«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Aulieata-media» холдингінің құрылғанына – 5 жыл

«Aulieata-media» холдингінің құрылғанына – 5 жыл
Алтынбек Қартабай
Осыдан тура бес жыл бұрын, яғни 2020 жылдың 10 маусым күні Жамбыл өңірінің ақпарат айдыны бір арнаға тоғысып, «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылған болатын.

Серіктестіктің құрамына ғасыр шежіресіне айналған облыстық «Aq jol», «Знамя труда» және жамбылдық жастардың ортақ үні саналатын «Ar-Ai» жастар газеттері кірді. Үлкен ақпараттық құрылымның алғаш болып тізгінін білікті медиа-менеджер, белгілі журналист Нұрбек Бекен ұстады.

Өңір тілшілерін бір шаңырық астына біріктіру, сеніміді әрі дәйекті ақпарат көзін қалыптастыру механизімі өзінің оң шешімі мен тиімді тетігін жыл өткен сайын дәләлдей түсті.

Бес жылдық бедерге зер салсақ, Нұрбек Мұхаметқалиұлы тұсында серкітестік құрамы «Jambylinfo» ақпараттық порталымен толығып, үш басылымның да әлеуметтік желілері де бір жолға қойылды. Тиісінше тілшілер оқиға орнынан шұғыл ақпарат таратуға көшті.

Араға екі жыл салып, 9 маусым күні белгілі журналист Оралхан Дәуіт «AulieataMedia» ЖШС-нің Бас директоры болып тағайындалды. Оралхан Әбдірашұлының тұсында да серіктестіктің қаржылық әлеуеті артып, 10-нан астам медиахолдинг маманы «Әулиета жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында баспаналы болды. Сондай-ақ, облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысөзімен «Ғасыр шежіресі» атты жылнамалар жинағы жарық көрді.

Осылайша 2023 жылдың желтоқсан айында серіктестіктің қазіргі Бас директоры Данияр Асқарұлы тағайындалды. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, марқұм Бердібек Сапарбаевтың мектебінен өтіп, сол тұстағы облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен қазіргі аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтың баспасөз қызметіне жетекшілік еткен білікті маман серіктестік жұмысына тың жаңашылдықтар алып келді. Былтырғы жылы серіктестік жанынан Цифрлық контент орталығы құрылды. Оқырманның оң бағасын алған тәжірибені барлық аудандар іске асырып, жергілікті ақпараттық орталықтар ашты.

Сонымен қатар өткен жылдан бастап республикалық деңгейде ақпарат таратуға көшкен «Jambylinfo» порталы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «ҮРКЕР» – 2024 ұлттық бәйгесінің номинанты атанды. Сондай-ақ, серіктестіктің техникалық базасы жаңарып, газеттің тиражы артты. Басты жаңалықтың бірі – жуырда серіктестікке қарасты республикалық «Tekturmas» журналы қалың оқырманға жол тартты.

Айта кетейік, биыл жамбылдық жастардың ортақ үні мен жалын қуатының көрінісіне айналған «Ar-Ai» жастар газетінің 20 жылдық мерейтойы атап өтіледі.

Ұқсас жаңалықтар