасау жолдарын ұсынды. Ал үшінші секцияда үкіметтік емес ұйымдарды еңбек нарығының жаңа талаптарына бейімдеу мәселесі көтерілді.

Бұл кездесуде «Kitap Qurttary» кітап клубының жетекшісі Талғат Меңдібай (Қызылорда облысы) және Ұлттық Құрылтай мүшесі Дания Қыдырбаева сөз сөйлеп, үкіметтік емес ұйымдардың болашағы мен салаға жастарды тартудың жаңа тетіктерін ұсынды. Форумның алғашқы күнінің соңында үкіметтік емес ұйымдарға қатысты заңнама мен нормативтік-құқықтық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қаралды.

Бұл ретте Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева және «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанат Түлемісова заңнамалық базаны жетілдіру мен үкіметтік емес ұйымдардың құқықтық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша өз пікірлерін білдірді.

Шығыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы және азаматтық альянстың жетекшісі Аяужан Тұрсынбекқызы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасына зор қызығушылық танытқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – болашақ үшін өте маңызды жобаның бірі.

– Сіздерде бар дүниелерді біздің жақта да жүзеге асырғымыз келеді. Мәселен, «Анаға тағзым» орталығы қандай тамаша?!. Облыс басшылығының өңірде отбасы институтын нығайтуға қаражат бөліп, жағдай жасағаны өте тамаша мүмкіндік. Жалпы, Әулиеата жеріндегі ғимараттар көрікті әдемі екен. Сонымен қатар мұндағы ескерткіштер көздің жауын алады. Көне шаһардағы сәулет пен архитектураға, мәдени нысандарға өте тәнтімін. Жалпы, үкіметтік емес ұйымдар саласында жұмыс істегеніме 20 жылға жуықтады. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы – қоғамдық кеңестердің Отаны, – деді А.Тұрсынбекқызы.

ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫС НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Сәрсенбі күні «Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан» өңірлік форумының пленарлық отырысы өтті. Шараны «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Исламбек Дастан жүргізіп отырды. Айта кетейік, алты жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауының негізінде біздің елде азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы бекітілді.

Аталған жиында осынау маңызды құжаттың 2026-2030 жылдарға арналған кезеңін жүзеге асыру бойынша ұстанымдар талқыға түсті. Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, бұл шараның маңыздылығына айрықша тоқталып өтті. Ол өз сөзінде қоғам құндылығын қалыптастыратын басты бағдарға айналған «Адал еңбек – Адал азамат – Адал табыс» ұғымдарын бойға сіңіруде азаматтық қоғам институттарының, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар, кәсіби сарапшылар мен қоғамдық бірлестіктердің рөлі орасан зор екенін жеткізді. Бастысы, өңірде азаматтық қоғаммен байланыс жүйелі түрде алға қарай ілгерілеп келеді.

– Он екінші Азаматтық форумы Жетісу өңірінен кейін екінші болып біздің Жамбыл жерінде өтіп отыр. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев әділеттілік, ашықтық және қоғаммен кері байланысты өзінің саяси бағытының негізгі өзегі ретінде белгіледі. Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – біздің күнделікті жұмысымыздағы негізгі ұстаным. Бүгінде облыста 1 494 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, оның 1 100-і іс жүзінде жұмыс істейді. Сонымен қатар аймағымызда 75 этно-мәдени, 11 конфессиядан тұратын 41 діни бірлестік және 7 саяси партияның өңірлік филиалы бар. Бұл институттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси өміріне айтарлықтай үлес қосып отыр. Биыл облысымыздағы 195 мүшеден тұратын 12 қоғамдық кеңестің құрамы толығымен жаңартылып, жастардың үлесі 12,4 пайызды құрап отыр. Бұл – азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқаруға белсенді араласуының айғағы. Жамбыл облысында үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық аясында әлеуметтік маңызы бар бағыттарға басымдық берілуде. Азаматтық секторды қолдау мақсатында жыл сайын 1 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінеді.Осы жылы жалпы саны 140-тан астам жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бүгінгі форумда біз Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру бойынша ұсынымдарды әзірлеп, форум аясында көтерілген әрбір бастаманы мұқият қарайтын боламыз. Бүгінгі форумда айтылатын әрбір ұсыныс-пікір назардан тыс қалмайды, – деді Серік Жақсылықұлы.

Сондай-ақ шарада «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева сөз алып, 2022 жылдан бері қор тарапынан Жамбыл жеріне 6 миллиард 692 миллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін жеткізді. Оның айтуынша, өңірімізде денсаулық сақтау саласында 3,4 миллиард теңгеге 9, ал білім саласында 2 миллиард 590 миллионға 6 ірі жоба іске асырылуда екен.

«Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, әрбір аудан орталығындағы тірек мектептеріне арналған жоба жасаймыз. Жоба аясында бас-аяғы 7 мектепке 250 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтарды алып береміз. Мұнан соң үш жыл бойы Назарбаев зияткерлік мектептерінің өкілдері аталған білім ошақтарындағы тәрбиеленушілерді оқытады. Бұдан бөлек 190 миллион теңгеден астам қаражатқа осы облыстағы ерекше балаларға арналған 4 арнайы мектепті құрал-жабдықпен қамтамасыз еттік. Сондай-ақ ауылдық елді мекендердегі 20 мектепке робототехника кабинеттерін жабдықтап, мұғалімдерді оқыттық. Осы ретте біз жергілікті әкімдіктерге балаларды робототехникаға баулитын ұстаздардың жалақысына 0,25 бірлік болса да қосылсын деген ұсыныс айттық. Өйткені кез келген мұғалім бір-екі рет тегін білім бергенімен, өмір бойы жалақысыз жұмыс істемейтіні анық», – деді Ләззат Алтынбекқызы.

Ал Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиеваның сөзінше, ең әуелі ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру қажет. Сонда ғана шалғай елді мекендердегі көптеген қауымдастықтардың жұмыс деңгейін көтеруге болады. Бұл ретте 20 жыл бұрын құрылған Азаматтық Альянсы ұйымы лайықты қолдау көрсетуге дайын.

Форум соңында бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының Алғыс хаты табысталды. Бұдан бөлек бұл күні үздік әлеуметтік жобалар аясында жамбылдық үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері де марапатқа ие болды. Бастысы, қатысушылар азаматтық қоғамның дамуына серпін беретін бастамаларды қолдап, алдағы уақытта да бірігіп жұмыс істеуге ниетті екендіктерін жеткізді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар