«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұстаздығы – үлгі, батырлығы – өнеге

Ұстаздығы – үлгі, батырлығы – өнеге
Автор
«1932 жыл адамзат тарихындағы ірі оқиғаның орын алған кезі. Күнкөріс жолындағы адамдардың басына түскен қайғыны 8 жасар кезімде өз көзіммен көрдім. Аспан асты, жер үстінде тіршіліктің тамыры үзілгендей. Киіз үйлер босап, қаңырап жатты. Бүкіл халықтың басына төнген нәубет өмірден біраз адамды өзімен бірге алып кетті. Мойынқұм жерінде балық аулап күнелтіп жүрген халық та қажыған. Халық саны күрт азайып, ел арасында жұқпалы індет те тараса керек-ті. Қайта өкімет қамқорлық жасап, балаларды орталықтағы интернатқа оқуға алып кетіп жатты». Бұл – әкемнің сөзі. Ұлы Отан соғысында жеңіс жолында жанын шүберекке түйіп айқасқан жауынгерлердің қатары сиреуі өкінішті. Солардың бірі менің әкем – Әуесбек Бекболатов болатын.

Бұл оқиғаны айтуға аштықтың зардабын татқандардың жүрегі дауалай бермейді. Менің әкем Әуесбек те 8 жасында интернатқа оқуға барғандардың бірі еді. 1924 жылы дүниеге келген әкемнің балалық шағы баянды болмағаны анық. Ол 7 жылдық мектеп-интернатты үздік бітіріп, Мойынқұм ауданы, (бұрынғы «Қоқи» кеңшары) туған жеріне қайта оралады. Бұл кезде елдің тұрмысы тіктеліп қалған. Сөйтіп колхозда жұмыс істеп жүргенде соғыс басталады.

1942 жылы ауылдағы мұғалімге де соғысқа шақырту келіп, ол да ауылдағы жігіттермен майданға аттана бастайды. Дәл осы шақта аудандық білім бөлімінің басшысы колхоз басшысынан оқыған, білімі бар азаматтарды сұрастырыпты. Сонда колхоз басшысы әкем Әуесбекті көрсетіпті. Осыдан кейін екі колхоздың бастауыш сыныптарын біріктіріп, ауылдағы мектептің меңгерушісі әрі мұғалімі етіп 17 жасар бозбаланы тағайындайды.

1943 жылдың ақпанында әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Алдымен Омбы қаласында алты айлық оқу-жаттығудан өтіп, сержант шенін алады. Артынша жеті сегіз адам болып, Ресейдің Нижный Тагил қаласында 19-шы полктің танкистер дайындайтын екінші батальонына қабылданып, «командир орудия» қызметіне тағайындалады.

«Командир орудия» деген танктің ішіндегі зеңбірек атушы сарбаз. Сонда майдан даласында танкте жүріп соғысқа кірген қазақ балалары да некен-саяқ болған. Ол кездерді әкем де кейін еске алып айтқаны бар.

– Нижный Тагил қаласына келгенде, майданға шығатын күннің жақын екенін білдім. Бір күні танктің ішінде зеңбірек ататын сарбаздардың барлығын жинап сапқа тұрғызды. Кілең орыстың еңгезердей жастары сапты бастаған соң, мен олардың саясында қалып қойғандай болдым. Осыдан кейін танктің командирлері келіп, өздеріне бір-бір баладан бөліп әкетіп жатты. Ең соңғы болып мен қалдым. Бір кезде алып денелі, салмақты аға лейтенант Дедов дейтін кісі «пойдем» деп танк жаққа алып кетті. Көп ұзамай атыс алаңында дайындықты пысықтайтын кез де келді. Сонда үздік нәтиже көрсетіп, аға лейтенат Дедовтың басқа командирлерге қарап мақтанғаны бар, – деп еді әкем.

Командир Дедовтың мақтағанындай-ақ, әкем соғыс жылдары қырағылығымен көзге түседі. Сондай-ақ әкем сол командирдің соғыс тактикасын шебер жүргізгенін әлі күнге дейін айтып отырады. Алдыңғы шепте жүрсе де командирдің шеберлігінің арқасында әкем отырған танктің 5 сарбазы да көп соғыстан дін-аман шығыпты. Сондай соғыстың бірінде көп танкілер өртке оранып жатқанда командир Дедов қатты жараланып, госпиталға кетеді. Сөйтіп көпке дейін сақталған құрам өзгеріп, басқа экипаж жасақталған. Ұлы Жеңіске жетуге санаулы күндер қалғанда ауыр жараланған әкеме ота жасалады. Төрт ай бойы аяғы гипспен таңылған. Германия жерінде бір қаладан екінші қалаға, госпитальден госпитальге ауыстырылып жүріп, соңында Мәскеуге таяу қаладағы ауруханаға жеткізіледі.

1946 жылдың қаңтарында балдақпен жүре алатын жағдайға жеткенде, Ұлы Отан соғысының II топтағы мүгедегі болып елге оралды. Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткені үшін «Қызыл жұлдыз», I, II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Бас қолбасшы Сталиннің атынан алынған алғыс хат», «Маршал Жуков», «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Жеңіске 20,30,40,50,55,60, 65,70 жыл», «Ерен еңбегі үшін В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «СССР қарулы күштеріне 60,70 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Әрине, майдан даласында замандастарының оққа ұшқанын көру де оңай емес, Кеңес әскерінің жеңіске жеткенін көрмей кеткен сарбаздардың өзі қаншама? Ұлы Отан соғысы сол үшін де майдан даласынан оралған күрескерлердің өмірінде өшпес із қалдырған. Сөйтіп майдан даласынан оралып ауылға келсе, апамыз әкемнің мұғалім болып жүргендегі қаулысын сандықтың түбіне сақтап қойыпты. Сол арқылы ауылдағы «Қызылотау» бастауыш мектебіне мұғалім болып орналасады.

Ұстаздық қызметте жүріп, Жамбыл педагогикалық училищесінде (қазіргі Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі) білім алып, оны үздік түлек ретінде тәмамдайды. 1949 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына (қазіргі ҚазҰПУ) түсіп, оны 1955 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік аяқтайды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ғибратты ғұмырының 50 жылын ұстаздық қызметке арнайды. Оның 18 жылында оқу ісінің меңгерушісі, 14 жылында мектеп директоры қызметтерін атқарған. Мемлекеттік қызмет саласында қызмет еткені де бар. Ал қызметтегі жетістіктері үшін Қазақ ССР Оқу министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «СССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, сондай-ақ «Астанаға 10 жыл», «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалдарымен, «Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне 50 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталған. Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы.

Соғыс жылдарындағы жастарды сол дәуірдің тіршілігі мен майдан даласы ерте есейткен. Соғыстан кейінгі жылдарын босқа өткізбей, нақты іспен айналысқан әкем берекелі отбасын құрды. Анамыз екеуі 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, олардан 30 немере, 22 шөбере сүйді, бәрімізге жоғары білім берді. Қазіргі жастардың да бойында сондай табандылық болса, елі үшін қызмет ететін патриот жастардың қатары көбейер еді.

Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласындағы жан алысып жан беріскен жауынгерлердің отансүйгіштігі ғасырдан ғасырға жалғасып айтыла бермек. Тарих қойнауында өшпес із қалдырған батырлардың ерлігін үлгі ететін жастардың көп болуы – Мәңгілік Ел болудың кепілі екенін ұмытпайық.

 

Серікхан БЕКБОЛАТОВ,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар