«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таразда азаматтық қоғам өкілдеріне арналған ауқымды форум өтті

Таразда азаматтық қоғам өкілдеріне арналған ауқымды форум өтті
Алтынбек Қартабай
«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде азаматтық қоғам өкілдеріне арналған «Мықты қоғам - Қуатты Қазақстан» XII өңірлік форумы өтті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Ауқымды іс-шара еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтық сектор саласындағы тәжірибелі мамандардың басын қосты. Екі күнге жоспарланған форуымға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының өкілдері және әртүрлі деңгейдегі халық қалаулылары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Форумның бірінші күні үш секциялық кездесу ұйымдастырылды. Бірінші секцияда цифрлық азаматтық белсенділік және оның тұрақты дамуы тақырыбы қозғалды. Бұл бағытта «Жамбыл облысы Жастар мәслихаты» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Намелбек сөз сөйлеп, «Komek AI» жобасы аясында big data мен жасанды интеллект құралдарының ҮЕҰ жұмысындағы тиімділігін арттыруға қосып жатқан үлесі туралы ауқымды баяндама жасады.

Мемлекеттік гранттық қаржыландыру бойынша түсіндіру және мемлекеттік органдармен тиімді жұмыс жүргізу мәселелері бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Әйгерім Каримова және осы орталықтың департамент басшысы Алихан Шакенов қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, нақты ұсыныстар айтты.

Екінші секцияда инклюзивтілік пен теңдік, соның ішінде осал топтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы мәселелері талқыланды. Бұл бөлімді модератор ретінде «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Ұлттық Құрылтай мүшесі Айгерім Дәулетбаева жүргізді. Секция барысында «Шапағат» оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Шынаркүл Женсікбаева (Қызылорда облысы), «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанат Түлемісова (Жетісу облысы), «ZHAMBYL-BOCHCHA федерациясы» мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің өкілі Меруерт Ерсай, «Шапағат» қоғамдық қорының директоры Севара Нурматова, «Қазақ соқырлар қоғамы» Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Гүлнұр Нурмашева және «В мире тишины» мүгедектер қоғамдық қорының төрағасының міндетін атқарушы Алмаш Ибрагимова өз ойларын ортаға салып, қолдауды қажет ететін азаматтар үшін нақты жағдай жасау жолдарын ұсынды.

Үшінші секцияда үкіметтік емес ұйымдарды еңбек нарығының жаңа талаптарына бейімдеу мәселесі көтерілді. Бұл кездесуде «Kitap Qurttary» кітап клубының жетекшісі Талғат Меңдібай (Қызылорда облысы) және ҚР Ұлттық Құрылтайының мүшесі Дания Қыдырбаева сөз сөйлеп, ҮЕҰ-ның болашағы мен салаға жастарды тартудың жаңа тетіктерін ұсынды.

Ал, форумның екінші күні Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының 2-кезеңін іске асыру бойынша ұсынымдар әзірлеуге арналған конференциядан басталды. Шараны «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Исламбек Дастанұлы жүргізіп отырды.

Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, аталған шараның маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.

– Он екінші Азаматтық форумы Жетісу өңірінен кейін екінші болып біздің Жамбыл жерінде өтіп отыр. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әділеттілік, ашықтық және қоғаммен кері байланысты өзінің саяси бағытының негізгі өзегі ретінде белгіледі. Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы — біздің күнделікті жұмысымыздағы негізгі ұстаным. Ал,«Адал еңбек – Адал азамат – Адал табыс» қоғам құндылығын қалыптастыратын басты бағдар. Бұл бағыттаазаматтық қоғам институттарының, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар, кәсіби сарапшылар мен қоғамдық бірлестіктердің рөлі орасан зор. Біздің өңірде азаматтық қоғаммен байланыс жүйелі түрде алға қарай ілгерлеп келеді. Бүгінде облыста 1494 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, оның 1100 іс жүзінде жұмыс істейді. 

Сонымен қатар аймағымызда 75 этно-мәдени, 11 конфессиядан тұратын 41 діни бірлестік және 7 саяси партияның өңірлік филиалы бар. Бұл институттар өңірдің әлеуметтік - экономикалық, мәдени және саяси өміріне айтарлықтай үлес қосып отыр. Биыл облысымыздағы 195 мүшеден тұратын 12 қоғамдық кеңестің құрамы 100%  жаңартылып, жастардың үлесі 12,4%-ды құрап отыр (24 адам). Бұл – азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқаруға белсенді араласуының айғағы. Жамбыл облысында үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық аясында әлеуметтік маңызы бар бағыттарға басымдық берілуде. Азаматтық секторды қолдау мақсатында жыл сайын 1 миллиардтан астам теңге мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінеді. Ағымдағы жылы жалпы саны 140 тан астам жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жалпы бюджетінің шашамен 76,4%-ы (948 222,5 мың теңге) халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталса (арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, инватакси, оқыту қызметі, ымдау тілі маманының қызметі және тағы да басқасы қарастырылған). Қалған 23,6%-ы (292 906,4 мың теңге) білім, денсаулық, тіл, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, діни сауаттылық, нашақорлықтың алдын алу, жастар саясаты, отбасы құндылықтары және басқа да салалардағы мақсаттарға қол жеткізуге арналған жобалар, — деді Серік Жақсылықұлы өз сөзінде. 

Сондай-ақ, шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова арнайы қатысты. Мұнымен қатар Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиева, PhD, Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры Қайыржан Әбдіхалықов жиында сөз алып, аталған құжаттың мән-маңызын елеп-екшеп, көпшілікпен талқы жүргізді.

Екі күнге созылған форумның қоырытынды кезеңінде облыстың әлеуметтік-экомикалық дамуына үлес қосқан азаматтық қоғам өкілдері облыс әкімінің және Қазақстан Азаматтық Альянсының Құрмет және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Айта кетейік, азаматтық форум шеңберінде "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Үлгілі ауылындағы азаматтық бастамаларды дамыту мақсатында 4 500 000 теңге көлемінде мемлекеттік емес әлеуметтік грант бөлуге арналған байқау жариялады. 

Жоба аясында кемінде 50 тұрғынның қатысуымен қоғамдық пікірталас ұйымдастырылып, ауылдағы нақты бір әлеуметтік мәселені шешуге бағытталған бастама таңдалады. Бұл, мысалы, қоғамдық демалыс орны не балалар алаңын абаттандыру жобасы болуы мүмкін. Жоба нәтижесінде жүзеге асырылған нысан кейін жергілікті атқарушы органның балансына беріледі.

Сонымен қатар кемінде 30 белсенді тұрғынға арналған арнайы оқыту бағдарламасы жүргізіледі. Бұл шара азаматтық бастамаларды әзірлеу және жүзеге асыру бойынша қатысушылардың білімін арттыруға бағытталған. Жалпы жобаның іске асырылу мерзімі үш айдан кем болмауы тиіс және 2025 жылдың 30 қарашасына дейін аяқталуы қажет.

Ұқсас жаңалықтар