«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біз жанбасақ лапылдап...

Біз жанбасақ лапылдап...
Ашық дереккөз
Бүгінгі жастар – заманауи технология мен еркін ойлаудың өкілдері. Олар білім алуға, кәсіп ашуға, әлемдік деңгейде дамуға үлкен мүмкіндікке ие. Жақсы жолды таңдап, елге пайдасын тигізіп жүрген жастар да көп. Дегенмен, жеңіл өмірге ұмтылып, уақытты босқа өткізетіндер де бар.

Бүгінгі жастар қандай? Олар – ел болашағының айқын көрінісі. Қай кезеңде болмасын, қоғамның даму деңгейі мен келешегі сол ұрпақтың білім деңгейіне, мәдениетіне, еңбекқорлығына және көзқарасына байланысты бағаланып келген. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, оның басқарушысы, білім мен ғылымның иесі, өндірістің қозғаушы күші деп айтуға болады. Сондықтан «бүгінгі жастар қандай?» деген сұрақ – жай қызығушылық емес, ұлттың болашағын айқындайтын маңызды мәселе. Уақытпен бірге ұрпақ та өзгереді, ал олардың бойындағы ортақ қасиет – қоғамға, елге пайдасын тигізу. Бұрынғы жастар қандай болған?

Өткен ғасырдың жастары қиын кезеңді бастан өткерген буын. Соғыс, ашаршылық жылдары олардың бойына ерте жастан еңбекқорлық пен жауапкершілік дарытты. Олар мектеп бітірген соң бірден жұмысқа кірісіп, ата анасына қолғабыс етіп, қоғамға пайда әкелуге тырысты. Көпшілігі зауытта, егістікте, мал шаруашылығында еңбек етті. Жалақысы аз болса да, жұмысты абырой деп білді. Үлкенге құрмет көрсетіп, сөзге тоқтайтын, сыпайы әрі сабырлы мінезімен ерекшеленді.

Қарапайым тұрмыс кешсе де, барға қанағат етті. Сол буынның жастары кітап оқуды жақсы көріп, сөз өнеріне құрметпен қарады. Олар үшін басты байлық – адалдық, еңбек және үлкеннің батасын алу еді. Қазіргі жастар – жаңа технологиялар мен ақпарат тасқынының ортасында қалыптасқан буын. Олардың өмір сүру дағдысы цифрлы кеңістікпен тығыз байланысты.

Компьютер, интернет, смартфон – олардың күнделікті құралдарына айналды. Қазіргі жастар бірнеше шет тілін меңгеріп, әлем жаңалықтарынан хабардар, заманауи мамандықтарға қызығады. Жеке кәсіп ашып, стартап жобалармен айналысатын, өз идеясын бизнеске айналдыра алатын жастардың саны артып келеді. Олар шығармашылыққа жақын, ойын еркін білдіреді және жеке дамуға баса назар аударады.

 Бүгінгі жас буын бір ғана дипломмен шектеліп қалмай, түрлі онлайн курстар мен шеберлік сабақтарына қатысады, өз-өзін жан-жақты дамытуға тырысады. Бірі ғылыммен айналысып, халықаралық жарыстарда елдің атын шығарып жүрсе, өзгесі спортта, өнерде биік нәтижелерге жетіп келеді. Сонымен қатар еліміздің шетелдермен білім және тәжірибе алмасуына да белсенді атсалысып жүрген жастар аз емес. Алайда технологияның жылдам дамуы мен жеңіл ақпарат ағыны кейбір жастардың теріс бағытқа бет бұруына себеп болып отыр.

Әлеуметтік желіге тәуелділік, уақытты тек ойын сауыққа жұмсау, өмірге жеңіл қарау, білімге селқос қарау – бүгінгі қоғамда жиі кездесетін құбылыстар. Сол себепті жастардың барлығы бірдей белсенді емес. Олардың арасында мақсатсыз жүргендері, жауапкершіліктен қашатындары, білімге қызықпайтындары да бар. Бұл – қоғам болып бірлесе шешуді қажет ететін мәселе. Жалпы, қоғамда өз ойын еркін жеткізу – қазіргі жастардың басты артықшылығы.

Бұрынғы буын ойын іштей айтса, бүгінгі жас ашық сөйлейді, пікірін білдіруден қорықпайды. Бұл – демократиялық қоғамның көрінісі. Дегенмен, сөйлеу әдебі мен мәдениеті кейде назардан тыс қалып жатыр. Кейбір жастар сөз арасында орысша немесе ағылшынша сөздер қосып сөйлеуді сән көреді, тіпті жаргон, бейәдеп сөздерге де жиі жол береді. Мұның өзі ана тілімізге деген құрметтің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Солай болса да, тілді таза ұстап, көркем сөйлеуге тырысатын, сөздің мәні мен маңызына мән беретін жастар да бар.

Мәселе – осы ұстанымды көпшілікке үлгі етіп, дұрыс сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда. Қазіргі жастарға ашық мүмкіндіктер көп. Онлайн білім беру платформалары, халықаралық оқу гранттары, тәжірибелік бағдарламалар – бәрі қолжетімді. Бұл – жастардың жан-жақты дамуына таптырмас мүмкіндік. Алайда бұл Айтарым бар...

Жастар арасындағы ең өзекті мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Оны жік-жігімен ажыратар болсақ, ең бірінші толғандыратыны – грант мәселесі. Себебі, көптеген студенттер өздері қалаған мамандықтарына балл саны жетпей, төмен алып, ата-анама салмақ салмайыншы деп көзге көрінген гранттағы мамандыққа түсе салады. Оның салдары туралы тереңірек ойланбайды. Содан не керек, 4 жыл оқып біткен соң диплом да, жұмыс та жайына қалады. Тағы бір көтеретін мәселе – курс, жылдам оқудың жайы.

Қазіргі заман құр жатпайтын заман. 2-3 жұмыс артық етпейді деп жүрген жастарды жиі көресің. Әлеуметтік желілерде неше түрлі курстар сатылып жатады. Оны бәріміз де аңғарғанымыз айдан анық. Көптеген жастар сол курсты оқып алып, кәсібін дөңгелетіп жатады. Ал сондағы 4 жыл білім алған студенттер қайда қалды? Диплом құнсызданып кеткен бе? Көпшілігі оңай көрінген нәрсеге ұмтылады, тез жеңіл ақша табуды қалайды.

Жастар арасында жұмыссыздық тумас үшін замандастарыма өзің қалаған мамандыққа түс дер едім. Грант үшін керегі жоқ мамандықты оқып уақыт кетіргенше, ертең мүмкіндікті бәрі бірдей пайдалана бермейді. Көпшілік жеңіл табыс табуды, жылдам танымал болуды көздейді. Әлеуметтік желі жұлдызы болу – кейбір жастар үшін басты мақсатқа айналған. Алайда ұзақ мерзімді табыс – тек шынайы еңбектің нәтижесінде келетінін түсіну маңызды. Еңбекке деген көзқарас та өзгеріп келеді. Бұрын ауыр еңбекке дайын тұрған жастар болса, қазір жеңіл әрі жоғары табысты жұмыс іздейтіндер басым. Бұл – заман талабынан туындаған заңдылық болғанымен, еңбекке құрмет жоғалмауы керек. Рас, өмірге деген көзқарас – әр ұрпақта әртүрлі.

Бұрынғы жастар қарапайым, төзімді, сабырлы болса, қазіргі жастар мақсатшыл, белсенді, бастамашыл. Олар тез нәтижеге жеткісі келеді, арманы биік, ойы ұшқыр. Алайда кейде шыдамсыздық, нәтижеге асығу, еңбек процесінен қашу секілді мәселелер байқалып жатады. Бұл – тәрбиемен, ортамен және жеке жауапкершілікпен тікелей байланысты. Бүгінгі жастардан тек білімді ғана емес, сонымен қатар тәрбиелі, парасатты, ұлтжанды болу талап етіледі. Жастар өз болашағына жауапты екенін түсініп, еліміздің дамуына үлес қосуға тырысуы қажет. Жастар – ұлттың үні, қоғамның қозғаушы күші. Олар ана тілін құрметтеп, ұлттық құндылықтарды ұмытпай, жаңашылдық пен дәстүрді үйлестіре білгенде ғана шынайы табысқа жетеді.

Бос уақытын тиімді пайдалану, пайдалы іспен айналысу, жақсы ортада жүру – әр жасқа қажетті өмірлік қағида болуы тиіс. Әр жас күн сайын өзінен: «Мен бүгін не үйрендім? Не істедім? Қандай пайда әкелдім?» – деп сұраса, бұл оның өмірін өзгертер еді. Осы сұрақтармен жүрген жас өмірде адаспайды. Әр дәуірдің жастары өз заманына лайық өмір сүреді. Бұрынғы буын еңбекқорлығымен, төзімділігімен ерекшеленсе, қазіргі жастар жаңашылдығымен, ой еркіндігімен дараланады. Бірақ екі ұрпақты біріктіретін қасиет – елге деген адалдық пен қызмет етуге деген ұмтылыс. Бүгінгі жастың сапасы – ертеңгі елдің келбеті екенін әркім жадында ұстауы тиіс.

 

Аяулым РАХЫМБЕК

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті

Ұқсас жаңалықтар