«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ресми сайтына бір айда бір ақпарат салмаған әкімдіктер бар

Ресми сайтына бір айда бір ақпарат салмаған әкімдіктер бар
Автор
Қазір ақпарат заманы. Бүгінде барлық әкімдік, басқарма, мемлекеттік мекемелердің арнайы ресми сайттары, әлеуметтік желілерде парақшалары, тіпті өз алдына арнайы баспасөз қызметтері бар. Бірақ ол ақпарат ресурстары қалай жұмыс істеп жатыр?

Әрине, сайт, парақша ашудың пәлендей қиындығы жоқ. Сайттардың басты мақсаты – әкімдіктің күнделікті жұмысы мен тыныс тіршілігін жиі жариялап отыру болса керек. Біз бұл жолы барлық аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктерінің ресми сайттары мен фейсбук желісіндегі парақшаларының қаншалықты белсенді екеніне көз жүгіртіп шықтық. Келесі жолы басқармалар мен басқа да мемлекеттік мекемелердің ақпараттық порталдарының жұмысын сараптаймыз.

Жасыратыны жоқ, кейбір әкімдіктердің ресми сайттары мүлдем жұмыс істемейді десе де болады. Әлеуметтік желілердегі парақшалары да ұзақ уақыт жаңартылмайды. Ол қай әкімдіктер?

Шу ауданының әкімдігінің ресми сайтында соңғы мәрте Құрбан айт күні ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс кестесі туралы ақпарат салыныпты. Басқа ақпараттардың барлығы тек хабарландыру. Аудандық әкімдіктің күнделікті тіршілігінен хабар беретін бірде-бір ақпарат жоқ. Ал фейсбуктағы парақшасына соңғы мәрте 4 маусым күні Рәміздер күніне байланысты шағын ғана құттықтау салынғанымен бұл кімнің құттықтауы екені белгісіз.

Жүрекжарды сөздің авторы жоқ. Оның алдында тек 19 мамыр күні Өндіріс, Қорағаты ауылдық округтерінің әкімдері жаңадан сайланғаны туралы ақпарат тұр. Оған дейін 4 мамыр күні Халықаралық «Қызғалдақ мұра» фестивалінен ақпарат беріпті. Сонда Шу аудандық әкімдігі ресми сайтына да, фб-дағы парақшасына да екі аптада бір рет ақпарат салатын болып тұр.

Мойынқұм ауданының ресми сайтында да соңғы рет 4 маусым күні Құрбан айт күні ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс кестесі және 23-28 мамыр күндері балаларды қорғау күніне орай ата-аналар мен оқушыларға арналған тағылымды шаралар өткені туралы ақпарат берілген.

Мемлекеттік рәміздер күнін ұмытып та кеткен сияқты. Соңғы мәрте аудандық әкімдіктің фб дағы парақшасына 5 маусым күні «Келешек мектептері» жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр?» деген ақпарат қазақ-орыс тілдерінде қатар салыныпты. Дәл осы күні тағы да үш ақпарат екі тілде жарияланған. Бірақ бұл ақпараттардан ауданның тыныс-тіршілігі сезілмейді. Біреуі республикадағы жағдайды баяндаса, екеуі Байзақ ауданында өткен іс-шаралар.

Әйтеуір ештеңе таппай қолына іліккенін сала салған сияқты. 28 мамыр күні Балаларды қорғау күніне орай Тараз қалалық білім бөлімі ұйымдастырған іс шарадан видео ақпарат салынған. Жалпы, ақпараттар өте сирек салынады. Облыстың ақпарат құралдарынан бірнеше жаңалықтар, видеоақпараттар берген. Бірақ бірде-біреуінің Мойынқұм ауданына қатысы жоқ. Тек көшірме ақпараттар. Тіпті мамыр айынан күні бүгінге дейін аудандық әкімдіктің күнделікті тыныс тіршілігінен хабар беретін бірде-бір ақпарат жоқ.

Мойынқұм ауданында өткен жиыннан соңғы мәрте 29 сәуір күні «Заң және тәртіп» қағидаты аясында аудан жастарымен кездесу өткені туралы Jambyl tv арнасының ақпараты берілген. Аудандық әкімдіктің тарапынан түрлі жаңалық, хабарландыруды сайтқа анда-санда салып отырғаны болмаса өз тараптарынан ешқандай мәлімет те, ақпарат та жоқ.

Жуалы ауданының ресми сайтында соңғы мәрте Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Орталық саябақта кең ауқымды мерекелік іс-шара өткені туралы ақпарат берілген.

Бұл айдағы жалғыз ақпарат сол. Оның алдында 22 мамыр күні тағы бір ақпарат беріліпті. Сонда екі аптада екі ақпарат салынған деген сөз. Орта есеппен алғанда сайтқа әр 4-5 күнде бір ақпарат салынған. Оның 90 пайызы хабарландыру. Былайша айтқанда, әкімдік өздерінің ресми сайттарын мүлдем ұмыт қалдырған.

Ал әкімдіктің фб-дағы парақшасында біршама ілгерілеушілік бар. Күн сайын 4-5 ақпарат салып, мейлінше жаңартып отырған. Рәміздер күніне байланысты ауданда өткен іс-шаралардың видеоақпараты, аудан әкімдігі аппаратының жетекшісі Ж. Жақсылықтың төрағалығымен өткен Президенттік жастар кадр резерві бойынша кеңес отырысы, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Жуалы ауданындағы Орталық саябақта кең көлемде мерекелік іс шара ұйымдастырылғаны, «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік жұмыстары және аудан көлемінде өткен басқа да жиындардан ақпараттар берілген.

Былайша айтқанда, Жуалы ауданы әкімдігінің фб-дағы парақшасы басқаларға қарағанда көш ілгері. Ақпараттар жиі салынып, аудан әкімдігінің жұмысы көрсетіліп отырады.

Жамбыл ауданының ресми сайтында 2 маусым күні аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының тұрғындарды сұрақтарымен қабылдап, талап тілектерін тыңдағаны туралы жалғыз ақпарат тұр.

Одан бұрын аудан басшысының 26 мамырда мектеп бітірген түлектердің жиынына қатысқаны туралы ақпарат берілген. Аудандық әкімдіктің жұмысынан хабар беретін басқа ақпаратты табу қиын. Әр 4-5 күнде бір ақпарат салынып отырған. Бірақ оның барлығы дерлік хабарландырулар.

Әкімдіктің ресми сайты иесіз қалған. Ал әкімдіктің фб-дағы парақшасында Жамбыл ауданында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға арналған комиссия отырысы, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының төрағалығымен өткен аппараттық кеңес, аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбековтің төрағалығымен өткен штаб отырысы, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы тұрғындарды сұрақтарымен қабылдап, талап тілектерін тыңдағаны, құрылысты аралағаны, көпбалалы аналарды құттықтағаны туралы ақпараттар берілген. Әрине, ақпараттар сиректеу салынған. Бірақ көшірме емес. Барлығы дерлік өз ақпараттары. Аудандық әкімдікте өткен іс-шаралар туралы нақты ақпараттар берілген. Күн сайын 2-3 ақпараттан ғана салынып отырған.

Талас ауданы. Әкімдіктің ресми сайты шаң басып жатыр. Мамыр айында бір ақпарат, сәуір айында бір ақпарат салыныпты. Соңғы мәрте 5 маусым күні Талас ауданы әкімінің халықпен тұрақты кездесулерінің күнтізбесі берілген Қалған екі ақпараттың біреуі хабарландыру, біреуі жарнама.

Авиациялық қауіпсіздік бейнематериалдары деген роликтер не үшін берілгені түсініксіз. Фб-дағы парақшасында да өз ақпараттары тым аз. Соңғы мәрте Рәміздер күніне байланысты, Қаратау қаласында Халыққа қызмет көрсету орталығында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өткені, 30 мамыр күні Қаратау қаласында зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған ауқымды акция, «Талас-2025» тексеру жиындары шеңберінде әскери міндеттілермен өткізілген тактикалық-арнайы оқу-жаттығу жиыны өткені туралы видеоақпараттар берілген.

Күн сайын 1-2 ақпарат қана беріліп отырған. Оның кейбірі ауданға мүлдем қатысы жоқ. Әкімдіктің парақшасы хабарландыруға толып тұр. Пәтер алу үшін жеңілдіктер және басқа да қызметтерге байланысты берілген жарнамалар. Әкімдіктің тыныс-тіршілігінен, аудан көлемінде күнделікті өтіп жатқан жиындардан салынған ақпараттар жоқтың қасы.

Сарысу ауданы. Сарысу ауданының ресми сайтына соңғы ақпарат 2 мамыр күні салыныпты. Сол күні аудандық мәдениет үйінде «Өнеріңді туған халқыңа арна» атты 2024-2025 оқу жылының есеп беру концерті өткен екен. Осылайша, мамырда 3 ақпарат, сәуірде 4 ақпарат салынған. Әкімдік өзінің ресми сайтынан гөрі фб-дағы парақшасына көбірек көңіл бөліпті.

Парақшада ел Үкіметінің өңірлік инспекторы Е.Сәрсенбаевтың ауданға іссапармен келіп, Түркістан ауылдық округінде болып, итальян прусына қарсы химиялық өңдеу жұмыстарымен танысқаны, аудан әкімі Сәкен Мамытов Игілік, Байқадам, Жаңаталап, және Жаңаарық ауылдық округтерінде жаңа ветеринариялық құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарын бақылағаны туралы, спорт саласында жеңіске жеткен аудан мақтаныштары, мәдениет саласында өткен іс-шаралар жайында ақпараттар берілген. Былайша айтқанда, Сарысу әкімдігі тек фб-да ғана белсенді жұмыс істеуде.

Байзақ ауданы. Ресми сайтта сирек те болса аудандық әкімдікте өткен жиналыстардан ақпараттар беріліп тұрған. Бірақ фб-дағы парақшасындай белсенділік жоқ.

Ақпараттар әр 2-3 күнде салынған. Әкімдіктің фб-дағы парақшасында шыны шыңдайтын өндірістік зауыт ашылғаны, Мемлекеттік рәміздер күніне орай велошеру өткені, «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалінің жеңімпазы, Абай орта мектебінің оқушысы Інжу Тілеужанды аудан әкімі жеке қабылдап, құрмет көрсеткені, талантты оқушыға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталғаны жазылған. Бірақ бұл ақпараттардың бірде-біреуі әкімдіктің ресми сайтына салынбаған.

Қордай ауданы. Әкімдіктің ресми сайтына соңғы мәрте 30 мамыр күні ақпарат салыныпты. Онда да көшірме ақпараттар. Маусым айының алғашқы он күні өтіп жатса да, бұл айда әлі күнге бірде-бір ақпарат берілмеген. Оның алдындағы ақпарат 20 мамыр күні беріліпті. Сәуір-мамыр айларында салынған ақпараттардың барлығы Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен өткен кездесулер.

Ал әкімдіктің фб-дағы парақшасы Мойынқұм ауданы әкімдігінің парақшасымен бірдей сияқты. Екі парақшада да бір ақпараттар берілген. Құдды екі сайтты бір адам жүргізіп отырған сияқты.

Парақшада соңғы рет 4 маусым күні Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың Қордай ауданына келген іссапары жайында шағын ақпараттар берілген.

Тазалық жұмыстары, Халықаралық балаларды қорғау күніне байланысты, Қытайдан келген инвесторлар туралы, 144 отбасының баспаналы болғаны туралы ақпараттар бар. Дегенмен, сайттың жұмысы тым сылбыр. Облыстық, республикалық ақпараттарды көшіріп беруге ыңғайланып алған.

Аудан әкімдігінде өткен іс шаралар, жиындардан ақпараттар мүлдем жоқ десе де болады. Көбінесе видеосюжет арқылы шағын ақпарат бере салуға машықтанып алған.

Меркі ауданы. Бірден айту керек, әкімдіктің ресми сайтына ақпарат өте аз салынады. Соңғы ақпараттар 2 маусым күні салынса, оның алдында 28 мамыр, 19 мамыр, 8 мамыр күндері ғана салынған. Соңғы мәрте 2 маусым күні Балалар мерекесіне орай өткен іс-шара және Меркі ауданы, Жамбыл ауылында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында жаңа баспана берілгені жазылған. Бұл аудандық әкімдік те бар күшті фб-дағы парақшасына салған, тек соның жұмысын ғана жүйелеп отыр. Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жұмыс сапарымен бірқатар ауылдық округтерді аралағаны, аудан әкімінің брифингі, сол брифингке байланысты жасалған баннерлер, мерекелерге байланысты роликтер, аппараттық кеңес және басқа жиындар туралы ақпараттар берілген.

Т. Рысқұлов ауданы. Ресми сайтта 4 маусым күні аудан әкімі Ернар Есіркепов Қайыңды ауылдық округінің тұрғындарымен, 5 маусым күні Тереңөзек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізгені туралы ақпараттар берілген.

Сайтқа ақпарат өте аз салынады. 12 мамырда аппараттық кеңес өткені туралы бір ақпарат берілсе, одан кейін 20 мамырда өрт қауіпсіздігіне байланысты бір хабарландыру берілген. Сол 20-сынан кейін 4 маусымда ауылдық округтегі кездесу туралы жалғыз ақпарат берілген. Фб-дағы парақшада соңғы ақпарат бес күн бұрын салыныпты.

Тараз қаласының әкімдігінің де ресми сайтына қарағанда фб-дағы парақшасы белсендірек. Бірақ ресми сайттарында да ақпараттар жиі салынып, әкімдікте өткен жиындар жиі беріліп тұрады. Жалпы алғанда облыстағы 11 аудандық, қалалық әкімдіктердің ішінде Тараз қаласының әкімдігінің ғана ресми сайты мен парақшалары өте белсенді екенін, жүйелі түрде жұмыс істейтінін байқадық.

P.S. Қорыта айтқанда, әкімдіктер негізінен әлеуметтік желілерге ден қойып, ресми сайттарын ұмытып кеткен. Жоғарыда кейбір әкімдіктердің ресми сайттарына екі-үш апталап тіпті, бір айлап ақпараттар салынбағанын айттық.

Негізі әлеуметтік желілерге салынған жаңалықтарды ресми сайтқа да салудың қандай қиындығы бар екенін түсіне алмадық. Әсіресе Мойынқұм, Шу және Қордай аудандары ресми сайттарының да, әлеуметтік желілердегі парақшаларының жұмысы нөлге тең десе де болады. Не бұл іске арнайы бөлінген штат, маман жоқ. Не маман болса да басшылық тарапынан қадағалау жоқ.

Сайтқа ақпаратты естеріне түскен кезде ғана салады. Ресми сайттарынан ауданның тыныс-тіршілігі мүлдем сезілмейді. Әкімдік те, оған қарасты мекемелер де бәрі тым-тырыс жатқан сияқты. Ал ең үздік жұмыс – Тараз қаласы, Байзақ және Жамбыл аудандарының еншісінде.

Ресми сайттарының да, әлеуметтік желілердегі парақшаларының да жұмысын бірге жүргізіп отыр. Оған кірген адамдар аудан өмірінен әжептәуір мәліметтер ала алады. Қалған аудандардың жұмысы орташа. Барлығы дерлік әлеуметтік желілерде белсендірек, ал ресми сайттарын ұмыт қалдырған. Әрине, бұл кемшіліктер алдағы уақытта түзеледі деген сенімдеміз.

 

Оралхан ДӘУІТ

Ұқсас жаңалықтар